Ещё один сайт на WordPress

БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНА НЕГЕ БАСШЫ ТҰРАҚТАМАЙДЫ?

0

Бүгінгі күннің басты талабы – еліміздегі білім саласын биікке көтеру болып тұр. Өйткені, білімі мықты елдің ұрпағы Отанының тұтқасына айналып, тұтас әлемді зерделей алатынын өркениетті мемлекеттердің өрелі тірлігінен көріп отырмыз. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев педагогтардың республикалық жиынында қадап айтқан болатын.

– Білім мен ғылым – табысқа жетудің ең басты кілті. Өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие және озық білім беру – өте маңызды міндет. Қазіргі жаһандану дәуірінде жаңа технологияның қарқынды дамуы өмірімізге түбегейлі өзгерістер әкелді. Адам капиталына, білім саласына қойылатын талаптар мүлдем өзгеше. Сапалы білім қарқынды дамудың басты шартына айналды, — деген ел Президенті бұл бойынша нақты тапсырмалар жүктеген еді.
Расында, бүгінгі жаһандану дәуірі оқу-ағарту ісінен көп нәрсені талап етіп отырғаны сөзсіз. Әсіресе, бұл тұрғыда білім саласының басшыларына артылар жауапкершіліктің жүгі тым ауыр. Алайда, осыған мән беруге тиіс облыстық білім басқармасының өзінде басшылардың ауысуы тым жиілеп кеткендей. Мәселен, соңғы 5 жылдың өзінде Жамбылдың 4 бірдей «бас ұстазы» қызметімен қош айтысқан. Сондай-ақ олардың барлығы басқарма тізгінін бір жылдан артық ұстамапты. Осы ретте «Білім басқармасына неге басшы тұрақтамайды?» деген орынды сауал кімді болса да толғандырары анық.
Білім саласының ардагері Айман Садықованың пікірінше, басшылардың жиі ауысуы ең әуелі саланың сапасына кері әсер етеді екен.
– Оқу-ағарту секілді үлкен саланы басқаратын адамның педагогикадан ғана емес, экономикадан да, заңнан да, психологиядан да хабары болуға тиіс. Бұл ең әуелі өзінің идеялары мен ұсыныстарын іске асыра алуы үшін қажет. Шыны керек, қазіргі басшылар барлық жұмысты орынбасарлары мен мамандарына артып қойып, өздері тек оқу ордаларын аралап, соларды тексерумен ғана шектеліп қалғандай көрінеді. Алайда, басшы болу дегеніміз тек тапсырма беру мен тексеріс жасау ғана емес қой. Дегенмен, осыны көбісі түсінбейді. Мәселен, өзім 1 жыл 7 ай мерзім облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары болдым. Оған дейін талай жыл мектептерде жұмыс істеп, мол тәжірибе жинаған маман болсам да басқарманың ішкі «асханасына» кірген кезімде тоқырауға түстім десем, артық емес. Өйткені, бар уақытың бітпейтін тапсырмалар мен хаттарға жауап берумен өтеді. Тіпті жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін де әкімдік пен салалық министрліктен «Шұғыл түрде орындалуға тиіс!» деген нұсқаумен тағы қосымша тапсырмалар үсті-үстіне келіп түседі. Ал оны дер кезінде орындамасаң, алатының – сөгіс, жейтінің – таяқ. Содан соң амал жоқ құр статистика әзірлеумен ғана айналысуыңа тура келеді. Орынбасардың жұмысы осындай болғанда басшының иығына артылатын жүктің салмағын өзіңіз шамалай беріңіз. Мұның барлығы адамды физикалық та, моральдық та тұрғыдан шаршатады. Яғни, өзіңнің қандай да бір бастамаларыңды жүзеге асыруға мүмкіндік жоқ. Себебі, бюрократиялық қағазбастылықтан қолың босамайды. Соның салдарынан білім басқармасы мен оқу орындарының арасында тығыз байланыс орнатылмайды. Барлық жұмыс тек қағаз жүзіндегі статистикамен, құр есеп берумен ғана шектеледі. Әрине, бұл басқарма басшының емес, саладағы дұрыс жолға қойылмаған жүйенің кесірі. Ал бұл өз кезегінде білім саласындағы сапаға кері әсер етіп отыр. Сол себепті мектеп директорлары секілді басқарма басшыларының да кадрлық резервін қалыптастырса, түйткілдің түйінін тарқатуға сеп болар еді, — деді Айман Садыққызы.
Саналы ғұмырының 40 жылға жуық уақытын білім саласына арнаған ардагер ұстаз Қарлығаш Еділбаева болса басқарма басшыларын тағайындау жүйесін өзгерту керек деп санайды.
– Ашығын айту керек, қазір білім саласына мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Дәл ұстаздарға жасалып жатқан жағдай басқа сала мамандарына тек қана арман болып отыр. Әрине, бұл өте құптарлық іс. Дегенмен, қолдаумен қоса білім саласының басшыларына деген жүктемені де көбейтіп жіберген секілдіміз. Қағазбастылық былай тұрсын, шалғай ауылдағы бір мектепте болған келеңсіз жағдай үшін де білім басқармасының басшысы жауапты болып жатады. Жазасын тартатын да көбіне – сол. Контингенті кемінде 500 мың адамды қамтитын білім секілді үлкен саланың басшысы әр мектептегі ахуалды жіті бақылауында ұстап отыруы мүмкін бе? Меніңше, жоқ. Әлбетте, басшы болған соң белгілі бір деңгейде оған да жауапкершілік жүктелуі қажет. Дегенмен, осындай шамадан тыс жүктеме ешкімге де оңайға соқпайды. Сондықтан болар қазір сала басшыларының дені тек орындаушы, ұйымдастырушы ғана болып кетті. Өз бетімен идея ұсынып, жобаларымен бөлісіп жүрген бірде-бір басқарма басшысын байқаған емеспін.
Бұл мәселенің тағы бір ұшы кадр таңдау саясатына келіп тіреледі. Көп жағдайда еңбек жолында шамалы уақыт мектепте жұмыс істегенін желеу етіп, сол адамдарды басшылыққа тағайындайтынын көзіміз көріп жүр. 3-4 жыл оқу-ағартумен айналысқаны оның сол саланы жетік меңгеріп кеткенін білдірмейді. Мысалы, 2 жыл әскери борышын өтегені үшін ғана сол адамға қорғаныс саласын тапсыруға бола ма? Бұл да сол секілді ақылға сыймайтын нәрсе. Сондықтан мектеп мұғалімдігінен бастап аудандық білім бөлімінің басшылығы немесе орынбасарлығына дейін, тіпті одан да жоғарыға сатылап өскен білікті мамандарға мүмкіндік беру қажет. Тағы бір айта кетерлігі, басқарма басшысы облыс әкімдігінің қас-қабағына байлаулы. Өйткені, қызметке тағайындайтын да – ол орыннан босататын да – солар. Мысалы, осыдан 4-5 жыл бұрын аудандық, қалалық білім бөлімдерінің басшыларын әкімдіктердің құзыретінен алып, тікелей облыстық басқармаға бағынышты етті. Бұл белгілі бір деңгейде олардың «тәуелсіздігіне» жол ашты. Ендеше, облыстық басқарма басшыларын тағайындау өкілеттілігін де тікелей ҚР Оқу-ағарту министрлігіне беру керек деп есептеймін. Сондай-ақ, басқарманы басқаруға лайық деп тапқан маманның алдына нақты тапсырмалар жүктеп, соларды толығымен орындау үшін кемі 4-5 жыл уақыт беру қажет. Тіпті, бірнеше үміткердің арасынан тың жоба-жоспарын ұсынған адамды басшылыққа тағайындаса да артық болмас еді.
Ең өкініштісі бізде жаңа басшының неліктен бұл қызметке лайық деп танылғаны, ал бұрынғысынан неге орнын босатқаны туралы бірде-бір түсініктеме берілмейді. Мәселен, бірде басқармаға жаңа басшы тағайындалғанын естиміз де, көп ұзамай оның орнын басқа адамның алмастырғанын құлағымыз шалады. Сондықтан қандай да бір кемшілікке жол берілсе жаңа басшы қызметке енді ғана келгенін, ал алдыңғысы ол жақтан кетіп қалғанын алға тартады. Бір сөзбен айтқанда, ешкім жауапкершілікті мойнына алғысы келмейді. Ал мұндай кезде білім саласынан қандай өзгеріс, нендей тың серпін күтуге болады?, — деп қынжылысын жеткізді Қарлығаш Селеубайқызы.
Ал Жамбыл ауданы А.Макаренко атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагогика ғылымдарының магистрі Салтанат Кусёва бұл мәселенің себебін басшыға тиісті мөлшерде мүмкіндіктің берілмеуімен байланыстырады.
– Қaзіргі білім мeн тeхникaның қaрыштaп дaмып жaтқaн шaғындa, мeктeбіміздің eсігін aйқaрa aшқaн кeздe «Бүгінгі күнгі зaмaнымызғa сaй ұстaзымыз қaндaй, мeктeбіміз қaндaй жәнe көшбaсшы қaндaй болуы кeрeк?», — дeгeн сaн сaуaлдaр көкeйдe тұрaды. Ұстaзсыз мeктeпті, мeктeпсіз ұстaзды eлeстeтe aлмaйтынымыз сeкілді бір өңірдің білім саласын басқаруы тиіс басшысыз елестете алмайтыным айтпаса да түсінікті. Білім саласына қатысты үлкен саланы басқару аса зор жауапкершілікті талап етеді. Қоғамның қалыптасқан критерийлері бойынша басшы жол тaбa білeтін, өзгeлeргe жол көрсeтe aлaтын, өзінe жүктeлгeн міндeтті сeзінe білeтін, aуыртпaлыққa төзe білeтін тұлғa деп қараймыз. Алайда, білім саласындағы күнделікті болып жатқан реформаларды компьютер тіліне, болмаса кестеге салып түсіріп бере салатын ақпарат емес. Біздің сала коммуникацияны, әр істің себебі мен салдарынан ақпарат алып барып қорытынды шығаруды талап етеді. Менің ойымша, басшылық қызметке басшы тұрақталуы үшін ең бірінші мүмкіндік берілуі керек. Ақпарат пен қоса білім саласындағы реформаларға төселіп, өн бойынан өткізбеген адамға сын айту оңай. Басқарма да мектептің үлкен макеті. Ол жақта да «үштік одақ» дейтін «бала — ата-ана — ұстаз» үйлесімдігі жауапкершілікті талап етеді.
Басшы мұғaлім eңбeгін зeрттeп, сaрaлaп, шeбeрліктeрін aрттыру, сөйтіп оқушы мeн мұғaлім aрaсындaғы шығaрмaшылық бaйлaнысты нaқты тaнымдық іскe, іс-әрeкeткe ұлaстыру, озaт тәжірибeні орынды пaйдaлaнуғa мүмкіндік туғызумен ғана отырса, ата-аналармен байланыс ақсайды. Сол себепті де екі шетін екшеп-өлшеп, ортақ мүдде, сапа, білім, тәрбиені үйлестіретіндей жұмыс атқаруға мүмкіндік берілгені жөн.
Тағы бір ескере кететін және назарға алатын жайт қазіргі кезде басшылыққа келген маманның жұмысын бағалау «белгілі бір топтардың ықпалы» арқылы жүзеге асып жатыр. Иә, біздің халық «Ауруын жасырған өледі», — дейді. Дегенмен, солай екен деп басшының білік-дағдысын блогерлерге бағалатып, әлеуметтік желінің астарлы ойымен ғана баға беру қателік деп санаймын. Басшы соған лайық болуы үшін де салада қалыптасқан қалыпқа түскенінше мүмкіндік берілсе жұмыс әрі қарай жылжиды деген үміттемін, — деді Салтанат Жұмабекқызы.
Қалай десек те соңғы 5 жылда өңіріміздің білім басқармасында 4 басшының ауысуы жақсылықтың белгісі емес. Демек, салада сыздауықтай солқыл тартқан түйткіл көп деген сөз. Ендеше, осы олқылықтардың орнын жаңа басшы толықтырады деген сенім мол. Әйтпесе, басшысы жоқ саланың сапасы туралы сөз айту да артық екені белгілі.

Қ.Аманкелдіұлы,
журналист.
Тараз қаласы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.