Ещё один сайт на WordPress

ЖУАЛЫДА МЕДИАЦИЯ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

0

Мектеп қабырғасында дау-жанжалдарды бейбіт жолмен шешу мүмкіндігі мен маңыздылығы ерекше. Қазіргі таңда елімізде «100 медиативті мектеп» жобасы іске асырылып келеді. Бұл жоба аясында мектеп медиациясы орталықтарының салтанатты түрде ашылуы Жуалы ауданының Ә.Бөкейхан атындағы №15 тірек мектеп-лицейінде бастау алды. Бұл орталықтың басты мақсаты – мектеп оқушыларының арасындағы түсініспеушіліктерді шешу, жанжалды жағдайларды бейбіт жолмен реттеу, сондай-ақ, оқушылардың әлеуметтік дағдыларын дамыту.

Медиация кабинетінің ашылу салтанатына Жамбыл облысының ҚХА медиаторы, облыстық білім беру ұйымдарының медиаторлар кеңесінің төрайымы Ғайни Көшекбаева, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор көмекшісі Жұлдыз Ускенбаева, Жуалы ауданы әкімінің орынбасары Анар Ахметова, Жуалы аудандық сот төрағасы Бабырхан Абуев, Жуалы аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Асқат Бақбергенов, Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының «Облыстық психологиялық қолдау орталығының» психолог-әдіскері Гүлзира Дәрібаева, тірек мектеп-лицей әкімшілігі, аудандық білім беру ұйымдарының директорлары, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен педагог-психологтар, педагогтер, оқушылар қатысты.
Орталықтың лентасын Ғайни Ақылбекқызы мен Жуалы ауданының билер кеңесінің төрағасы, медиатор Мұратқали Рахметов кесті.
Іс-шара барысы бағдарламаға сәйкес екі бөлімнен тұрды. Бірінші бөлім Ә.Бөкейхан атындағы №15 тірек мектеп-лицейінің директоры Руслан Сайлаубаевтың таныстырылымымен басталды. Тірек мектеп-лицей білім алушылары бос уақытты тиімді ұйымдастыру мақсатында «Медиация-шеберлер көзімен» тақырыбында ұлдар, қыздар шеберханасының жұмыстарын көрсетіп, «Татулық – бірлікте» атты АРТ студиядағы оқушылар жұмысымен жалғасын тапты. «Мектепте медиацияны насихаттау» тақырыбында келген қонақтармен сұхбат жүргізіліп, «Әжелер мен аталардың медиациядағы рөлі мен олардың өмірлік тәжірибесі» көрмесімен ұласты. Оқушылардың өз жұмыстарының тиімді жақтарын көрсете білуі, бос уақыттарын жүйелі түрде пайдаланатындығының айқын көрінісі.
Екінші бөлім тірек мектеп-лицейінің мәжіліс залында жалғасты. Жуалы ауданы әкімінің орынбасары Ахметова Анар Садыққызы мектепте медиация орталығының тиімділігі мен пайдасы туралы кеңінен тоқталды. Сондай-ақ өзге де қонақтар «Білім беру ортасындағы жанжалды қатынастардың себептері, шешу, стратегиясы, алдын алу әдістері» тақырыбында орамды ойларын ортаға салды. Сонымен қатар мәртебелі меймандар жас медиаторларды қабылдап, оларға арнайы төсбелгілерді тақты.
Сондай-ақ, іс-шара барысында облыстық, аудандық пікірсайыстардың жеңімпаздары, «Бөкейхан» пікірсайыс клубы да бұл мәселеге бей-жай қарамай, «Бұл палата мектепке медиация орталығы керек деп есептейді» тақырыбында пікірсайыс ойынын көрсетті. Пікірсайыс барысында оқушылар медиацияның маңыздылығын жан-жақты қарастырып, нақты дәлелдермен жанжалдарды шешуде медиацияның қаншалықты тиімді екенін айқындап берді.
Мектептерде медиация кабинеттерінің ашылуы – құқық бұзушылықтың, қылмыстың алдын алудың тағы бір амалы. Осы орайда, жасөспірімдер арасындағы өзекті буллингке ұшырау мәселесі және оның алдын алу жолдары жөнінде шағын қойылым көрсетті. Қойылым барысында білім алушылар медиация орталығының керектігін, оның тиімділігін тағы да бір дәлелдеді.
Іс-шара соңында «Ашық сұхбат» алаңында келген қонақтарымыз өз ойларымен бөлісіп, тірек мектеп-лицейінде ашылған орталықтың жұмысының нәтижелі болуына сәттілік тіледі.

Бахыт Шертаева,
аудандық білім бөлімінің басшысы.

Жуалы ауданы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.