ОБЛЫСТАҒЫ ОЗЫҚ ОРТАЛЫҚТЫҢ ЖҰМЫСЫ ОЙДАҒЫДАЙ
Бүгінде 86 жылдық тарихы бар Мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталығының тарихи беттерін ақтара отырып, қоғамның саяси жағдайына қарай ұжымның өз жұмыс стратегиясын, жетістікке жету жолын, даму перспективаларын анық таңдауы мен оны орындаудағы жан-жақты жолдардың жүзеге асырылуына көз жеткізуге болады.
Кеңес заманындағы жаңа мемлекеттік құрылыс барынша қарқынды жүріп жатқан кезде түрлі жастар бірлестіктері пайда болды. Солардың бірі «Пионерлер үйі» – әр түрлі іс-шаралар жүргізу арқылы балалардың қызығушылықтарын арттыратын, қоғамдық істерге белсене араласуға жан-жақты дайындайтын, балалық шақты есте қаларлықтай шығармашылыққа толы етіп өткізудің бірден-бір ортасына айналды. 50-жылдардың ортасында балалардың техникалық біліктілігінің дамуына, кеңеюіне септігін тигізетін көптеген үйірмелер (әуе кеме жасау, шахмат және т.б.) ашылды. Сондай-ақ 60-жылдары пионерлер әні мен биі ансамблін құру жолында жұмыстар жүргізіліп, киностудия құрылып, жас интернационалистер, қызыл ізшілер, тимуршылар клубтарының, аула отрядтары мен клубтарының жұмыстары өріс-теді.
Осылай түрлі тарихи кезеңді бастан кешірген орталық тәуелсіздік таңы атқан 90-жылдары «Облыстық балалар мен жасөспірімдер орталығы» атауына ие болды. Ішкі құрылымы түгелдей қайтадан жасалып, жаңа мақсат-міндеттері анықталды. Педагогтардың жұмыс түрлері мен әдіс-тәсілдері өзгеріп жаңаша сипатқа ие болды. Сондай-ақ, «Этика және эстетика мектебі», «Мектепке дейінгі балаларды үйлесімді дамыту мектебі» эксперимент түрінде ашылып, «Каприз» музыка және ән театры құрылды. Жамбыл облысында тұрып жатқан халықтардың мәдениеті мен тілін үйретуге байланысты үйірмелерге аса көңіл бөліне бастады. Әдістемелік қызмет жұмысы енді тек пионер және комсомол жұмысы шеңберінде ғана емес, одан әрі қарай дами түсіп, психологиялық-педагогикалық қызмет («Досымның дауысы» сенім телефоны, психологиялық көмек кабинеті) құрылды. Пионер ұйымдары жұмысының әдістемесін баяндайтын «Болашақ педагог мектебінің» құрылуы батыл эксперименттердің бірі болды. Бұл жұмыстың нәтижесі ретінде балалар мен жасөспірімдер ұйымының жұмысын ұйымдастыруды әлеуметтік-психологиялық зерттеу және оның педагогикалық саптамасын атап айтуға болады. Зерттеуге 65 000-ға жуық балалар мен жасөспірімдер қатысты. Ата-аналармен және көпшілікпен жұмыс істейтін, балалардың қабілеті мен талантын анықтайтын және олардың дамуына көмегін тигізетін «Мүгедек балаларды әлеуметтік бейімдеу және оңалту» кабинеті жасақталды.
Биылғы оқу жылында орталыққа барлығы 2000-ға жуық бала қамтылды. Қазір орталықта «Әдістемелік», «Бұқаралық», «Балаларды дамыту және лингвистика», «Балалар шығармашылығы және спорт» және «Музыкалық эстетика» бөлімдері жұмыс істеуде. Сонымен қатар мұнда жалпы саны 65 педагог балаларға тәлім беруде. Орталық педагогтары облыстық, республикалық және халықаралық конференция, семинар, форум, көрме, байқау, педагогикалық оқуларға да үнемі қатысады.
Оқу үдерісі мен шығармашылық жұмысы қатар қайнаған мекемеге басшылық жасау аса құзыреттілік пен табандылық, еңбекқорлық пен батылдықты қажет етеді. Қазіргі таңда орталыққа педагогика саласында 20 жылдан астам тәжірибеге ие, білікті маман Балдай Ертуганова басшылық етуде. Мекеме басшысы бұған дейінде директор, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары сынды жауапты қызметтерді атқарған. Балдай Туленқызы ізденімпаз әрі шығармашыл педагог. Оның Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетінің «Педагогика және психология» мамандығы бойынша Білім магистрі атағы мен Тілдерді оқыту орталығының ағылшын тілі бойынша Pre-Intermediate (B1) дәрежесін алуы осы сөзімізге айғақ бола алады. Сонымен қатар, ол кісі 2016 жылдан бері «Talap» КЕАҚ-ның штаттан тыс тренері.
Орталықта біз жоғарыда атаған бөлімдерден бөлек «Табыс» педагогикалық шеберлік мектебі жұмыс істейді. Оның мақсаты – жас педагогтардың кәсіби дамуына жағдай жасау және тәжірибелі педагогтардың шеберліктерін жетілдіріп, олардың озық тәжірибелерін тарату. Сондай-ақ 2021 жылы орталықта инклюзия «кедергісіз орта» ұстанымымен қалыпты балалармен бірге ерекше балаларды оқытатын қосымша үйірме топтары ашылды. Бұған қоса педагогтер қаладағы «Мейірім», «Болашақ» сынды интернаттарға барып, ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жұмыс істеп, «Жұлдыз — Ай» сынды байқауларға қатысып келеді. Қазіргі таңда орталықта ерекше білім беруді қажет ететін 35 бала білім алуда.
Ерекше атап өтерлігі, 2018 жылы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында орталықта ІТ-сынып және Технопарк ресми түрде ашылды. Аталған сыныптың ашылуындағы негізгі мақсат – еліміздің ақпараттық-цифрлық әлеуетін дамыту, жаңаша ойлайтын зияткерлік ортаны қалыптастыру, жоғары деңгейдегі ІТ мамандарын дайындауға үлес қосу және оқушылардың ІТ технологияға қызығушылығын арттыру. Сонымен қатар, мұнда технопарк оқушылардың сабақ оқу және құрал-жабдықтармен жұмыс істеудегі ескертпе стендтері, робототехника және 3D модельдеу үстелдері, құрал-жабдықтары орнатылған. ІТ-сыныпта 8 және 16 жас аралығындағы оқушылар «STEM centr» академиясы 3 модульден тұратын оқу бағдарламасы бойынша білім алуда. Аталмыш бағдарламаның мақсаты – LEGO Mindstorms оқыту, үйрету конструкторы, 3D модель жасау, Scratch бағдарламасымен оқушылардың ақпаратты алу, өңдеу, тасымалдау, сақтау және қолдану процестері туралы іргелі білімді жан-жақты, әрі саналы түрде меңгеруін қамтамасыз ету. Бұдан бөлек, орталық білім алушылары «Жас сарбаз», «Көшбасшылар мектебі», «Дебат», «Білімпаз» сынды үйірмелер мен «Мерей» көркемсурет студиясына қабілеттерін шыңдап, өнер қыр-сырын терең меңгеруде.
Сондай-ақ, орталықта «Қазақстан балалары шексіз әлемде!», «Театрдың ғажайып әлемі», «Алтын қазына», «Ақ шағала», «Bilim анимация», «Менің Отаным – Қазақстан», «Менің Отаныма – менің бастамам», «Табиғатты аяла», «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам», сынды әртүрлі бағыттағы және әртүрлі тақырыптағы байқаулар мен пікірсайыс турнирлері облыс көлемінде ұйымдастырылып тұрады.
Мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталығының тыныс-тіршілігі туралы сөз қозғағанда «Боз-
торғай» үлгілі ән-би ансамблінен айналып өте алмасымыз белгілі. 1974 жылы негізі қаланған халықтық, қазіргі таңда «үлгілі» атағын иеленген аталған ансамбль тек қана біздің облысымызға ғана емес, көптеген жерлерде де танымал.
Бұдан бөлек, орталықтың оқушылары Үндістан, Белоруссия, Ресей Федерациясы, Түркия, Малайзия елдерінде өткен байқаулар да толағай табыстарға кенелді.
Алтынай ЖАТҚАНБАЙ,
Мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық
орталығының әдіскері.
ТАРАЗ қаласы.