Ещё один сайт на WordPress

МАЗМҰНЫ ЗОР, МАҢЫЗЫ ТЕРЕҢ МОҢҒОЛИЯ САПАРЫ

0

Жуырда әуелі Алла, содан соң кәсіподақтағы қызметім аясында республикалық салалық ұйым төрағасы Айгүл Мұқашеваның ұсыныс-қолдауымен Моңғолия еліне Қазақстандық делегация құрамында іс сапарға бару нәсіп болды.

Мұндағы негізгі мақсат пен себеп – Моңғолия білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының құрылғанына 100 жыл толуы, яғни ұйымның ғасырлық межелі белесіне арналған халықаралық шараларға қатысу. Біздің ұйымның ақпараттық парақшаларында іс сапардың ресми хабарлама-жазбалары жарияланды. Енді мен өз кезегімде сапар барысында көріп, көңілге түйген, біраз ой салған тұстар туралы қалам тартуды жөн көрдім.
Моңғолия Шығыс Азияда орналасқан, Солтүстігінде Ресеймен, Оңтүстік, Шығысы мен батысында Қытаймен шектесетін, жер көлемі бойынша әлемде 18-ші орында тұрған тәуелсіз мемлекет. Дей тұрғанмен, ресми дерекке сүйенсек халық саны небәрі 3 млн 330 мың, оның ішінде 4 пайыздан астамын біздің қандас бауырлар – Қазақтар құрайтын ел екен.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылдың қазан айында Моңғолия еліне ресми мемлекеттік сапары жасалды. Тәуелсіздік жылдарында араға 16 жыл салып жасалған екі ел арасындаға бұл ресми сапарда Ынтымақтастық пен Бірлік декларациясы, сондай-ақ саяси-экономикалық, әлеуметтік, рухани-мәдени қарым-қатынасты дамытуға бағытталған 12 құжат, келісімшарттар мен меморандумдарға қол қойылды. Халық саны аз елде кәсіподақ сияқты азаматтық қоғам институты өкілдерінің саны да тиісінше жоғары болмасы анық. Ресми деректерде Моңғолияда кәсіподақ мүшелігіне қамтылған еңбек адамдарының саны 400 мың төңірегінде екені келтірілді. Оның ішіңде ұстаздар кәсіподағына біріккендер саны 40 мың шамасында адам екен.
Моңғолияда мені сүйсінткен бір жағдай – тілге құрмет, өз ұлтын төмендетпеуі. Ресми деректе халқының 98 пайызы өз ана тілі – моңғол тілінде сөйлейді делінген. Расымен солай екен.
Аға буын өз тілінде ойлайды, сөйлейді, орыс тілін түсінеді, сөйлейді. Орта буын өз тілінде ойлайды, сөйлейді. Орыс тілін шамалап түсінеді, бірақ қажет етпейді. Ағылшын тіліне ұмтылысы жоғары. Жас буын өз тілінде ойлайды, сөйлейді. Ағылшын тілін белсенді меңгеруде. Орыс тілін түсінбейді, сөйлемейді, мүлдем қажет етпейді…
Біз кездескен, сұхбаттас болған моңғол ұлтының өкілдерінен бір байқағаным, өздерін еш ұлтпен тарихи-мәдени-рухани-тілдік-ділдік тұрғыда байланыстыруға аса құлшыныс танытпайды. Өздерін Ұлы Шыңғыс хан ұрпағымыз деп көрсетуге тырысатындығы.
Ондай мінез-құлықтары музейлері, ғимараттары, ескерткіштері, рухани-мәдени-тарихи орындары, туристік нысандарында көзге ұрып тұр. Оған 9 қабаттан тұратын Шыңғыс ханның зәулім Ұлттық мұражайы, Ұлан батырдан 54 шақырым жерде орын тепкен биіктігі 50 м Шыңғыс ханның тарихи-мемориалдық ескерткіш-кешенмен танысқанда ерекше көзіміз жетті.
Мысалы, біз – қазақтар «Түбіміз бір – Түркілерміз. Көшпенді дәуір мен мәдениеттің заңды мұрагеріміз, алты Алашпыз, Қазақ-Қырғыз біртуған» деген сынды біртұтастықты жиі айтамыз, насихаттаймыз, дәріптеуге тырысамыз. Ұлттық бірегейлік, Ұлттық код деген дүниелер жай ғана дыбыс болмағаны абзал.
Ресми дереккөздерден, тарихтан Моңғолияда қазақтардың мекендейтіні, негізінен Баян Өлгей аймағында шоғырланғандығы, өз тілі мен мәдениетін, дінін сақтайтыны, Тәуелсіздік жылдарында жүргізілген көш-қон процестері барысында атамекенге 83 мың адам көшіп келіп, оның 12 мыңнан астамы Моңғолияға кері оралғаны белгілі.
Ұланбатырға табанымыз тиіп, алғашқы кездесулер мен түсінісу мүмкіндігі болған сұхбаттарда «Сіздің елде біздің қандас бауырлар – қазақтар бар екенін білеміз. Қазақ мектептері, мәдени-рухани орындары мен орталықтары, дәмханалары, ел астанасында қазақтар басым шоғырланған мөлтек аудан, көшелер бар ма? Ресми қызметтерде, біз келген кәсіподақтық шарада қазақтар қамтылады ма, жоспарлы шараларда олармен кездесу көзделген ба, егер болмаса ұйымдастыру мүмкін ба?» деген сынды сұрақтар қоя бастадым. Шынымды айтсам, тұщымды жауап ала алмадым…
Осылай бірде-бір қаракөз бауырымызды кездестірмей, оларға қатысты сұрағымызға жарытып жауап ала-алмай жүрген сапарымыздың үшінші күнінде Моңғолия кәсіподақтары Федерациясының бас ғимаратына басшылық құраммен, салалық кәсіподақ жетекшілерімен кезекті ресми кездесу-келіссөздерге барғанда қазақтар туралы сұрағымды жалықпастан кезекті рет қойып жатқаным сол еді кездесу өтетін шағын мәжіліс залына «Ассалаумағалейкүм!» деп қап-қара бір уыс ғана қағылез жігіт кіріп келді.
Біздің кездескендегі ерекше қуанышты сәтті, оның көзіндегі жылтырап тұрған отты көру өз алдына бір эмоция болды. Біздің қасымызда ілесіп, аудармашылық жүргізіп, қонақжайлық танытып жүрген моңғолиялық әріптестер де қуанып кетті (шала жансар аудармадан шаршаған болар)….
Жөн сұраса келе ол азамат Моңғолия кәсіподақтары Федерациясының Халықаралық байланыстар бөлімінің қызметкері болып жұмыс атқаратын жас маман Бейбітхан Мұстафа есімді бауырымыз болып шықты. Жамырасып аз-кем хал сұрасқан соң кездесулердің ресми бөлігі басталды. Мұстафа бауырымызды «штаттан тыс аудармашы» етіп алдық. Тілдік шектеулерге байланысты ойымызды толық жеткізе алмай «қарнымыз ашыңқырап» жүрген біздер ана тілімізде көсіліп сала бердік.
Мұстафа бауырымызды басшыларынан сұранып бізбен ілесіп жүруін өтіндік. Осылайша, Мұстафа бізді ресми кездесуден соң Моңғолияның Ұлттық мақтанышы саналатын 10 мыңнан астам жәдігері бар Шыңғыс хан ұлттық музейіне, соңынан түскі асқа алып барды.
Экспозицияның негізгі бөлігі Шыңғыс хан тұлғасына арналған. Бұдан бөлек, көрмеде Ғұн дәуірінен бастап, XX ғасырға дейінгі Моңғол мемлекетінің қалыптасу кезеңдерін толық қамтитын артефактілер қойылған. Ұлан Батордың біраз жерлерін аралап, кәдесый алатын жерлерге барып болған соң бауырларымыздан қазақ дәмханасына апаруды сұрандық. Жергілікті бауырларымыз жақсы білетін бір-екі дәмхана бар екен. Соның бірі «МЕДИАНА» мейрамханасына барып арқаны кеңге салып ыстық бауырсақ, қайнатпа сорпа, тары қосылған қою сүт шай, мұсылманшалап сойылған малдың етінен дәм татып, бауырларымызды және бізді күтіп алып-шығарып салып, аудармашылық қызметін көрсеткен Гэндэнжамц Цэцэгмаа есімді Ұстаз әріптесімізге қазақи дәстүрмен шай беріп, аз-кем сый сияпатымызды жасадық.
Мүсінші Қазым ағаның біздің Әулие ата жерінен табылған арғы тарихы бір жарым мың жылдан сыр шертетін балбал тастың шағын көшірмесін Моңғолия кәсіподақтары Федерациясының Вице Президенті Баяраа Рагчаа мырзаға, сары майдай сақтап барған Тұрарды тірілткен, Тұрарды түлеткен шығарманың авторы ШерАғаның мүсінін, «Қызыл жебе» және Шерхан Мұртазаның қаламынан туған өзге де шығармалармен танысуды кеңес бере отырып Мұстафа бауырыма сыйға тарттым.
Қымбатты, Достар!!!
Осымен Моңғолияға сапарымнан көріп-көңілге түйгендерім бойынша жазбам тәмам…
Бүкпесіз ойларым бәлкім біреуге ұнар, біреуге ұнамас…..
«Атың барда – жер таны желіп жүріп,
Асың барда – ел таны беріп жүріп.
Жоқты бар десең – құт болар,
Барды жоқ десең – жұт болар…» деген ғой ілгерідегілер…
«ӘР ҚАЗАҚ — МЕНІҢ ЖАЛҒЫЗЫМ!» дейтін бауырлар көбейсін!

Ерұлан МАҒЗЫМБЕКОВ,
Жамбыл облыстық білім және ғылым
қызметкерлері салалық кәсіподағының
төрағасы.

Тараз — Ұланбатыр — Тараз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.