Ещё один сайт на WordPress

АҚМАРАЛ БАЙТЛЕНОВА – «БОЛАШАҚ» СТИПЕНДИЯСЫНЫҢ ИЕГЕРІ

0

Егемендік жылдары білім саласында жемісті жобалар мен баянды бастамалар жүзеге асырылып келеді. Солардың ішінде «Болашақ» бағдарламасының орны бөлек. 1993 жылдан бастау алатын халықаралық стипендия қарапайым қазақ жастарының дүниенің төрт бұрышына барып, «инемен құдық қазып» қайтуына зор мүмкіндік беруде. Енді сол аталмыш стипендияға қол жеткізгендердің қатарына Жамбыл ауданы, В.Чкалов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, магистр, педагог-зерттеуші Ақмарал Байтленова да қосылды.

1994 жылы аталған оқу ордасының табалдырығын аттаған бала Ақмарал кейін 1999 жылы отбасы жағдайына байланысты Меркі ауданындағы Сарымолдаев ауылдық округіне қарасты №1 мектепке ауысып, оны 2005 жылы үздік аяқтайды. 2005-2009 жылдары М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығын мемлекеттік грант негізінде оқып, оны да үздік тәмамдаған. 2009-2011 жылдар аралығында Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына білімін жалғастырып, педагогика ғылымдарының магистранты атанады. 2011-2016 жылдары аралығында Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында жұмыс істесе, 2016 жылдан бері В.Чкалов атындағы орта мектепте балаларды білім нәрімен сусындатып келеді. Оның айтуынша ол бұл стипендияға осымен үшінші рет құжаттарын тапсырған
екен.
– «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін өтетін конкурстық іріктеу мен үшін таңсық нәрсе емес. Себебі бұл бағдарламаға осымен үшінші рет қатысып көргенмін. Екі рет тапсырғанда 1-2 кезеңнен әрі аса алмасам, үшіншісінде бағым жанып, стипендияға қол жеткіздім. Жалпы «Болашақ» бағдарламасына қатыспастан бұрын құжаттарды реттеу, жинақтау және 072 формалы анықтаманы алу үшін медициналық тексерістен өту секілді қадамдарды орындауың керек. Бұл құжаттардың барлығын «Электрондық үкімет – Egov» порталы арқылы тапсырдым. Ол құжаттардың ішінде IELTS және ҚАЗТЕСТ сертификаттары болуы шарт. Бұл үшін емтихандардан алдын ала өтесің, оның өзі біршама уақытты алады. Өзім сол пәннен сабақ бергендіктен қазақ тілін білу емтиханы мен үшін еш қиындық тудырған жоқ. Оны 2023 жылдың жаз айында тапсырып қойғанмын. Одан С1 деңгейлі нәтиже көрсеттім. Ал ағылшын тіліне 1 жылдай дайындалдым. Базалық тілдік деңгейімді орта деңгейге көтеру оңайға соқпады. Ауылды елді мекеннен шыққан үміткерлерге жеңілдік ретінде ағылшын тілінен растайтын «IELTS: 5.0» сертификат болуы керек және шетелдік университетпен шартсыз шақырту ала алмайсың. Ал оны «Болашақ» стипендиясын ұтып алғаннан кейін ғана иеленуге мүмкіндігің бар. Менің ағылшын тілін білу деңгейім 5,5 болатын. Арнайы квоталарға тек тіл білудің шектік деңгейі ғана қарастырылған. Қалған талаптар өз еркімен тапсыратындармен бірдей. Мәселен, бакалавр дипломының қосымшасы бойынша орташа балы кемінде GPA 3.00 (4.00) балына сәйкес болуға тиіс. Менің «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығым бойынша алған дипломның балы 3,96 еді. Сондай-ақ бакалавр дипломы бойынша мамандығы мәндес мамандықтар тізбесіне сәйкес болуы керек. Аталған құжаттарымның бәрін жүктеп болған соң, олардың қабылданғаны туралы хабарлама келді. Оның өзіне бір қуанып қалдым. Кешенді тестілеуден өту күні де белгілі болды. 3 түрлі тесттен өттім. Атап айтсақ, олар – жаңа ақпаратты талдау қабілетінің деңгейін анықтауға бағытталған вербалдық және сандық ақпаратты талдауға арналған тестілер. Үшінші тест – үміткердің жеке іскерлік қасиеттері және шетелде оқуға психологиялық дайындығы туралы ақпаратты жинауға мүмкіндік беретін жеке сауалнама. Бұл тесттер маған еш қиындық туғызбады. Өзім үшін маңыздысы – ең соңғы әрі шешуші кезең – тәуелсіз сарапшылар комиссиясымен өтетін сұқбат еді. Сұхбаттасуда маған өзімнің таңдаған мамандығым, оқу орным, алдағы мақсатым, стратегиялық жоспарым және осы күнге дейін жеткен жетістіктерім секілді түрлі тақырып бойынша қазақ, орыс, ағылшын тілінде сан түрлі сұрақ қойылды. Сұхбаттасуда өзімді еркін әрі сенімді ұстадым. Өтпей қалған үміткерлер: «Комиссия мүшелері тарапынан қысым көп болды, түрлі сұрақтар қойылды, сұрақтардың астына алды», — деген еді. Әрине, олай болуы өте орынды деп санаймын, — деген ұлағатты ұстаздың таңдауы АҚШ-қа түсіпті.
– Сұхбаттасу барысында менің жетістіктерім, әсіресе білім саласына қосқан үлесім оларды қызықтырған секілді. Жетістіктеріме тоқтала отырып, «Педагогикалық идеялар панорамасы» республикалық байқауының облыстық кезеңінде алған жүлделі орным жайлы тілге тиек еттім. Мен АҚШ елін таңдадым. Себебі әлемдегі ең үздік деген жоғары оқу орындардың көбісі осы мемлекетте. Қазіргі таңда таңдап отырған магистратурада оқитын мамандығым «Counselor Education» деп аталады. Бұл мамандықты тереңнен зерттей отырып, осы сала арқылы елге қандай пайда әкелетінімді де жоспарлап қойдым, десем болады. Себебі таңдаған мамандығым қазіргі қызметіммен тікелей байланысты, яғни жұмыс тәжірибем бар. Осының нәтижесінде келешекте білім беру саласында ақсап жатқан мәселелерді шешуге атсалысатын боламын, — деп ағынан жарылды Ақмарал Абдыханқызы.
2 жылдай оқуын оқып, елге оралған соң мемлекетіміздің болашағы үшін қызмет ету – стипендиаттың алдағы мақсат-міндеттерінің бірі екен. Осы жылдар ішінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытуда өзін тәжірибелі маман ретінде көрсете білген ұстаздың бұдан да өзге толағай табыстары баршылық. Атап айтсақ, оның 2022 жылы жазған «Оқыту орыс тіліндегі 11-сынып оқушыларына арналған жиынтық бағалау тапсырмалар жинағы» атты оқу әдістемелік құралы облыстық көлемінде таратылса, 2024 жылы ҚР Оқу-ағарту министрлігі Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы жанынан құрылған жұмыс тобының құрамында «Қазақ тіліне бойлата оқытуға арналған көркем мәтіндер (өзге тілде оқытатын сыныптар үшін) жинағы» тақырыбында әдістемелік ұсынымдарды әзірлеу жұмысына атсалысқан. Сонымен қатар облыстық «Сөз мергені» атты І пән олимпиадасының 2, «Педагогикалық идеялар панорамасы» республикалық байқауының облыстық кезеңінің және «Үздік сынып жетекші» аудандық байқауының 2-орын иегері. Бұған қоса халықаралық, республикалық, облыстық іс шараларға жиі қатысып, өз тәжірибесімен бөлісіп отырады. Тәлім берген шәкірттері де түрлі байқаулардың жүлдегерлері.

Қ.Аманкелдіұлы,
журналист.
Жамбыл ауданы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.