ДӘНЕКЕРЛЕУШІ АРУ – ВИКТОРИЯ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы халыққа арнаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында жоғары оқу орындары ғана емес, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің де білікті кадрлар даярлауы қажет екенін еске салып, 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялаған болатын.
Қазіргі таңда мемлекетіміз әр саладағы мамандарды дайындау үшін білім сапасына айырықша көңіл бөлуде. Бұл қатарда Жамбыл индустриалды-технологиялық колледжі де жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға зор үлес қосып келеді.
Қазір аталған оқу ордасының 3-курс студенті Виктория Маркова – Жамбыл облысындағы дәнекерлеуші мамандығын игеріп жүрген жалғыз қыз. Ол өз қалауымен осы мамандықты меңгеруге бел байлапты.
– Бүгінде еңбектің қай саласына болсын қыз-келіншектер белсене араласып, істегі тиянақтылықтарын танытып жүргені белгілі. Дегенмен, дәнекерлеу мамандығында ауыр темірмен жұмыс істейтіндіктен бе, қоғамда бұл ер азаматтарға тән деген пікір қалыптасқаны рас. Алайда, туған ағам дәнекерлеуші болғандықтан, бұл жұмыс маған таңсық емес. Кішкентай күнімнен ағамның қасында жүріп, дәнекерлеудің қыр-сырына қанық болғанмын. Сондықтан, кәсіби білім беретін оқу орнына келерде бірден осы мамандықты таңдадым. Қазіргі уақытта дәнекерлеушіге сұраныс жоғары, ертең оқуымды тәмамдаған соң жұмыссыз қалмаймын. Әрі бұл істі біраз біліп те қалғанмын. Әрбір адам өз ісіне қызығушылықпен қараса, кез келген мамандықты игере алады. Бастысы – еңбекқорлық пен ынта болса, бәрін үйренуге де, кездескен қиындықтарды еңсеруге де болады, — деген Виктория дәнекерлеу ісін ауыр еңбек емес, шыдамдылық пен дәлдікті қажет ететін өнер деп санайтынын жеткізді.
Жас дәнекерлеуші қыз қазір колледжде білім алумен қатар таңдаған мамандығының хас шебері болу үшін еңбектенуде. Бүгінде Виктория дуальды оқыту жүйесімен өндірістік тәжірибеден өтіп жүр. Өндіріс орнынан өтіп жүрген тәжірибе тек кәсіби шеберлігін арттыруға ғана емес, өз ісін игеріп кетуде дағдыларын қалыптастыруға да ықпал етері даусыз. Сондай-ақ бұрымдының бұл батыл қадамы жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға үлес қосып, басқа қыздарға да техникалық мамандықтарды таңдауға шабыт береді. Жамбылдағы дәнекерлеуші мамандығын игеріп жүрген жалғыз қыз ретінде ол еліміздегі жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын кеңінен танытуда үлгі болары айқын.
Тағы бір айта кетерлігі, мақсатшыл әрі жігерлі қыз білім алып жүрген Жамбыл индустриалды-технологиялық колледжінің техникалық базасы үнемі жаңартылып, білім беру үрдісі өндірістік тәжірибемен тығыз байланыстырылып отырады. Студенттер өндірістік тәжірибеден серіктес кәсіпорындарда өтіп, кәсіби дағдыларын өндіріс орындарында шыңдайды. Білім берудің бұл әдісі білікті де тәжірибелі мамандар даярлауға үлкен септігін тигізеді.
Ш.Жамбыл,
журналист.
Тараз қаласы.