МЕКТЕП ЖАСЫНА ДЕЙІНГІ БАЛАЛАРДЫҢ ТАНЫМДЫҚ ҮДЕРІСІН АСЫҚ ОЙЫНЫ АРҚЫЛЫ ДАМЫТУ ЖОЛДАРЫ
ХАМЗИНА Нургуль Сабыржановна,
№108 орта мектептің мектепалды даярлық сынып тәрбиешісі.
Астана қаласы.
Бүгінгі жас ұрпақты сонау замандардан жинақталған ата-бабамыздың өнеге-өсиетін пайдалана отырып тәрбиелеу ұлттық тұлғаны қалыптастырады. Қай заманда болмасын адамзат баласының алдында тұратын ұлы мақсат- мұраттарының ең бастысы өз халқының, өз ұлтының тәжірибесін жалғастыратын ұрпақ тәрбиелеу. Осындай тәрбиенің бірі әрі бірегейі болып табылатын құндылықтарымыздың бірі – ұлттық ойын түрлері.
Қазақ халқының ұлттық ойындарының көбі табиғи заттармен ойнауға негізделген. Шаруашылығы мал өсіруге негізделгендіктен қазақ халқының ұлттық ойындары да осыған икемделген: тоғызқұмалақ, ләнгі, асық т.б. Әсіресе, қойды көп өсіргендіктен, балалар ойынының көбі қой асығымен байланысты болып келеді.
Асық – төрт түлік малдың ішінде қой – ешкінің тілерсегінде, асық жілік басында орналасатын шымыр сүйек. Иіргенде түскен қалпына қарай асық – талшы, тәйкі, бүк, ішік деп, ал атуға арналған асық сақа деп аталады. Асық ойыны мектепалды жастағы балаларға ағзасына тигізер пайдасы орасан зор. Асық ойыны балаларды мергендікке, ептілікке, баулиды. Бұған қоса аяқ қолдың қимылын жақсартып, денсаулыққа көп пайдасын тигізеді.
Асық ойыны баланың жастайынан жүйке жүйесін шыңдап, тілін дамытып, ойда сақтау қабілетін жетілдіреді, оларды дәлдікке, ұстамдылық пен сабырлыққа тәрбиелейді. Балаға әр күні бір сағатты бөліп асық ойнатса, бала жүйке жүйесі ауруынан айығатын болады. Бұл ойынды ойнаған бала топпен жұмыс істеуді үйренеді және де топтан озып шығу қабілетіне ие болады. Асық ойнағанда адамның тек екі қолы ғана емес, сонымен қатар ойлау мүшелерінен бастап, иығы, аяғы, саусақтары, барлық бұлшық еттері қимылдайды. Кем екі баладан бастап қанша бала ойнаса да, үлкен мен кіші бір-біріне қамқор болып келісіп ойнаса да, құрдас пен құрдас бір-біріне бәсекелесіп ойнаса да әбден болады. Жүгіреді, секіреді, көздейді, тигізеді, жеңеді, жеңіледі, ұтады, ұтылады. Өтірігі, арамдығы, жалғандығы жоқ. Ұлттық ойын.
Ұлттық тәрбие. Спорт ойыны, спорттық бәсеке. Асық ойынының еңбектенген баладан, еңкейген кәріге дейін ойнайтын түрлері бар. Асық ойнау, біріншіден денені шынықтырады, екіншіден адамға барлық дене құрылысының дұрыс дамуына мүмкіндік береді. Асық бала топпен жұмыс істеуді үйренеді және топтан озып шығу қабілетіне ие болады. Сондай-ақ баланы бәсекелестікке жетелеп, талаптылыққа, достық қарым қатынасқа тәрбиелейді.
Баланың асық ойынын ойнау барысында:
*Тарихын, жүріс тәсілдерін меңгереді;
*Ойлау қабілетін арттырады;
*Ойынды ойнау барысында жаңа әдістерін қарастырады;
*Өз ойындарына талдау жасайды.
Берілетін білім мен тәрбие және дағды:
*Халқымыздың ұлттық ойындарын бойларына сіңірту;
*Ұлттық, патриоттық, эстетикалық тәрбие беру;
*Ойын ережесін сақтай білуге үйрету;
*Ойын жүрістерін дұрыс орындауға бағыт- бағдар беру.
Асықтың түрлері
*Сақа – асықтың үлкен әрі шымыр түрі. Бұл асық жеткен еркек қойдан (серкеден) немесе қошқар-текеден алынады.
*Кеней – көпшілік ойнауға арналған қарапайым асық.
*Шүкейт – жас малдың асығы.
*Қойлық – қойдың асығы.
*Ешкімек – ешкінің асығы.
*Құлжа – құлжаның асығы.
*Көктабан – қорғасын құйылған салмақты сақа асық.
*Топай – сиырдың асығы.
*Жабай – ірі асық.
*Қолқар –арқардың асығы.
Асықтың атаулары:
*Алшы – асықтың тәйкеге қарама-қарсы жағы, яғни алшы тұруы.
*Тәйке – асықтың алшыға қарама-қарсы жағы.
*Бүге – асықтың дөңес жағының жоғары қарап түсуі.
*Шіге – асықтың қуыс жағынан жоғары қарап түсуі.
*Омпы – асықтың ашасы немесе мұртша жағы жоғары қарап түсуі немесе тік тұрып қалуы.
*Шоңқай –асықтың омпаға қарсы жағынан тік түсуі.
Асық ойыны барысында қолданылатын құралдар мен әдістер: *Көн киіз – асықтың «тақта» ойыны барысында қолданылатын жұқа әрі икемді, асық атуға, қаржуға қолайлы құрал. Бұл асық ойынының түрлеріне байланысты елу де елу, сексен де сексен, жүз де жүз см көлемінде болады. Көн киізді дөңгелек шеңбер түрінде қолдануға болады. Ондай жағдайда көн киіздің диаметрі 50, 80, 100 см. Көн киіздің жиегін жіңішке ұлттық нақышты оюлармен көмкерген дұрыс.
Асық ойынының бала дамуына қосар үлесі
Асық ойыны – тәжірибе мен тәсілдің еркіндігі, тапқырлық пен болжамның қиылысатын шебі, мұрат пен меженің тоғысқан шеңбері. Ойын серіктесті таба білуге, онымен тіл табысуға үйретеді. Ойында бала қарсыласының қандай ойыншы екендігін дұрыс анықтауға ерекше мән береді, оның күш-қабілетін тура бағалау ережесіне ереді. Ойыншы бәсекесі мол қарым қатынастың тәртібіне жүгінеді. Әр ойынның өз тәртібі, тәсілі, тәжірибесін білген бала тезірек қалыптасады, жан-жақты жетіледі. Асық ойыны – баланың қабілет-қасиетін ширататын жүйелі іс-әрекеттің көрінісі. Осындай белсенділікке қазақтың балалары ерте араласқан. Асық ойнау – балалардың дүниетанымын кеңейтетін ойын. Ойынға бірнеше бала араласқанда әркім өз асығын қателеспей тауып алу үшін апа-әжелеріміз кілем және киіз жүндерін бояп жатқан қазанға асықтарды салып алатын. Сонда әр асықтың түр-түсі әр түрлі болып шыға келеді. Қызыл, жасыл, қара, көк, сары, қоңыр бояу түрлерін балалар екі-үш жасында-ақ еркін ажыратады. Бұл санауға жақсы, балалардың есепке жүйріктігі бала кезден қалыптаса бастайды.
Асық – кәдімгі санағыштың рөлін қоса атқарады. Асықтарды қаз-қатар тізу кезінде олардың санын алу, кейін ұтысты есептеп, ұпай бөліскенде жапырлап асық санау кез келген баланың математикаға бейімділігін арттырады.
Қазақ баласының есепке жүйріктігі, міне, осындай ойындарды ойнаудан-ақ қалыптасқан. Бала көп қимылдайтыны, тез шаршай қоймайтыны анық.
Асық ойындары – қимыл-қозғалысқа құрылған ойындар. Асық ойындарының әліппесі саналатын «Төрт асық» ойыны балалардың жас кезінде, енді-енді қимыл- қозғалысы көбейіп келе жатқанда ойналады. Әсіресе ыстық кезде бала аздау қимылдасын деген ниетте дүниеге келген ойын. Бір жағы баланың танымдық қабілетін арттырады.
«Төрт асық» деген ойынды балаларға жас кезінде үйретеді. Төрт-бес жасар балалардың ойнауына жақсы. Ойын мақсаты белгілі: бала бір асықта төрт түрлі пішім бар екенін және әр пішімнің әр қыры бар екенін зердесіне тез түйеді.
Қорыта айтқанда, асық ойыны:
*Ептілікке баулиды;
*Мергендікке баулиды;
*Тапқырлығы дамиды;
*Санау қабілеті артады;
*Шапшаңдыққа, еркіндікке үйренеді;
*Жылдам ойланады;
*Жылдамдыққа үйренеді;
*Бейімді қарам-қатынас жасауға үйретеді