Ещё один сайт на WordPress

ӨЗІМ ҚҰЛАП ТҮСТІМ, БІРАҚ ТОБАТАЙЫМ ТІК ТҰРДЫ

0

Адам өмірінде ерекше қалатын сәт балалық шағы екені белгілі. Уақыт керуені алға озған сайын сонау бір қайта оралмас шақта, алыстан қол бұлғап қала берген бала кезің өзінің ыстық, естен кетпес естеліктерімен жаныңды баурап, ойыңа да жиі орала береді. «Балалық шағың – патшаның тағы» деген тәмсіл де бекер айтылмаса керек.
Осы орайда біз бүгін Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының бөлім басшысы Набира Суйманованың балалық шағына саяхат жасамақпыз.

Набира Қапарқызы 1965 жылғы 25 мамырда Талас ауданы, Ойық ауылында дүние есігін ашқан. Онжылдықты сол ауылдағы Ойық орта мектебінде тәмамдаған.
– Отбасымызда 3 ұл, 3 қызбыз. Әкеміз дүниеден ерте озған соң әрі үйдің кенжесі болғандықтан мен анама жақын болып өстім. Мектепте оқып жүргенде әкеміздің орнына әке болған үлкен ағам Бақытжанды туған әкемнен кем көрмедім. Бесінші класта оқып жүргенде Сарысу ауданындағы Жаңатас қаласына аға-жеңгеміздің қолына барып, анам екеуміз сол үйде тұрдық. Мен алғашқы тәрбиені сол аға-жеңгемнен алдым десе де болады. Себебі, ағамыз үйдің үлкені болғандықтан барлығымыздың тәрбиемізге өзі жауапты болып, бар ауыртпалық соның мойнына жүктелді, — деген бала Набира кітапқұмар болып өскенін де тілге тиек етті.
– Жаңатас қаласындағы М.Әуезов атындағы орта мектепте 5-сыныпта оқып жүргенімде сынып жетекшіміз, әрі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болған марқұм Лиза Хамидовна Өтеулиеваға көп еліктейтінмін. Ол кісінің қаталдығымен бірге мейірімділігі де мол болатын. Содан ұстазыма еліктеп мұғалім боламын деп шештім. Соның әсерінен болар, сол жылдары көркем әдебиетке қатты құмарттым. Түннің бір уақытына дейін көркем әдебиетті жата-жастана оқыдым десе де болады. Ағамның үйінде 1 шкаф (ол кезде сервант деп атайтын) тола кітап болатын. Қазақ және орыс тіліндегі отандық, шетелдік әдеби кітаптардың барлығы дерлік бар еді. Соларды бір-екі жылда оқып тауыстым. Алайда соның салдарынан көзім нашар көріп, көзілдірік тағатын болдым, — деп ағынан жарылған кейіпкеріміз өткенге көз жіберіп, бала күнгі қызықты оқиғаларынан да сыр шертті.
– Балалық шағымнан естелік болатындай қызықты оқиғалар есімде көп қалған жоқ. Дегенмен, бастауыш сыныпта оқып жүргенде ауруханада жатқан ағама анамның құйып берген тамағын апара жатып, сүрініп құлағаным бар. Үйге келген соң анамның «тамақты аман-есен апардың ба?» деген сөзіне «Апа, өзім құлап түстім, бірақ тобатайым тік тұрды» деп күлдірген едім. Яғни, өзім құласам да тамақ құйылған ыдысым «тобатайым» құламай, оны төкпей апарғанымды мақтаныш көріп айтсам керек. Біздің бала кезімізде ойыншық деген өте тапшы болатын. Сол себепті де оны қолдан жасап алатынбыз. Мәселен, өзімнен 5 жас үлкен ағам тауық қораға кіріп, тауықтың, қораздың жүнімен ойнаса, мен түрлі шүберектің қиындысымен ағаштың бұтағынан қуыршақ жасап алатынмын. Сондай-ақ көшенің қыздарымен дос болып, барлығын үйге жинап алып, бірге үйшік ойнайтынбыз.
Бір кездері Жаңатас қаласында орыс ұлты басым болғандықтан, ауылдан келген маған өте қиын болды. Әсіресе, дүкенге барып, орыс сатушыдан сүт, айран алу ауылдан келген маған нағыз қиямет еді. Орыс тіліне шорқақ болғандықтан, үйдегі жеңгем айтып жіберген сөйлемді магазинге барғанша жаттап баратынмын. Бірде 5-сыныпта оқып жүріп, «один пакет молока, две бутылки кефира» деген сөйлемді жаттап бара жатқан жолда айтар сөйлемді ұмытып қалғаным есімнен кетпейді. Содан дүкенге барып алған соң, әлгі жаттағанымды есіме түсіре алмай әбден қиналып, қара терге түстім. Дүкеншінің алдына жеткенше, есіме түспей ақыры, «один пакет — анау деп» сөреден сүттің қорабын, айранды мүлдем ұмытып қалып «сосын 2 анау деп» айранды 2 саусағыммен көрсеткенім бар. Бұдан да басқа да түрлі қызықтар аз болған жоқ. Дегенмен, сол Жаңатас қаласында оқыған 3 жылым мен үшін өмір бойына азық болып, осының арқасында орыс тіліне төселіп алдым.
Кейін 8-сыныпта ауылға қайтадан көшіп келіп, өз мектебімнен онжылдықты аяқтадым. Көп оқығандықтан шығар, мектепте озат оқушылардың бірі болдым. Әсіресе, 3 жыл қалада орыстармен бірге ойнап жүріп, оқығанымнан шығар, орыс тілінен ауылдағы көп сыныптастарымға қарағанда жетік едім. Жалпы орта мектепті екі пәннен ғана «4» деген бағам болмаса, жақсы бітірдім. Сыныптастарымның барлығымен болмаса да, кейбіреулерімен әлі күнге дейін хабарласып тұрамын. Оның үстіне біз оқыған уақытта сыныптағы қыздар бөлініп, түрлі «компаниялар» құрып, дос болатынбыз. Мектептегі 3 сыныптан қосылған 11 қыз бірге жүрдік. Өзімізге «Періштелер — 11» деген ат та қойып алғанбыз. 3 сыныптағы (а,б,в) белсенді, әрі жақсы оқитын қыздар өзара дос етінбіз. Ол кезде біріміз сыныптың «старостасы болсақ», біріміздің «комсорг» деген дәрежеміз бар. Бірде 10-сыныпта оқып жүргенде, қыз болып бойжетіп, «вечерге» барамыз деп ұсталып қалдық. Ертесіне «мұғалімдер бөлмесіне» завуч апайымыз жинап алып ұрысқаны, тіпті басымыздан нұқығаны әлі күнге дейін жадымда сайрап тұр. «Пәленше саған не жоқ, түгенше саған не жоқ» деп бірер қызды шапалақпен салғаны да күні бүгінге дейін көз алдымда. Ол апай да бүгінде арамызда жоқ, — деді Набира Қапарқызы көңіл дүрбісімен өткенге көз тастай отырып.
Кейіпкеріміз еңбек жолында мектептегі кітапханадан түрлі қызмет сатысынан өтіп, білім биігінде өз ізін қалдырған білікті маманған айналды. Әлі күнге дейін оқу-ағарту саласынан алыстамағаны оның ұлағатты ұстаздардан алған тәлім-тәрбиесі мен баянды балалық шағының нәтижесі екені айқын аңғарылып тұр.

 

Әңгімелескен Қ.Аманкелдіұлы,
журналист.,
Тараз қаласы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.