АҚЕРКЕ ҚЫРЫҚБАЕВА – БІЛІМ БЕРУ ІСІНІҢ ҚҰРМЕТТІ ҚЫЗМЕТКЕРІ
Астана қаласында ҚР Оқу- ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың қосымша білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтерімен кездесу өтті. Іс-шара гибридті форматта ұйымдастырылып, елдің барлық өңірлерінен офлайн және онлайн режимдерде 1800-ден астам қатысушыны қамтыды.
Кездесудің бірінші жартысында бағдарлама мотивациялық және тәжірибеге бағытталған блоктарды қамтыды, бұл қатысушыларға шабыт алып қана қоймай, кәсіби өзара іс-қимылға белсенді қатысуға мүмкіндік берді. Іс-шара TED-style форматындағы баяндамалар сериясымен ашылды, оның барысында педагогтер, ата-аналар мен оқушылар қосымша білім беру жүйесіне қатысу олардың өміріне, кәсіби дамуына және өмірлік бағыттарына қалай әсер еткенін айтып, өздерінің жеке оқиғаларымен бөлісті. Бұл шынайы әңгімелер әр баланың тұлғасын қалыптасуы мен әлеуетін ашуда қосымша білім берудің маңыздылығы мен түрлендіруші рөлін айқын көрсетті.
– Қосымша білім беруді дамыту – білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыты. Біздің міндетіміз – жай ғана жағдай жасау емес, әр бала үшін мүмкіндіктердің тұтас экожүйесін қалыптастыру. Білімді және креативті болып қана қоймай, өз тамырын терең білетін, елінің мәдениеті мен құндылықтарын құрметтейтін ұрпақты тәрбиелеу», — деп атап өтті ведомство басшысы өз сөзінде.
Кездесу соңында жоғары кәсібилік, көпжылдық еңбегі, шығармашылық және өз ісіне адалдық танытқан педагогтерге білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін марапаттар табысталды. Оның ішінде Жамбыл облысынан Тараз қаласы Оқушылар сарайының «Өрлеу» ән-саз студиясының меңгерушісі, ән-терме класының қосымша білім беру педагогі Ақерке Қырықбаева «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды.
Өз тілшіміз.