Ещё один сайт на WordPress

ШУ ТЕМІР ЖОЛ КОЛЛЕДЖІНІҢ ШОҚТЫҒЫ БИІК

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланғаны баршаға мәлім. Бұл өз кезегінде осы мамандық иелеріне деген құрметті еселері сөзсіз. Сондай-ақ кәсіптік білім ордалары, яғни колледждерге артылатын жауапкершілік жүгі де ауырламаса, жеңілдемесі анық.

Бүгін біз мақаламызға арқау еткелі отырған Шу теміржол колледжі шалғай ауданда орналасқанымен сапалы білім, саналы тәрбие беру жағынан өзгелерден оқ бойы озық тұрған оқу ордасы. 2010 жылы өз жұмысын бастаған оқу ошағының қазіргі заман талабына сай жабдықталған материалдық-техникалық базасы,
кітапханадағы барлық оқулықтар мен зертханалары, дәріс беретін арнайы және негізгі пән оқытушылары, жатақханасы,тәжірибеден өту үшін әлеуметтік серіктестері бар.
Оқу ордасының құрылу тарихы тым тереңде жатыр. ХХ ғасырдың басында Алаш арысы Т.Рысқұловтың жетекшілігімен Қазақ даласында Түркістан-Сібір теміржолының құрылысы басталғаны баршаға мәлім. Содан бері елімізде теміржол өндірісі кеңінен қарқын алды. Әсіресе тәуелсіздік алған жылдары бұл салаға ерекше көңіл бөлініп, жер-жерде шойынжол шеберлерін шыңдайтын оқу орындары бой көтере бастады.Тоғыз жолдың торабында орналасқан Шу өңірінде де осындай білім беру ордасына қажеттілік туды. Ел экономикасының тірегі саналатын теміржол қыр-сырын кез келген адам біле бермейді. Ол үшін арнайы мамандарды оқытқаны абзал екені айтпаса да түсінікті.
Қазіргі таңда колледждің негізгі мақсаты – білікті және бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау, ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар негізінде тұлғаны қалыптастыруға бағытталған сапалы білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау. Cондай-ақ мұнда студенттермен кәсіптік бағдар жұмысын қамтамасыз ету, теориялық оқыту, өндірісте оқыту және еңбек нарығының қажеттіліктері арасындағы өзара байланысты орнатып, әрқайсысына білімге негізделген қоғамда өзінің жеке әлеуетін барынша пайдалануға көмектесетін оқыту жүйесін дамыту және еңбек нарығының өзгеріп отыратын қажеттіліктеріне дер кезінде ықпал ететін жаңа технологияларды енгізу және тиімді пайдалану басты бағдарға айналып келеді. Еліміздің әлемдік біртұтас білім кеңістігіне бағыт алу кезеңінде кәсіби мамандар дайындау үрдісінің сапасын арттыру бүгінгі күнгі білім беру жүйесінің ең маңызды міндеттерінің бірі екені белгілі. Сондықтан колледж қоғамдағы ұдайы өзгерістер білім беру жүйесінде болашақ мамандарды кәсіби ойлаудың жаңа қабілеттерін, дағдылары мен құзыреттілігін қалыптастыру жолында өзіндік миссиясымен жұмыс істеуде.
Қай елдің болса да өсіп-өркендеуі, ғаламдық дүниеде өзіндік орнын алуы оның ұлттық білім жүйесінің деңгейіне, даму бағытына тікелей байланысты. Осы орайда Шу темір жол колледжінің стратегиялық даму жоспары мәлімделген саясат пен миссияға сәйкес келіп ғана қоймай, білім беру қызметтерін көрсетуде табысты әрекет етеді және мүдделі тараптардың сұраныстары мен үміттерін қанағаттандырады. Айталық, қазір колледж студенттері «Темір жолдың жылжымалы құрамын пайдалану және техникалық қызмет көрсету (түрлері бойынша)», «Автоматика, телемеханика және темір жол көлігіндегі қозғалысты басқару», «Электр жабдықтары (түрлері және салалары бойынша)», «Дәнекерлеу ісі (түрлері бойынша)», Бағдарламалық қамтамасыз ету (түрлері бойынша) біліктіліктері білім алуда.
Колледж директоры Нұрлан Тойлыбаевтың басшылығымен оқу ордасының миссиясын іске асыру бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау бойынша күшті инновациялық позициялармен колледж моделін құруға бағытталған. Қазіргі уақытта білім беру қызметтері нарығында материалдық-техникалық, зияткерлік ресурстар мен бәсекелестік орта талаптарына колледждің жетекші позицияларын алу бойынша міндеттер өзекті болып отыр.
– Колледж жұмысының негізгі жетістіктерінің бірі – дуалды оқыту технологиясын енгізу. Оқу ошағы Шу локомотив жөндеу зауыты «Қамқор Локомотив» ЖШС, № 35 Шу байланыс және белгі беру дистанциясы, Шу электродистанциясы, Шу қалалық ЖЭС-і, ВЧД-27,«Автожүккөлік» ЖШС-і, «ХИМ-плюс» ЖШС тығыз байланыс әрі өзара серіктестік орнатты. Соның нәтижесінде колледж білімгерлері аталған нысандарда өндірістік іс-тәжірибеден өтіп, шеберліктерін шыңдайды. Бұл өз кезегінде оқуды бітірген соң тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілуіне де жол ашады. Бүгінде колледж түлектерінің жұмыспен қамтамасыз етілуі 80 пайыздан кем түскен емес, — деген Нұрлан Сейсембайұлы «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай бірқатар іс-шараны жоспарлап отырғанын жеткізді.
– Президент Жарлығымен бастау алған «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай Шу темір жол колледжінде жұмысшы мамандардың беделін көтеру, кадрлар даярлаудың сапасын арттыру, жұмыс берушілермен өзара іс қимылды кеңейту жөніндегі шараларды қамтитын арнайы жоспар әзірленді. Аталмыш жоспарға техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау, сертификатталған мамандар даярлау, кәсіпорындар мен колледждер арасындағы серіктестікті нығайту, жұмысшы мамандықтарының имиджін ілгерілету бойынша іс-шаралар, дуальды оқытудың ауқымын кеңейтіп, студенттердің кәсіби дайындығын ірі өндіріс ошақтарында жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізу кіреді. Мұның барлығы алдағы уақытта кезең-кезеңімен жүзеге асырылады, — деді колледж басшысы бізбен әңгімесінде.
Жалпы, Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының мәліметінше «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай облыста 120-дан аса іс-шара қаралған. Оның ішінде басқарма тарапынан жоспарға 50-ге жуық іс-шара енгізілген. Барлық мақсат-міндет жұмысшы мамандықтарын дамытуға, жас түлектердің жұмысқа орналасуына жәрдемдесуге бағытталып отыр. Сондай-ақ осының аясында колледж студенттері үшін 2 жатақхананың (жалпы 240 орындық) құрылысын жүргізу, 6 салалық хаб, 2 жаңа мамандық, «автомобиль құрастыру» мамандығы бойынша шетелдік білім беру ұйымының филиалын ашу, сондай-ақ «1С» сертификаттау орталығын құру көзделген. Сонымен қатар өңірде «Жаңа мамандықтардың атласы» жобасы іске қосылады.. Бұл бастама өнеркәсіп, тау-кен, ауыл шаруашылығы, құрылыс, туризм салаларында пайда болатын жаңа, сұранысқа ие кәсіптер мен мамандықтарды жүйелеуге және талдауға мүмкіндік береді. Бұған қоса биыл колледждердің материалдық-техникалық базасын жаңарту мақсатында №10 Шу және Қаратау құрылыс-техникалық колледжін күрделі жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттамаға мемлекеттік сараптама жасалған.
Осы ретте айта кетерлігі, 2024-2025 оқу жылында облыста 70 мамандық бойынша 7 486 орынға мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлінген. Оның ішінде 455 студент кәсіпорындарға қажет мамандық бойынша оқуға қабылданыпты. Осы ретте колледждер мен жұмыс беруші кәсіпорындар арасында 109 келісімшарт жасалғанын да тілге тиек ете кетейік. Сонымен бірге 13 жұмыс берушінің есебінен 26 студент білім алуда.

Қ.АМАНКЕЛДІҰЛЫ,
журналист.
Шу ауданы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.