«ВАЗЕЛИНДІ» ЖЕУГЕ БОЛА МА?
Адамның өмірін үш кезеңге бөліп қарастырсақ, соның ішінде ең тәттісі, ең аяулысы балалық шақ екеніне ешкім де күмән келтірмес. Бұл кезеңнің әрбір сәті, әрбір сағаты, тіпті әр секунды жүрек түкпірінде жатталып, санаңа мәңгі өшпестей қашалып жазылады. Сондықтан жыл өткен сайын балалық күндерден неғұрлым алыстай бастасаң, оған деген сағынышың соғұрлым арта түседі.
Бүгінгі «Біз де бала болғанбыз» айдарының кейіпкері – Жамбыл аудандық білім бөлімінің басшысы Зәуре Абдирасилова да балдан тәтті балалық шағын қимастықпен еске алады.
– Мен 1977 жылы қазіргі Түркістан облысы, Отырар ауданы, Балтакөл ауылында дүниеге келдім. Отбасымда алтыншы баламын. Анам маған жүкті болған кезде әкемнің ағасы ұл болады деп күтіп, бауырына басқысы келген екен. Ол кісіні «ата» деп атайтынбыз. Сол атамның өз кіндігінен үш қызы бар. Мен дүниеге есігін ашқан соң атам ойын өзгертпей, Сәуле деген қызына ұйқастырып маған Зәуре деген есім қойып, бауырына салды. Осылайша, екі үйге де ортақ қыз болып бой жеттім. Атам Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер, ауылдағы абыройы биік азаматтардың бірі еді. Сондықтан шығар мені бүкіл ауыл еркелетіп, алақанына салып аялап өсірді десем, артық емес. Әлі күнге дейін бұл сүйіспеншілік еш өзгерген жоқ. Қазірдің өзінде де ауылдастарым мен әулетіміздің ыстық ықыластарын үнемі сезініп келемін, — деді Зәуре Сәдуақасқызы көңіл дүрбісімен өткенге көз тастай отырып.
Әр баланың тұлға болып қалыптасып, ғұмыр-дариядағы өз толқынының ағысына ілесі білуі үшін көп нәрсе қажет емес. Бастысы, алдыңда шамшырақтай жарқырап, темірқазықтай жол көрсететін ата-анаң, бауырына басатын бауырларың, ұлағатын аямайтын ұстаздарың тұрса жеткілікті. Бұл сөзімізді ұлы Абайдың «Адамның адамшылдығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады», — деген тәмсілі айғақтай түседі. Кейіпкеріміз бұл үшеуінен де жолы болған жан. Оның бұл тұрғыдағы толғанысы көңілдің қылын шертіп, жаныңа нұр құяды.
– Ауылдағы Ыбырай Алтынсарин орта мектебінде білім алдым. Ата-анам сол жерде 40 жылдан аса ұстаздық етті. Сол үшін біз үнемі «мұғалімнің баласы» деген атқа кір келтірмеуге тырысып өстік. Әкем Сәдуақас өте әділ адам болатын. Сабақ берген кездерінде «жақсы» деген баға қоятын. Ал ол кісіден «өте жақсы» деген баға алу ең қиынның қиыны еді. Кейде өзіне де айтып, енді бірде іштей үнсіз ғана «мен жоғары бағаға лайықтымын» деп өзіме дем берген кездерім де аз болған жоқ. Мүмкін бүгінгі балаларға жиі айтып жүрген «ішкі рух мықты болуы керек» деген кеңесіміздің сыры осында жатқан шығар.
Мектеп қабырғасында білімді де білікті ұстаздарға кенде болған емеспін. Сабағының әр минутын ұтымды жұмсайтын, жауапкершілікті мойнына ала алатын, оқушыларына талап қоя білетін, әділ ұстаздарды әлі күнге ерекше құрметтеймін. Мәселен, физика пәнінен сабақ берген Анар апай, неміс тілін үйреткен Салима апай секілді биік парасаттан нәр алған ұстаздарымның әрқайсысының мен үшін орны бөлек. Олар бізге құр тәлім беріп ғана қоймай, адам болып қалуға, адамгершілік, ар-иба секілді асыл қасиеттерді өмірлік серік қылуға тәрбиеледі, — деген Зәуре Абдирасилова өз ойын әрі қарай балалық асқақ арманымен ұштастырды.
– Бала кезімде ауырған адамдарды емдеуге көмектесетін дәрігер болуды армандадым. Бірақ әкем «Мұғалім боласың, қыз балаға ең лайықты жұмыс – осы. Бір мезгіл жұмысқа барып келесің, ал қалған уақытында қыз баласы жанұясының қасында болуы керек» деп кесіп айтты. Алайда, қазір қарап тұрсам қызметтің қамымен таңның атысынан кештің батысына дейін жұмыста жүремін. Тәңір жазған тағдырдың сыйы осы шығар, бәлкім?!, — деп ағынан ақтарылды кейіпкеріміз.
Біз жоғарыда сөз еткен, тұлға болып қалыптасуға тірек болатын үш тағанға өскен орта, дос-құрбылар да тұғыр екені анық. Тек солардың арқасында өміріңнен өшірілмес қызықты оқиғалар туындайды.
– Бір күні химия сабағында ұстазымыз «Вазелин» майының құрамы туралы «дәмді», «ашық түсті» деп түсіндіріп жатты. Содан мен «апай, жеуге бола ма?» деп сұрадым. Сонда мұғаліміміз қабақ шытып «Зәуре, үйге барып, нанға жағып же!» деп қатқыл жауап берді. Әрине, сыныптастарым бұған ду күлді. Ол кезде бала болғандықтан бұл сөзді басқаша түсінгеніммен, қазір «әдейі қойылған сауалға әдейі айтылған жауап екен ғой» деп апайымды тереңірек ұғындым. Құрбым Шынар екеуміз сыныпта ерекше белсенді оқушылардың бірі болдық. Бұл 90-жылдардағы тоқырауға тұспа-тұс келген кезең еді. Соған қарамастан қыздардың бірі шоққа піскен таба нан, енді бірі қуырылған қант алып келсе, соны бір үйдің баласындай бөлісіп, халқымыздың мәтелімен айтсақ, «басып жемей, шашып жейтінбіз». Бұл – өзара сыйластықтың, бауырмалдықтың, рухани тәлім-тәрбиенің, балталасы бөлінбейтін бірлік пен ырысты тасытқан ынтымақтастықтың керемет көрінісі, — деп түйіндеді өз сөзін Зәуре Абдирасилова.
Асқар таудай әкесінің қалауымен ұстаздық жолды таңдаған кейіпкеріміз еңбек жолында биік белестерді бағындырып келеді. Айталық, 1999-2017 жылдары М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің оқытушысы, аға оқытушысы, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарса, 2017-2018 жылдар аралығында елордадағы Қазақ ұлттық хореография академиясы «Ғылым және жоғарғы білім» бөлімінің басшысы болып еңбек етті. Ал 2018-2023 жылдары Тараз қалалық білім бөлімінің №3 мектеп-лицейін басқарса, 2023 жылдан бері Жамбыл аудандық білім бөлімінің тізгінін ұстап келеді.
Әңгімелескен Қ.Аманкелдіұлы,
журналист.
Жамбыл ауданы.