ЖУАЛЫЛЫҚ ЖЕТКІНШІКТЕРДІҢ ЖҰЛДЫЗЫ ЖИІ ЖАРҚЫРАУДА
«Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік». Үш жүздің басын қосқан Хан Абылайдың осы бір өміршең өсиеті бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан емес. Өйткені заман талабы сол, біліммен ғана күш сынасып, бәсекеге түсетін кезең бұл. Сондықтан да мемлекет тарапынан оқу-ағарту саласына барлық жағдай жасалуда. Бұл тұрғыда өңірлердегі білім саласының басшыларына мол жауапкершілік артылып отырғаны белгілі. Осы ретте Жуалы аудандық білім бөлімінің басшысы Бахыт Шертаевамен саладағы оң өзгерістер мен жарқын жетістіктер жөнінде сұхбаттасқан едік.
– Бахыт Рахымжанқызы, бүгінде Жуалы ауданының білім сапасы қай деңгейде?
– Қазіргі таңда Жуалы ауданында 77 білім беру мекемесі орналасса, олардың ішінде 1 тірек мектебі, 1 тірек мектеп-лицей, 2 мектеп-гимназия, 26 орта оқу ордасы, 3 негізгі, 6 бастауыш білім ордасы, 34 балабақша, 4 мектептен тыс мекеме және 1 психологиялық-
педагогикалық түзету кабинеті жұмыс істеуде. Сондай-ақ білім беру мекемелерінде 1 821 педагог еңбек етуде. Олардың 119-ы педагог-шебер, 467-і педагог-зерттеуші, 440-ы педагог-сарапшы, санаты бар педагогтер – 424, санаты жоқтар – 204, жоғары санаттылары – 60, 1-ші санаттылары – 54, 2-ші санаттылары – 53. Осындай ұлағатты ұстаздардың арқасында бөлімге қарасты жалпы саны 39 білім мекемесіндегі 2023-2024 оқу жылында 1-11 сыныптар аралығында 10 221 оқушы 63,0 пайыз білім сапасын көрсетті. Ал 2024-2025 оқу жылында 1-11 сыныптар аралығында 10 150 оқушы 65,0 пайыз білім сапасына қол жеткізді. Осылайша, өсім 2 пайызды құрап отыр. Бұған Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы да өз әсерін тигізіп отырғаны белгілі. Айталық, аудан бойынша 2023-2024 оқу жылы 660 түлек 11 сыныпты аяқтап, оның 607-і мамыр және маусым айларында өткен тестілеуге қатысты. Білім сынағының нәтижесі бойынша орташа балл 73,6 пайызды құрады. Сондай-ақ 15 оқушы «Алтын белгі», 60 шәкіртіміз «Үздік аттестатты» иеленді. Ал 2024-2025 оқу жылында 33 оқу ошағында 9-сыныпты тәмамдайтын 1 009 бала «Үздік аттестатқа», ал 28 білім беру мекемесінде 11-сыныпты тәмамдайтын 633 оқушының 22-сі «Алтын белгіге», 70-і «Үздік аттестатқа» үміткер.
– Оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету көрсеткіші қандай?
– Аудандағы білім бөліміне қарасты 39 мектептің оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз ету 100 пайыз ұйымдастырылған. Оқу жылының басында ыстық тамақпен қамтылған 5067 оқушы болатын. Ал қазіргі таңда мектептен оқушылардың кетуіне байланысты 58 балаға қысқарып, жалпы тамақтанатын бала саны 5 009-ды құрап отыр. Оның ішінде жекелеген санаттағы ыстық тамақпен қамтылған 1-11 сыныптағы оқушылар саны – 2194, ал тегін тамақпен қамтылған 1-4 сынып оқушылар саны – 2815 бала.
– Бүгінде аудандағы оқу ордаларында қандай жарқын жобалар жүзеге асырылуда?
– Мұндай жарқын жобалар жетерлік. Айталық, білім бөлімі тарапынан «Мектепке жол» акциясын ұйымдастыру және өткізу бойынша іс-шаралар жоспары құрылып, тиісті жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде көпбалалы және толық емес отбасынан шықан 168 оқушы ауылдық округ әкімдері мен бөлім басшылары, мектеп әкімшігі мен демеушілер тарапынан оқу құралдары, мектеп формасымен т.б қажетті құралдармен қамтамасыз етіліп, қаражат көзі 5 млн 425 мың теңгені құрады. Сонымен қатар 2023-2024 оқу жылында білім беру мекемелері «Бестерек» жобасы, «Мақсатты мектеп», «Генералдар мекені», «Жасыл клуб», «СабақTime», BilimClass, «ҰСТАЗ», «Өрлеу LMS» платформалары мектепке дейінгі ұйымдарда заттық-дамыту орталықтарын дамыту мақсатында «ЕРТЕГІ — FANTASY», «ECOLAB», SMART TOYS, «Модернизация кабинеті», «ECOLAB» жобалары жүзеге асырылды. Бұған қоса Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен басталған мектеп директорларына арналған «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасына қатысып, республика бойынша іріктелген кадр резервінің қатарында Жуалы ауданы білім бөлімінің №25 Ақтөбе тірек-мектеп директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары Р.Жапаров, Д.Қонаев атындағы №19 мектеп-гимназия директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары Ж.Орынбековтер де бар. Олар өткізілген оқыту семинарының барлық іріктеу кезеңінен сүрінбей өтіп, көшбасшылық, басқарушылық және кәсіби дағдыларын жетілдіріп, ҚР Оқу-ағарту министрі Ғ.Бейсембаевтың қолынан сертификат және өте жоғары нәтиже көрсеткені үшін Алғыс хатпен марапатталды. Осы жоба аясында Д.Қонаев атындағы №19 мектеп-гимназияның директоры болып Ж.Орынбеков тағайындалды. Тағы бір айта кетерлігі, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру – жасөспірімдер арасында заң бұзушылық пен қылмыстың алдын-алудың бірден-бір кепілі. Осы мақсатта аудан бойынша 4 мектептен тыс мекемеде 4 297 оқушы қосымша білім берумен қамтылды. Айталық, қосымша білім беру мекемелерінде 48 үйірме жұмыс істеп тұр. Сонымен бірге қазір мектептердегі 306 спорт секциясында 4 241 оқушы, 484 пәндік үйірмеге 4 244 оқушы қамтылып отыр.
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Еліміздегі 1300 мектепке күрделі жөндеу жүргізу қажет. Үкімет әкімдермен бірге оны қаржыландыру көздерін анықтап, соның ішінде демеушілерден де қаражат тартып, 3 жыл ішінде бұл мектептерді толық жаңартуы керек», — деген еді. Мемлекет басшысының осы тапсырмасы Жуалы ауданында қалай орындалуда?
– Жуалы ауданының білім бөліміне қарасты мектептерде 2022 жылдан бері 4 мектеп күрделі жөндеуден өтті. Атап айтқанда, 2022 жылы Мыңбұлақ №2 орта мектебінің ғимаратына, №30 Көктөбе орта мектебінің ғимаратына, Т.Тастандиев атындағы №11 орта мектептің қасбетіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал 2023 жылы күрделі жөндеу жұмыстары болған жоқ. 2024 жылы №28 Амангелді орта мектебінің ғимараты жаңғыртылды. Яғни, соңғы 3 жылда 4 мектеп күрделі жөндеуден өтіп, жаңа кейіпке енді. Сонымен қатар өткен жылы Түктібай ауылындағы М.Әуезов атындағы №12 орта мектебіне 150 орындық оқу кабинеттерінің, спортзалының, асхананың қосымша құрылысын салу және қолданыстағы ғимаратты күрделі жөндеу және Ш.Мұртаза атындағы №1 мектеп гимназиясына жапсарлас актзалы мен қосымша еңбек кабинеті салынып, қолданысқа берілді.
– Жуалылық өрендер бүгінде қандай белестерді бағындыруда?
– Аудан бойынша барлық білім мекемесінің дарынды оқушылары 2024-2025 оқу жылында ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2011 жылғы 11 желтоқсандағы №514 бұйрығымен бекітілген 60-қа жуық байқаудың аудандық, облыстық және республикалық кезеңдеріне жоспарға сәйкес қатысуда. Олимпиада резервінің саны – 785.
Айталық, 2024 жылдың қаңтар-желтоқсан аралығында жалпы жүлде қоры 146-ны құрап отыр. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 24 оқушыға артқанын көрсетеді. Ауыл олимпиадасы бойынша облыстық кезеңге қатысқан 40 оқушының 22-сі жүлделі орындарды иеленсе, оның ішінде 5 оқушы жүлделі І, 3 оқушы ІІ, 14 оқушы ІІІ орынды олжалады. Сондай-ақ Ауыл олимпиадасының республикалық кезеңіне қатысқан 4 оқушының екеуі жүлделі ІІ орынды еншіледі. Бұған қоса «Зерде» ғылыми жоба байқауының облыстық кезеңінде бақ сынаған 17 оқушының 14-і жүлделі орындарға қол жеткізіп, бір өреніміз республикалық кезеңге жолдама алды. Бұдан бөлек, 9-11 сынып аралығындағы ғылыми жоба байқауына қатысқан 6 оқушының барлығы жүлделі орындарды иемденіп, мұнда да бір бала республикалық кезеңге жолдама алды. Жалпы 2023-2024 оқу жылында 2 оқушы республикалық ғылыми жобалар байқауының жеңімпазы атанды.
Ал шығармашылық байқау бойынша жалпы жүлде қоры 23-ті құрап отыр. Оның ішінде екі оқушы «Шерхан оқулары» мен «Д.Қонаев оқулары» бойынша республикалық кезеңдерге жолдама алды. Жалпы «Ауыл балаларына арналған «Iqanat» білім беру бағдарламасы» бойынша 2024-2025 оқу жылында 4 оқушы Бурабайдағы «IQanat» білім орталығында тегін білім грантымен өз білімдерін жетілдіруде. Бір сөзбен айтқанда жуалылық жеткіншектердің жұлдызы жиі жарқырауда. Бұлардан бөлек, түрлі білім бәйгелерінде тұғыр биігінен көрінген ұлағатты ұстаздарымыз баршылық. Олардың ішінде «ҮЗДІК ПЕДАГОГ» байқауының жеңімпазы – №30 Көктөбе орта мектебінің биология пәнінің мұғалімі Айшат Қалдасбекова, Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының оқу әдістемелік орталығы мен «Спорттық бағдарламалау федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен жалпы білім беретін мектептерінің информатика пәні мұғалімдері үшін «ҮЗДІК IT ҰСТАЗ» турнирінің қорытынды кезеңінен өтіп, облыстық «ҮЗДІК IT ҰСТАЗ» атағына ие болған №2 Мыңбұлақ орта мектебінің информатика пәнінің мұғалімі Бахытжан Сабиев, «Мың жүйрік» республикалық байқауында топ жарған «Нұрлы ұрпақ» балабақшасының тәрбиеленушісі Карина Ефремова секілді білікті мамандарды айрықша атап өткеніміз абзал. Осы ретте бұл тек толағай табыстарға жүрген әріптестерімнің бір парасы ғана екенін де тілге тиек еткеніміз жөн.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Қ.Қаптағай,
журналист.
Жуалы ауданы.