ЖАМБЫЛДЫҚ ӨРЕНДЕРДІҢ ЖАРҚЫН ЖЕҢІСТЕРІ
Жамбыл облысында Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында білім сапасы мен қолжетімділігін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның арқасында жамбылдық оқушылар ірі байқаулар мен жарыстарда топ жарып, өңір абыройын асқақтатып жүр.
Айталық, 2025 жылы 18-21 ақпан күндері Ақтөбе қаласында өткен жаратылыстану-математикалық бағыттағы республикалық ғылыми жобалар конкурсының қорытынды кезеңінде дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» лицей-интернатының оқушылары жеңімпаздар тұғырынан көрінді. Нәтижесінде Дінмұхаммет Иманалыұлы мен Әбдірахым Өскен (Информатика), Мөлдір Илимбекова мен Адель Жұмабек (Қолданбалы математика) 3-орынды еншіледі. Ал Нұрбақыт Жандарбек, Ақназ Жамбылбек, Линура Фазылова мен Әлібек Жолдасбек арнайы Сертификаттармен марапатталды.
Сонымен қатар 25-28 ақпан аралығында Атырау қаласында республикалық ғылыми жобалар конкурсының қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы пәндер бойынша қорытынды кезеңі өтті. Конкурсқа Жамбыл облысынан 14 оқушы 13 жобамен қатысып, оның 12-сі жеңімпаз атанды. Атап айтсақ, Еркеназ Бүркітбай (Қазақ тілі) мен Аружан Мырзатай (Адам және қоғам) 2-орынды иеленсе, Аяулым Әсілбек (Әдебиет), Алдияр Серік (Этномәдениеттану) пен Еркежан Амантай (Этномәдениеттану) 3-орынды қанағат тұтты. Дарынды оқушыларымыз республикалық ғылыми жобалар байқауында тағы да жеңімпаздар қатарынан көрінді.
Айжан АМАНБАЕВА,
дарынды балаларға арналған «Дарын» лицей-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.
ТАРАЗ қаласы.