МЕКТЕП ЖАСЫНА ДЕЙІНГІ БАЛАЛАРДЫҢ ТӘРБИЕСІ – БАСТЫ НАЗАРДА
Таяуда Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының ұйымдастыруымен Тараз қаласында мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеу мен дамытуға арналған «Мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеу мен оқытуда ұлттық дамытушы ойындармен ойыншықтардың рөлі» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Мектепке дейінгі білім беру жүйесіндегі ғылыми зерттеулерді жетілдіруді және ұлттық құндылықтарды заманауи тәрбиемен ұштастыруды мақсат еткен конференция жұмысына ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Мектепке дейінгі білім беру департаментінің бас сарапшысы Барон Лада, Балаларды ерте дамыту институтының директоры Мария Ерманова бастаған салалық министрлік өкілдері мен еліміздің түкпір-түкпірінен келген ЖОО ғалымдары, педагогтер мен сала мамандары қатысты.
Басқосу барысында қатысушылар Тараз қаласы мен Жамбыл ауданындағы мемлекеттік және жекеменшік балабақшалардың, сондай-ақ Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті мен Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің шеберханаларының жұмысымен танысып, 9 түрлі тәжірибелік алаңда өзара тәжірибе алмасты. Сондай-ақ «Ойын арқылы оқыту» қағидатына сүйенген заманауи тәрбиелеу мен оқытудың жаңа тәсілдері кеңінен талқыланды. Қатысушылар тиімді педагогикалық технологияларды, ақпараттық-коммуникативтік әдістерді, педагогтердің кәсіби құзыреттіліктерін арттыру жолдарын саралады. Бұған қоса үздік авторлық бағдарламалар, инновациялық жобалар мен озық тәжірибелер ортаға салынып, бірқатар нәтижелі бастамалар назарға ұсынылды.
Педагогтердің кәсіби шеберлігін арттыру бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесінде 220 ұлттық дамытушы ойыншыққа авторлық құқық берілгені – еліміздегі мектепке дейінгі білім беру жүйесінің жетістігін айғақтайды. Сонымен қатар, 19 педагог халықаралық және республикалық байқауларда жүлделі орындарға ие болса, «Мектепке дейінгі ұйымның үздік педагогі» және «Жыл әдіскері» аталымдары бойынша 2 педагог І және ІІ орындарға лайық деп танылды. Бұдан бөлек, педагогтерге әдістемелік қолдау көрсету мақсатында youtube платформасында «Балақайлар мекені» және «Бақытты отбасы» атты арнайы арналар ашылып, жаңашыл тәжірибелермен бөлісу мүмкіндігі жасалды.
Қорыта айтқанда, аталған конференция мектепке дейінгі тәрбиенің ұлттық негізін сақтай отырып, инновациялық әдістер арқылы заманауи деңгейге көтерілуге бағытталған ауқымды қадамдардың бірі болды.
Қ.ЖАМБЫЛ,
журналист.