ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ САБАҒЫНДА ҚҰНДЫЛЫҚҚА НЕГІЗДЕЛГЕН БІЛІМ БЕРУ
Серикбаева Арайлым Асаналиевна,
И. Ф. Халипов атындағы №1 жалпы білім беретін орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.
Талғар қаласы,
Алматы облысы.
«Әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиелі баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті»
М. Жұмабаев
Егеменді еліміздің бүгінгі таңдағы ең басты мақсаты жан жақты әлемдік білім кеңестігінен орын алу болып табылады. Бүгінгі жас ұрпақ егемен еліміздің болашағы, халық тағдырын жетелейтін азамат. Ал сол ұрпаққа әлемдік деңгейде өркениетті негізде білім мен тәрбие беру, ұлттық құндылықтарды жас ұрпақ бойына сіңіру ғаламдық мәні бар мәселеге айналып отыр. Ғаламдану үрдісінде ұлттық құндылықтарды сақтау мен өзінің бет бейнесін, ізгі дәстүрін сақтау жолындағы күрес ұлттың сананы сақтау күресі екенін түсіну, яғни, ұлттық сана сезімімен мінез құлқының ана тілінде, ата тарихын, төл мәдиетін және ұлттық салт дәстүрді меңгеруі негізінде қалыптасқан жеке — тұлғаны тәрбиелеу міндетін айтамыз.
Қазақстанда білім берудің барлық деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты елдегі барлық мектептердің құндылықтары мен мақсаттарын анықтай отырып, мектеп жұмысының шеңберін белгілейді. Қазақстан негізгі орта білім беру мазмұнында айқындалған негізгі құндылықтар: қазақстандық патриотизм мен азаматтық жауапкершілік; құрмет; ынтымақтастық; еңбек пен шығармашылық; ашықтық; өмір бойы білім алу.
Бүгінгі күні біздің әр оқушымыздың бірегейлігі, жақсы білім алу құқығы, құндылығы – әр оқушының өз болмысымен ерекше және құнды екендігіне негізделген. Әр оқушы адам ретінде және қоғам мүшесі ретінде өзінің әлеуетін толық ашуға құқылы.
Қазіргі білім беру жүйесін әр оқушыдан білімді адам және белсенді азамат қалыптастыру құндылықтарының негізі ретінде қарастырудамыз.
Құндылықтар-өміріміздің басты бөлігі. Құндылықсыз адам да, қоғам да болмайды. Адамның адамнан айырмашылығы — оның бойындағы ізгі қасиеттерде, адамгершілік құндылықтарда. Сол себепті адами қасиеттерді үнемі азықтандырып отыру өте маңызды.
Адами құндылықтарды тану, білу, үйрену және үйрету технологияның ісі емес. Жан-жақты қабылдауы ашық қазіргі белсенді жастарды дұрыс бағытқа сілтеу үшін оқу мен тәрбиені құндылықтарға негіздеудің дәл қажетті уақыты. Құндылықтар негізінде оқыту жаңа заманның талабына сай тұлғаның жалпы мәдениетін қалыптастыру, қоғам өміріне бейімдеу, кәсіпті, мамандықты саналы түрде таңдауға және меңгеруге, салауатты өмір дағдыларын негіз жасауға бағыттайды.
Халықаралық зерттеулер де құндылықтар негізінде білім беру барлық мүдделі тараптардың: отбасы, мектеп және қоғамның қатысуымен, жан-жақты кешенді түрде жүзеге асырылуы керек деп тұжырымдайды.
Адам көп оқып, көп білуі мүмкін, бірақ ол оқығанын іс-тәжірибе ретінде өмірде қолданысқа енгізбесе, тек мәлімет болып қана сақталады. Ондай білімнің өзіне де, өзгеге де пайдасы шамалы. “Кісінің кісілігі — ақыл мен жүректің келісіп шешкен ісінде” деген халық даналығына сүйенсек, өз бойындағы құнды қасиеттерді перзентіне үйрету, өмір тәжірибесімен бөлісу, балаға бала деп қарамай, онымен санаса, ақылдаса отырып, шешім қабылдау – ұстаз бен ата-ана еншісіндегі іс.
Оқыту мен тәрбиелеудегі құндылыққа бағытталған тәсіл жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды, адамның өмірі мен денсаулығын, жеке тұлғаның еркін дамуының басымдықтарын, патриотизмді, еңбекқорлықты, адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуге тәрбиелеуді көздейді. Бұл тәсіл білім беру процесінің тәрбиелік әлеуетін арттыруға, оқыту мен тәрбиелеуді интеграциялауға, білім беру әдістемесін, мазмұны мен құрылымын жаңартуға бағытталған. Сабақта оқушының жеке басын қалыптастыру процесі нақты өмірмен байланысты материалға негізделуі керек, тек осы жағдайда ғана оқыту мәнді және тиімді болады. Сабақтың тиімді болу шарттарының бірі – білім алушылардың бойында базалық құндылықтарды қалыптастыру. Сабақты ұйымдастыруда құндылықтарды қалыптастыру оқу мақсаттарына тікелей байланысты. Мысалы, 2-сыныптың қазақ тілі пәнінде берілген «Дені саудың жаны сау» бөлімінде 2.2.5.1* дереккөздерден (сөздік, анықтамалық, энциклопедия) мәліметті табу жолын анықтап, берілген тақырып, сұрақ бойынша мәліметті іріктеп алу мақсатын жүзеге асыру үшін «Дұрыс тамақтану» тақырыбын алуға болады. Тақырыпты талдау арқылы білім алушылар денсаулықты сақтау үшін қажетті дәрумендер мен пайдалы тағамдар туралы біледі. Осылайша, мәтінді талдау оқу мақсатын пысықтайды және дұрыс тамақтану жолдарына қатысты жаңа ақпаратты зерттейді. Әрі қарай жазылым кезінде (2.3.2.1* үлгі бойынша қарапайым хабарландыру, хабарлама жазу) білім алушы денсаулық пен дұрыс тамақтанудың маңыздылығы туралы хабарлама жаза алады. Қазақ тілі сабағында
6-сыныпта «Су – тіршілік көзі» тақырыбындағы мәтінді оқыта отырып, «6.1.2.1 әлеуметтік-мәдени, ресми-іскери тақырыптарға байланысты диалог, монологтердегі (нұсқаулық, өмірбаян) көтерілген мәселені талдау»; «6.1.3.1 тыңдалған мәтіннің мазмұнын түсіну, детальді ақпаратты анықтау» оқыту мақсаттарымен жұмыс жасау арқылы «Су – тіршілік нәрі» тақырыбындағы тапсырмадан негізгі, қосымша, детальді ақпараттарды анықтата отырып, білім алушыларға мәтін мазмұнына сай халықтың «судың да сұрауы бар» деп неге айтқандығын түсіндіреміз. Сол арқылы судың халықтың байлығы, 13 игілігі екендігін, пайдасын, ысырапшылыққа жол бермеу керектігін, сусыз тіршілік болмайтындығын айта отырып, білім алушылардың бойына патриотизмді, еңбекқорлықты, үнемшілдікті, адамгершілікті, жауапкершілікті сіңіреміз. Білім алушылар саналы түрде табиғат байлығының адам игілігі үшін екендігін түсінетін болады. Адами құндылықтарды дарытуда әлеуметтік-қоғамдық, мәдени тақырыптарға байланысты диалог, монологтердегі (пікірталас, жаңалық, интервью) автор көзқарасы мен көтерілген мәселені талдау арқылы ортақ шешім мен өзгенің пікірін тыңдай білу дағдысы қалыптасады. 9-сыныпта қазақ тілі пәнінде білім алушылар «Сарқылатын және сарқылмайтын табиғи ресурстар» тақырыбы бойынша «9.1.3.1 тыңдалған мәтіндегі ақпаратты өмірлік мәселелермен байланыстыра білу» оқу мақсатымен жұмыс жүргізуде табиғат ресурстары туралы, геология ғылымы, Қазақстандағы металлогения мектебінің негізін қалаушы Қаныш Имантайұлы Сәтбаев туралы, оның ғылымдағы өмір жолы, адам ретіндегі биік бейнесі туралы біледі. Мәтін мазмұнын оқи отырып, оқу мақсатына сай мәтіндегі ақпаратты өмірлік мәселелермен байланыстыру арқылы білім алушының бойында адамгершілік, отаншылдық, патриоттық, экологиялық құндылықтарды қалыптастыру көзделеді. Сонымен қатар жалпыадамзаттық құндылықтармен бірге баланың жауапкершілігін, тыңдау мәдениетін қалыптастырады; өміршеңдікке баулиды; сауаттылыққа, ойын жүйелі жеткізе білуге дағдыландырады.
Қазақ әдебиеті сабағында құндылыққа бағытталған тәсілді іске асыру қазақстандық патриотизмді, өз елінің өткен тарихына, ата-бабаларымыздың әдебиеті, мәдениеті мен әдет-ғұрыптарына құрмет көрсетуді жүзеге асырудың мүмкіндіктерін көздейді. Көркем шығарманы оқыта отырып, оқушы бойына төмендегідей құндылықтар қалыптастыра аламыз:
«Қобыланды батыр» жыры арқылы: Оқушылар көркем шығармадағы жекелеген эпизодтар арқылы тарихи құндылықтар мен кейіпкерлерді талдап танып, ол құндылықтарды шынайы
өмірмен байланыстыра отырып бағалайды. Шығарма кейіпкерін өзіндік құндылық болмысы тұрғысынан талдап, нәтижесінде әдеби эссе, оқырман ретінде өзінің рухани дүниесіне әсерін бағалайтын сыни хабарлама жазады.
Т. Әбдіков «Қонақтар» әңгімесінде: Көркем шығарманың идеясы мен мазмұнына қарай отбасылық құндылықтарды (үлкенді сыйлау, отбасын сақтау, кішіге қамқорлық, туралы шағын сыни шолу жазу қонақжайлық) анықтай отырып, оқу мақсатын жүзеге асыру кезінде шығарманың эстетикалық құндылығын, көркемдік құндылығын талдайды.
Жиембет жырау «Еңсегей бойлы Ер Есім» шығармасында: Оқу мақсатын жүзеге асыру кезінде де, шығарманы меңгеру кезінде де патриотизм — өз Отанына деген мақтаныш, адамның қоғам мен мемлекетке, елдің тарихы мен дәстүрлеріне деген құрметі Есім ханның бейнесін талдау арқылы қалыптасады.
Құндылықтарға негізделген білім беру заман талаптарын ескере отырып, адамның ізгі қасиеттерінің маңыздылығын көрсететін бейне жазбалар ұсынылады. Уақытының бірнеше минутын ғана бөлу арқылы бейне жазбаларды көрген әрбір жанның жүрегі жақсы сезімдерге бөленіп, ойына жаңа серпілістер сыйлайды деп сенемін.
Сонымен қатар құндылықтарға баулуда кітап оқудың да маңызы зор. “Кітап-ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына”-деп, шығыс ақыны Науаи айтқандай, әр шаңырақтан табылатын кітаптың пайдасын өз игілігімізге жарата білуіміз қажет. Мұғалім оқушының жанында 24 сағат бола алмауы мүмкін, бірақ кітап оны ешқашан жалғыз қалдырмайды. Сондықтан, балаға қандай жағдайда да оқуды дағдыға айналдыруға көмектесу керек. Бұл ретте балаға ересектер де үлгі болса құптарлық іс. Кітап оқудың таным, білім, рухани байлық болуынан басқа да көптеген артықшылықтарын түсіндірген абзал. Мысалы, адам оқыған кезде жады мен эмпатияны жақсартып қана қоймай, сонымен бірге, өзін жақсы және позитивті күйде сезінеді. Кітаптың жақсылығы көп-ақ, дегенмен ересектердің үлгі бола отырып, сол кітапты балалармен бірге оқуы, кітап туралы пікірлесуі маңызды болып табылады.
Өз тәжірибемде қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытуда ұлттық құндылықтарымызды өз сабақтарымда пайдаланамын. Сабақты түрлендіру арқылы мақал-мәтелдер, шешендік сөздерді қолданып бала бойында ұлтымызға ғана тән терең ойлау, шебер сөйлеу дағдыларын дамытып, тіл көркемдігін сақтауға өз үлесімді қосудамын. Халықтың тілі-халықтың жаны, тамыры, ойы, өрісі.
Жеке тұлғаны ұлттық құндылықтарды пайдалана отырып тәрбиелеуде, халық ауыз әдебиетінің қарапайым үлгілерін біртіндеп күрделенуіне қарай таңдап алдым. Тұлғаның рухани дүниесіне әсер ете отырып, ең алдымен әдептілігіне аса назар аудардым. Өйткені, әдептілік-халқымыздың ұлттық психологиясының өзегі, оның ғасырлар бойы қалыптасқан барысында «әдеп», «әдептілік» деген түсініктер төңірегінде ұйымдастырған мақал-мәтелдер сайысы, ұлттық ойындар игі нәтижесін көрсетуде.
Қорыта келе, оқушыларға қазіргі заманға сай сапалы білім берумен қатар дарынды, сауатты, парасатты, жан-жақты дамыған, ой-өрісі кең, әлемдік, ұлттық, отбасылық тәрбие құндылықтарын бойына сiңiрген ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі таңдағы маңызды міндеттердің бірі.
Еліміздің келешегі – жас ұрпақ ұлттық сана-сезімі оянған, адамгершілігі және рухани ойлау дәрежесі жоғары, мәдениетті, парасатты, ар-ожданы мол, салауатты, жоғары патриоттық санасы, өз елі үшін мақтаныш сезімі қалыптасқан азаматты тәрбиелеуіміз тиіс. Өйткені, ата-бабамыздың сан мыңдаған жылдар бойы асыл арманы болып келген «Мәңгілік Ел» болу идеясын жүзеге асырушы, ол, әрине жас ұрпақ.
Сол себепті, біліммен бірге жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды қалыптастырған дені сау, рухы биік, мәдениетті, парасатты, ар-ожданы мол, еңбекқор, іскер ұрпақты тәрбиелеу мақсат етіледі.
Пайдаланылған әдебиет:
1«2023-2024 оқу жылында Қазақстан Республикасының орта білім беру ұйымдарындағы оқу-тәрбие процесінің ерекшеліктері туралы» әдістемелік нұсқау хат. – Астана:
Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА, 2023. – 107 б. ( 12-14 бет.)
2.Әбдікәрім Т.М. Білім және тәрбие берудің негізі – оқулық.//Тіл білімі.-Астана, 2008.- 110-115-б.
3.Курманбаева Ш.К. Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы // «Қазіргі заманғы қоғам дамуы аясында жастарға рухани-адамгершілік тәрбие беру» атты ҚР Тәуелсіздігінің 25жылдығына арналған халықаралық сырттай ғылыми тәжірибелік конференция материалдары. –Өскемен, 2017. – 131-135б.