ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОЛИМПИАДА ЖЕҢІМПАЗДАРЫ «БОЛАШАҚ» БАҒДАРЛАМАСЫ АРҚЫЛЫ БІЛІМ АЛА АЛАДЫ
Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойған болатын.
Аталмыш құнды құжат оқу-ағарту саласына тың серпін бермек. Айталық, енді беделді халық-
аралық ғылыми жарыстарда жеңімпаз атанған оқушылар ҰБТ тапсырмай-ақ мемлекеттік грантпен университетке түсе алады. Бұл олардың елде білім алып, Қазақстанның дамуына үлес қосуына жол ашады. Бұрын мұндай мүмкіндік тек олимпиада жеңімпаздарына ғана берілетін. Сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасы кеңейтіліп, енді бакалавриат деңгейінде де беріледі. Мәселен, бұрын осы тек магистратура мен докторантураға арналған болса, енді халықаралық олимпиада жеңімпаздары бакалавриат деңгейінде де білім алуға мүмкіндік алып отыр. Заңның тағы бір маңызды тұсы – қазақ тілі үшін жаңа цифрлық платформа жасалады. Осылайша, қазақ тілінің цифрлық ұлттық сөздік қоры және ұлттық тіл корпусы заңмен реттелді. Бұл жасанды интеллекттердің (ChatGPT, Алиса және т.б.) қазақ тілінде сапалы жұмыс істеуіне жағдай туғызады. Бұл бастаманың басты мақсаты – қазақ тілін жасанды интеллектпен үйлестіру және цифрлық әлемде оның сапалы жұмыс істеуіне серпін беру.
– Қазіргі таңда дарынды балалар олимпиадаларды жеңгеннен кейін халықаралық деңгейдегі университеттер өз гранттарын ұсынады. Соңғы жылдары физика пәнінен алғашқы үш орынды алған балалардың өздері де шетелдік университеттерге түсіп жатыр. Олар қайтадан қайтып келген кезде де елде әрі қарай жұмыс істеуіне қолдау керегін бәріміз білеміз. Сондықтан шетелдік кадрларды даярлау жөніндегі республикалық комиссияда халықаралық конкурстар мен олимпиадалардың тізімі бекітілген болатын. Алғашқысында олар міндетті түрде физика, математика, информатика болып есептелінеді. Қандай қолдау көрсетіледі дегенге келсек, “Болашақ” бағдарламасымен қайтып келген жастардың елде жұмыс істеуіне қатысты біршама шарттары бар. Соларды орындағаннан кейін алған міндеттемелерінен босайды. Ал енді сол дарынды балалардың көпшілігін ғылымға баулуға тырысамыз. Өйткені олардың қабілеттерінің барлығы соған лайық болып келеді. Біз білетін балалар қазір Назарбаев университетінде жұмыс істеп жатыр, — деді ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки.
«БШ» – ақпарат.