ӨЗГЕ ӨҢІРЛЕРДЕН КЕЛГЕН ОҚУШЫЛАР ЖЕРГІЛІКТІ БАЛАЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫН ШЕКТЕМЕЙ МЕ?
Кез келген ата-ана балаларының сапалы білім, саналы тәрбие алғанын қалайды. Осы мақсатта ұл-қыздарын түрлі білім ордаларына жетелеп апарады. Тәуелсіздік жылдарында еліміздің әр өңірінде бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелейтін оқу ордалары көптеп ашылды. Солардың қатарында Тараз қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі де бар.
Аталмыш білім ордасының алғашқы іргетасы қаланған 17 жылдан бері бағындырған белесі аз емес. Сондықтан көп жасөспірімдер осы мектепке түсуге талпынады. Айталық, жуырда Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебіне іріктеу конкурсы өткен болатын.
– 2025 жылғы мектепке қабылдау конкурсына 1 707 үміткер қатысты. Жалпы оқу ордасына түсу үшін математика бағыты бойынша ең жоғары 400 балдың 140-ын (35%), ал сандық сипаттамалар бойынша максималды 300 ұпайдың 120-ын (40%) жинауға тиіс. Сондай-ақ нақты мектептер бойынша бөлінген грант саны шегінде Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 7-сыныптарында білім алу үшін кешенді тестілеуден неғұрлым жоғары жалпы балл (макс. балл – 1500 балл) жинаған үміткерлерге грант тағайындалады. Ал кешенді тестілеуден жинаған жалпы балл саны тең болған жағдайда, «Математика» бөлімінен жоғары балл (макс. балл – 400 балл) жинаған үміткерге, ал олардың «Математика» бөлімі бойынша балл саны тең болған жағдайда, «Сандық сипаттамалар» бөлімінен жоғары балл (макс. балл – 300 балл) жинағандарға, «Математика» және «Сандық сипаттамалар» бөлімдерінен балл саны тең болған жағдайда, «Жаратылыстану» бөлімінен жоғары балл (макс. балл – 200 балл) жинағандарға, «Математика», «Сандық сипаттамалар» және «Жаратылыстану» бөлімдерінен балл саны тең болған жағдайда, конкурсқа құжат тапсыру кезінде таңдаған оқыту тілінен (қазақ, орыс) жоғары балл (макс. балл – 200 балл) жинағандарға басымдық беріледі, — деді зияткерлік мектептің баспасөз қызметі.
Алайда, соңғы бірер жылдың бедерінде өзге аймақтардан келген оқушылардың Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде тест тапсыруы белең алған. Бұл өз кезегінде ата-
аналардың наразылығын тудырып отырғаны сөзсіз.
– Мен – өз баламның болашағына бейжай қарай алмайтын, еліміздің білім беру жүйесіне сенім артқан ата-аналардың бірімін. Баламның сапалы білім алып, елге қызмет ететін саналы азамат болып өсуі үшін қолымнан келгенше барлық жағдайды жасауға тырысып келемін. Осы жолда еліміздегі ең беделді білім ордасы саналатын Назарбаев Зияткерлік мектебіне үміт артып, баламды осы мектепке түсіруге талпынып отырмын. Алайда соңғы жылдары бұл мектепке өзге өңірлерден келген оқушылардың келіп сынақ тапсыруы мен сияқты талай ата-ананың көңіліне кірбің түсіріп отырғаны жасырын емес.
Біріншіден, бұл жағдай білім алудағы теңсіздікті тудырып отырғаны анық. Әр өңірде өз балалары бар, әр ата-ана сол өңірдегі мектепке баласын түсірем деп үміттенеді. Бірақ біздің өңірімізде тұрып жатқан, осы жерде өсіп, оқып жүрген балалардың орнына басқа облыстан келген үміткерлердің оқуға қабылдануы әділдікке жатпайды. Бала өз өңірінде қалып, отбасынан алшақтамай, өзінің үйреншікті ортасында білім алуы керек деп есептеймін. Әрине, барлық бала сапалы білім алуға құқылы, бірақ әр өңірдің баласына ең алдымен өз өңіріндегі мектептен орын берілуге тиіс қой.
Екіншіден, басқа өңірлерден келген балаларды қабылдау тек жергілікті балалардың білім алу мүмкіндігін шектеп қана қоймай, әлеуметтік мәселелерге де алып келеді. Бұл – жатақхана тапшылығы, жергілікті ата-аналар мен мектеп әкімшілігі арасында түсінбеушілік, тіпті кейде балалар арасында ортақ тіл табысуда қиындықтар туындауына себеп болуы мүмкін. Балалар мектепке тек білім алу үшін емес, тұлға ретінде даму үшін келеді. Ал егер олар мектеп ішінде өздерін шеттетілгендей сезініп, бәсекелестік тым шектен тыс артып кетсе, онда бұл баланың психологиялық ахуалына кері әсер етеді.
Үшіншіден, бұл мәселенің түп-тамыры жүйелік сипатта деп ойлаймын. Егер бір өңірде балаларға бөлінген грант саны аз болғандықтан өзге аймақтардағы орындарға таласып жатса, онда бұл НЗМ-нің қабылдау жүйесін қайта қарау керек деген сөз. Қабылдау емтихандары, квота жүйесі, өңірлік өкілдік – бәрі әділ, тең дәрежеде ұйымдастырылуы қажет. Әйтпесе, бұл тек ата-аналардың ғана емес, болашақта балалардың да жүйеге деген сенімін жоғалтуға әкеліп соғуы мүмкін. Осы ретте менің ұсынысым – әр облыстағы Назарбаев мектебіне іріктеу кезінде ең әуелі сол өңірдің балаларына басымдық берілуі керек. Ал егер басқа аймақтың оқушылары соншалықты мықты болса, оларға арнайы республикалық квота бөлініп, нақты, ашық талаптармен қабылдануы қажет. Сонда ғана ата-аналардың да, балалардың да арасында әділдікке деген сенім артады, — деп ағынан жарылды аты-жөнін көрсетуді қаламаған ана.
Тағы бір ата-ана Айнұр Асқаралының да пікірі осыған саяды (өзінің қалауы бойынша аты-жөні өзгертілді).
– Мен – өзім тұратын өңірдегі Назарбаев Зияткерлік мектебіне түсуге ниетті баланың ата-анасымын. Ұл-қыздарының жарқын болашағы үшін алаңдайтын кез келген ата-ана сияқты мен де оған сапалы білім беруді қалаймын. Бірақ соңғы жылдары Зияткерлік мектептерге басқа өңірлерден келіп сынақ тапсыратын балалар санының күрт артуы біз сияқты жергілікті ата-аналарда үлкен алаңдаушылық туғызып отыр. Неліктен өзге өңірлерден келіп, біздегі Зияткерлік мектепке түсетіндер көбейіп кетті? Бұл мектептің басты мақсаты еліміздің әр өңіріндегі үздік оқушыларға тең білім беру мүмкіндігін ұсыну емес пе еді?! Ал қазір бұл жүйе кей өңірлерге шоғырланып, шынайы дарынды жергілікті балалардың орнын өзге жақтан келген оқушылар иеленіп жатыр.
Жергілікті балалар мектептің орналасқан қаласында, осы оқу ордасында жылдар бойы дайындалып жүр. Бірақ олардың алдында енді тек қалалық емес, басқа облыстардан келген үміткерлер де бәсекелес болып отыр. Бұл әділетті ме? Басқа өңірлердің балалары бұл мектепке түсіп алған соң, жатақхана мен логистика жағынан артықшылықтарға ие болады. Ал біз секілді яғни сол қаланың тұрғындарының балалары үйдің жанындағы мектепке түсе алмай қалуы мүмкін. Мұны қалай түсінеміз?
Әрине, Назарбаев зияткерлік мектебі сапалы білім беретін оқу ордаларының бірі екені еш талас тудырмайды. Сондықтан бұл мектепте білім алуға ең алдымен осы өңірдің балалары лайық деп есептеймін. Ал өзге аймақтардың оқушылары өз өңірлеріндегі Зияткерлік мектепке түсуі керек. Егер олардың өңірінде ондай мектеп болмаса, онда бұл – білім жүйесінің басқа бір мәселесі. Ал оны шешудің жолы жергілікті балалардың мүмкіндігін шектеу болмауға тиіс. Сондай-ақ, бұл жағдай әлеуметтік әділетсіздікке де әкеледі. Мәселен, өзге өңірлерден келген кейбір оқушылардың артында арнайы дайындық курстары, жеке ұстаздар мен кең қолдау тобы тұрады. Олар айтарлықтай артықшылықпен келеді. Ал жергілікті баланың шынайы еңбегі мен мүмкіндігі осындай сыртқы факторлардың көлеңкесінде қалып қояды.
Сондықтан мен ата-ана ретінде әрбір Зияткерлік мектепке тек сол өңірден шыққан оқушылардың түсуіне басымдық берілуі тиіс деп санаймын. Сонымен қатар басқа өңірден келіп түскен оқушыларға арналған нақты квота белгіленіп, арнайы шектеу қойылуы керек. Сонымен қатар жергілікті балалар үшін қабылдау шарттарында артықшылық қарастырылып, бүкіл қабылдау үдерісінің ашықтығы мен әділеттілігіне назар аударылып, қоғам алдында есеп берілетін жүйе жасалуы қажет. Өйткені, біз баламызды алысқа жібермей-ақ, туған жеріндегі үздік мектепте оқытуға құқылымыз. Өзге өңірден келгендердің есебінен жергілікті оқушылардың мүмкіндігін шектеу – бұл тек әділетсіздік емес, ел болашағы үшін зиянды шешім. Назарбаев Зияткерлік мектептері бәріне ортақ болса да, ең алдымен сол оқу ордасы ораналасқан өңірдің балаларына қызмет етуге тиіс, — деп жанайқайын жеткізді ана.
Бұл мәселе бойынша Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметіне қайырылғанымызда, олар өз жауабын: «Қазақстан Республикасының заңнамасына және Назарбаев Зияткерлік мектептері қабылдау ережелеріне сәйкес, еліміздің кез келген өңірінде тұратын жалпы білім беретін мектептің 6-сынып оқушылары конкурстық іріктеуге қатыса алады», — деп қысқа қайырды.
Әрине, байыбына бармай жатып байбалам салудан аулақпыз. Алайда, біз тілдескен ата-аналардың да пікірін қисынсыз деуге келмейді. Себебі басқа өңірден келіп Тараздағы іріктеуден іркілмей өткендер кейін араға уақыт салып өз облысындағы Зияткерлік мектепке оп-оңай ауысып кетеді екен. Оның бір мәнісі өзге жақтарда талаптың да, шекті ұпай санының да жоғары болуында жатыр. Ал өзге балалармен таласта аз ұпай алған жергілікті балғындар резервтік тізімге ілінгенімен, олардың оқу ордасына бірден қабылданатынына еш кепілдік жоқ көрінеді. Сондықтан қалай десек те Зияткерлік мектепке іріктеу жүйесін кешенді түрде жүйелеген артық етпейтін секілді. Бұл енді тиісті сала басшыларының еншісіндегі шаруа.
Құрмаш ҚАПТАҒАЙ,
журналист.
Тараз қаласы.