Ещё один сайт на WordPress

ӨНЕР МЕН ӨЛЕҢ ӨЛКЕСІНДЕГІ ҰЛАҒАТ ИЕСІ

0

Бүгінде бұл бағытта аймақта ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді. Айталық, облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тікелей ұйытқы болуымен руханиятқа жаңа леп беру мақсатында ағымдағы 2025 жыл – «Кітап оқу жылы» деп жарияланып, осының аясында «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы бастау алды.
Әлімсақтан бері киелі Әулиеата өңірі қазақ руханиятында айрықша орын алатын қарымды қаламгерлерден кенде болып көрген емес. «Кітап оқу жылының» да бір мақсаты – жерлес ақын-жазушыларды көпшілікке кеңінен танытып, олардың туындыларын жан-жақты дәріптеу. Ендеше, ұлағатты ұстаздардың арасында да қаламды жанына серік етіп, әдебиеттің қазығына ат байлаған қаламгер жетерлік. Солардың ішінде Байзақ ауданындағы Абай атындағы орта мектептің директоры Жанатбек Тұрғымбаевты ерекше атап өтуге болады.
Жанатбек Әшімұлының «Көңіл көкжиегі», «Қара көз қарағым», «Ел мен Ер», «Нұр-ғұмыр» атты жыр жинақтары оқырманға жол тартса, бірқатар өлеңі Жамбыл облыстық «Өлеңдер мен әңгімелер» және республикалық «Қос ішек» атты антологияларға енген. Сондай-ақ өзі шығарған «Жайна, Жамбылым», «Сұңқарлы Ел», «Мәңгілік Ел», «Ана», «Бабаның тілі», «Ақсұңқар», «Ардагерлер» атты әндері жергілікті әншілердің орындауында кеңінен танымал. Ал «Сұңқарлар» әні республикалық арнайы әскери жасақтың әнұраны ретінде шырқалуда.
– Аймақ басшысы Ербол Шырақпайұлының бастамасымен қолға алынып отырған «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы кітап оқуға деген оқырмандардың жаңаша көзқарасының қалыптасуына оң ықпалын, әдемі әсерін тигізеді деп ойлаймын. Сондықтан алдағы уақытта оқырмандар санын көбейтіп, жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру үшін, балабақшадан бастап мектеп қабырғасындағы бүлдіршіндерге арналған кітаптардың сапасын арттырып, мектеп оқулықтарына балғындарға арналған қысқаша қызықты әңгімелерді, көне батырлар жырын, мағыналы тәрбиелі ертегілерді көптеп енгізу қажет. Сондай-ақ әлеуметтік желідегі әдепсіз, арсыз жазбаларды балдырғандар назарынан тыс қалдыруға қайрат қылғанымыз жөн. Тағы бір айта кетерлігі, заман талабына сай ұялы байланысқа байланған балдырғандар үшін арнайы арна ашып, желіге тәрбиелі, ұятты оятып, адамгершілікке жетелейтін жазбаларды жариялауға мол мүмкіндік тудыр-
ған абзал, — деген Жанатбек Әшімұлы бұл бағытта өзі басқарып отырған оқу ордасында жүзеге асырылып жатқан жұмыстарды да тілге тиек етті.
– Абай атындағы орта мектептің кітапханасында көркем әдебиеттер қоры бүгінде 2 098 дананы құрап отыр. Кітапхана қоры «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында аудандық білім бөлімі тарапынан жылда жаңа көркем әдебиеттермен қамтамасыз етіліп отырады. Қазір кітапханадағы оқырмандар саны 320 оқушыға дейін толығуда. Сондай-ақ республикалық. «Балалар кітапханасы» және «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобалары аясында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл жобалардың мақсаты – оқушыларды кітап оқуға тарту, оқырманның кітапқа деген қызығушылығын арттыру, білім беру ұйымындағы кітапханаға келушілер санын ұлғайту.
Осы бағыттағы жарқын жетістіктеріміз баршылық. Айталық, мектебіміздің 9-сынып оқушысы Ақжүніс Шәді «Фариза Оңғарсынова – поэзия падишасы» атты аудандық буктрейлерлер байқауында «Ең үздік бейнебаян» номинациясын еншілесе, «Үздік оқырман отбасы» аудандық сайысында ата-аналар қауымдастығынан бақ сынаған Қанқожаевтар отбасы бас жүлдені еншіледі. Аталған жанұя байқаудың облыстық кезеңінде жүлделі 2-орынға қол жеткізді. Сонымен қатар «Кітап оқитын мектеп» атты аймақтық байқауда мектебіміз бас жүлдені жеңіп алды, — деген мектеп басшысы оқушыларымыздың осы мақсаттағы жаңа жобалар аясында ұйымдас-
тырылған байқауларға үнемі үзбей қатысуы жалғасын таба беретінін жеткізді.
Жанатбек Тұрғымбаевтың да өнер әлемінде олжа салған кезі аз емес. Айталық, ол Жамбыл өңіріне арналған әндер байқауының, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған халықаралық жыр мүшайрасының жүлдегері болып, Ілияс Есенберлин атындағы сыйлықты иеленді. Бұған қоса Жамбыл педагогикалық институтының жанынан ұйымдастырылған және облыс-
тық тағы басқа әртүрлі деңгейдегі көрмелерге «Әке», «Ояту», «Жаңбырдан соң», «Асау» сынды және өзге де картиналары қойылған. Жамбыл облысының 85 жылдығына арналған жыр байқауының жеңімпазы.
Әрине, кітаптан құнды қазына жоқ. Осы кезге дейін адамзат баласы кітаптан асқан рухани байлықтың көзін ойлап таба алмады. Осының өзі кітаптың қаншалықты бағалы екенін айқындай түседі. Сондықтан Жанатбек Әшімұлы секілді өлең мен ұстаздықты тел емген дарын иелері барда көзіқарақты оқырманның қатары көбейіп, Жамбыл руханиятының беделі биіктей берері сөзсіз.
Қ.Аманкелдіұлы,
журналист.
Байзақ ауданы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.