Ещё один сайт на WordPress

ДИРЕКТОР БОЛУҒА ЛАЙЫҚТЫ БІЛІКТІ КАДРЛАР ТАПШЫ МА?

0

Облыстық  іріктеуге қатысқан 24 үміткердің 13-і ғана сынақтан өткен

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық педагогтар сьезінде ұстаздардың қоғамдағы рөліне айрықша тоқталған болатын.
– Ахмет Байтұрсынұлы «Біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек» деген. Ұлт ұстазының бұл сөзі қашанда орынды. Білім мен ғылым – табысқа жетудің ең басты кілті. Өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие және озық білім беру – өте маңызды міндет. Сондықтан ұстаздар қауымына, яғни сіздерге зор жауапкершілік жүктеледі, – деген Президент бүгінде педагогика саласы ғылымның ең маңызды тармағының біріне айналғанын тілге тиек еткен еді.

Мемлекет басшысының бұл пікірі ұстаздарға артылар жауапкершілік жүгін одан сайын арттыратыны сөзсіз. Әсіресе бұл тұрғыда оқу ордаларының директорларына зор сенім жүктелуде. Десе де, соңғы кезде облысымызда осыған мән беруге тиіс білім ордасы басшыларының тапшылығы байқалып отыр. Айталық, жуырда Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының дерегінше, облыс бойынша 74 білім беру ұйымдары басшыларының бос орындарына конкурс жарияланған. Конкурсқа өтініш білдірген 24 үміткермен әңгімелесу отырысы өткізілген.
– Комиссия отырысының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында басқарманың «Facebook» әлеуметтік желісінде тікелей эфирде жүргізілді, дыбыс бейне жазба құралы қолданылды. Әңгімелесу қорытындысы бойынша жарияланған 74 білім беру ұйымдарының бос орын басшы лауазымына өтініш берген 24 үміткер әңгімелесуге қатысты. Нәтижесінде қағида талабына сәйкес соның 13-і сынақтан өтті, — деді басқарманың баспасөз қызметі бізге берген мәліметінде.
Әрине, бұл көрсеткіш көңілді көншітпейтіні жасырын емес. Осы ретте «көп үміткердің сынақтан сүрінуінің сыры білікті кадрлардың аздығында жатыр ма?» деген заңды сауал туындайды.
Конкурстық комиссия мүшелерінің бірі, қоғам белсендісі Қасымхан Төлендиевтің айтуынша, әңгімелесу барысында бірқатар талаптарға баса мән берілген.
– Жалпы, білім беру саласындағы уәкілетті органның қарамағындағы білім беру ұйымының бірінші басшысын лауазымға тағайындау ол тиісті бос лауазымға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келген жағдайда жүзеге асырылады. Бос тұрған басшы лауазымдары жабылып жатқанымен, директорлардың зейнетке шығуымен, басқа жұмыстарға ауысына байланысты бос лауазымдар қайта қалыптасуда. Үміткерлерге әңгімелесуден өту кезінде конкурстық комиссияның мүшелері тарапынан белгіленген қағида талабына сәйкес тақырыптық бағыттар бойынша сұрақтар қойылады. Сонымен қатар, әрбір үміткерге белгіленген қағидаларға сәйкес нысан бойынша «Мемлекеттік білім беру ұйымының бірінші басшысы лауазымына кандидатты бағалау парағы» толтырылады. Атап айтқанда, әрбір кандидаттың Қазақстан Республикасының заңнамасын білуі, жеке және кәсіби қасиеттері, білім беру ұйымының табысты дамуының практикалық көрінісі, ситуациялық міндеттерді ұтқыр, икемді шеше білу, белсенді, позитивтік педагогикалық ортаны құра білу, білім беру ұйымын басқаруда шығармашылық әлеуетті пайдалану, педагогикалық этика және сөйлеу мәдениеті тақырыптық бағыттар бойынша конкурстық комиссияның мүшелері қойған сұрақтарға жауабы ескеріледі. Отырыс барысы басқарманың «Facebook» әлеуметтік желісінде тікелей эфирде таспаланғандықтан барлығы ашық әрі әділ түрде жүргізілді, — деді Қасымхан Естемесұлы.
Бұған қатысты ардагер ұстаз, ҚР білім беру ісінің Құрметті қызметкері Есенкүл Қохаеваның өз айтары бар.
– Конкурстық іріктеуден көп үміткердің өте алмауының себебін ең әуелі сондағы комиссия мүшелерінен сұраған дұрыс болар. Бәлкім, қойылған талаптарға сәйкес болмай жатқан шығар. Сондай-ақ бұл конкурстағы сарапшылардың білім мекемелерінің басшыларының құзыреттерін қалай бағамдауларына да байланысты. Мысалы, бүгінгі уақытта бұған дейінгі кезеңдегі мектеп басшыларына қойылатын талап пен қазіргі заманауи мектеп басшыларына қойылатын талапта өзгешелік болуы мүмкін. Айталық, бұған дейін көбіне мектеп басқаруды білетін директорларды таңдасақ, қазіргі уақытта мектепті көшбасшы бола отырып, өзінің соңынан адамдарды ілестіре алатын мектептің жүгін бірге арқалайтын басшыны таңдау керек. Креслоға жайғасып, өзінің әмірін жүргізетін басшының заманы өткен. Осы тұста айта кетерлігі, бүгінде тәрбие жөніндегі орынбасарлардың пәндік білімнен гөрі, мектептегі тәрбие жұмыстарын өткізу дағдылары басым. Олар көбіне алаулатып, жалаулатып, орысша айтқанда «показуха» үшін іс-шара өткізуге шебер. Ал пәннің мазмұнына, сапасына ден қоя бермейді. Сондықтан мектептің оқу үдерісіне себін тигізетін оқу ісі жөніндегі орынбасарлардың директор болғанын өз басым құп көремін.
Қазір өзі мектеп басшыларының тапшылығы жиі байқалатын болды. Оның бір себебі – нағыз мектеп басшысы болатындар елеусіз қалады да, бірен-саран болса да тіреуі мен қолдаушысы барлар директорлық қызметке тағайындалып кетеді. Ең сорақысы – басшылыққа атақ пен абырой үшін, тіпті өз жағдайын жақсарту үшін барып жатқан адамдардың азаймай тұрғаны. Ал мұндай жағдайға жол бермес үшін аудандық, қалалық білім бөлімдері мектеп басшылығына үмітті мамандарды арнайы зерттеп, бақылап, қадағалап, оның эмоциялық, рухани, танымдық жағы сәйкес келсе конкурсқа қатыстыруға ықпал ету керек деп есептеймін. Танымал жазушы А.Чеховтың сөзі бар ғой «Мұғалімнің жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі, тіпті киген киіміне дейін әдемі болу керек» деген. Сондай-ақ бүгінгі жас мамандар М.Жұмабаевтың «Педагогика» еңбегін оқып шықса, сонда барлығы тайға таңба басқандай айқын жазылған, — деп ағынан жарылды Есенкүл Ноқрабекқызы.
Тағы бір ардагер ұстаз Қаламқас Әуелбекова бұл мәселенің бірнеше себебін атап көрсетті.
– Бүгінде еліміздегі білім беру жүйесінде үлкен өзгерістер мен жаңашылдықтар жүріп жатыр. Бұл өзгерістердің басты мақсаты – сапалы білім беруді қамтамасыз ету, мектепті дамытудың жаңа моделін қалыптастыру. Осыған байланысты мектеп директорына қойылатын талаптар да айтарлықтай күшейді. Дегенмен, өкінішке қарай мектеп директоры лауазымына үміткерлердің көпшілігі осы сынақтардан өте алмауда. Бұл – ойланатын, терең талдауды қажет ететін өзекті мәселе.
Мұғалім ретінде мен бұл жағдайдың себебін бірнеше негізгі фактормен байланыстырар едім. Біріншіден, кейбір үміткерлердің басшылық қызметке ішкі дайындығы жеткіліксіз. Олар директор болуды жай ғана әкімшілік лауазым, яғни «жоғарылау» деп ғана қабылдауы мүмкін. Бірақ директор – бұл мектептің жүрегі. Ол тек құжатпен жұмыс істеп, есеп беріп қана қоймай, педагогикалық үдерісті басқарып, ұжымды ынталандырып, білім сапасын арттыру бағытында нақты жұмыстар жүргізуі керек. Бұл үшін стратегиялық ойлау, көшбасшылық қасиет, жаңашыл көзқарас қажет.
Екіншіден, қазіргі сынақтар бұрынғыдай емес, тек теориялық біліммен шектелмейді. Үміткерлерден нақты дағдылар, нормативтік-құқықтық құжаттарды жетік білу, цифрлық сауаттылық, қаржылық жоспарлау сияқты салаларда да білім талап етіледі. Яғни, мектеп басшысы енді тек педагог емес, менеджер, медиатор, реформатор болуға тиіс. Мұндай көпқырлы дайындық бәрінде бірдей бола бермейді.
Үшіншіден, кейбір үміткерлердің кәсіби тәжірибесі жеткілікті болғанымен, олар заманауи талаптарға бейімделе алмай қалады. Қазіргі мектеп – тек білім беру орны емес, ол – баланың тұлға ретінде дамуына ықпал ететін орта. Бұл ортада директордың рөлі шешуші. Егер үміткер білім беру үрдісін басқарудың жаңа әдістерін меңгермесе, ұжыммен және ата-анамен дұрыс коммуникация орната алмаса, онда сынақтан өте алмауы заңды.
Бұл мәселені шешу үшін менің ойымша, бірнеше маңызды қадамдар қажет. Біріншіден, болашақ директорларды даярлайтын арнайы бағдарламалар жүйелі түрде жұмыс істеуге тиіс. Мұндай курстар тек теориялық емес, практикалық бағытта болуы керек. Нақтырақ айтсам, болашақ басшылар нақты мектепте тәжірибе жинап, қиын жағдайларда шешім қабылдауды үйренуі қажет.
Екіншіден, қазіргі мұғалімдердің де, орынбасарлардың да басшылыққа дайындығы ерте кезеңнен басталуы керек. Әрбір мектепте «басшылыққа үміткерлер резерві» құрылып, олармен мақсатты түрде жұмыс жүргізілсе, болашақта дайын, білікті директорлар саны артар еді. Иә, қазір облыс көлемінде мұндай резерв жасақталған. Дегенмен, оның өзі жеткіліксіз. Сондықтан әр мектепте өзіндік басшылық резерві құрылғаны жөн.
Сөз соңында айтарым, директор болу – мәртебе ғана емес, үлкен жауапкершілік. Бұл лауазымға кез келген адам емес, нағыз көшбасшы, жаңашыл, парасатты тұлға лайық. Сол себепті үміткерлердің сынақтан өте алмауы – бір жағынан табиғи іріктеу. Бірақ, сонымен қатар бұл бізге болашақ басшыларды дайындау жүйесін қайта қарап, жетілдіру қажеттігін көрсетіп отыр, — деді Қаламқас Байділдақызы.
Еліміздің ертеңі – саналы ұрпақтың қолында.Сондықтан оларға сапалы білім, саналы тәрбие үздіксіз берілуі қажет. Бұл мақсатта мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалуда. Бастысы, оқу ордаларының басшылығына білікті мамандар келіп, оқу-ағарту ісінің көкжиегін кеңейте білсе нұр үстіне нұр болмақ.

Қ.Қаптағай,
журналист.

Leave A Reply

Your email address will not be published.