СИНГАПУРЛЫҚ ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІ ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА ТӘЖІРИБЕГЕ ЕНГІЗІЛЕДІ
8-15 желтоқсан аралығында Сингапур мемлекетінде «STEM білім беру
индустрия 4.0 үшін инновациялық технология ретінде Сингапур тәжірибесі» тақырыбында халықаралық тағылымдама ұйымдастырылды.
Халықаралық ынтымақтастықты нығайту, тәжірибе алмасу, озық елдердің білім беру жүйесінің жетістіктерін таныту, Сингапурда техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау, жастар үшін техникалық және кәсіптік білім берудің тартымдылығын арттыру мақсатында өткен басқосуды CIEI халықаралық білім беру және инновация орталығы мен Marshall Cavendish Institute ұйымдастырды. Аталған тағылымдамаға Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Ляззат Кзылкулова бастаған 10 адамнан құралған делегация арнайы барып қатысып қайтты.
– Бағдарлама аясында Сингапурдағы білім беру жүйесіне толық шолу жасап, олардың сапалы инновациялық білім беру стандарттарына қалай қол жеткізгені туралы жан-жақты мағлұмат алдық. Осының нәтижесінде Сингапурдағы орта және кәсіптік білім беру жүйесіне шолу, Сингапур политехникалық колледжінің білім берудегі цифрлық трансформациясымен танысу, алдыңғы қатарлы зертханалар мен инновациялық білім беру орталарына, ақылды зауытқа, NIE ұлттық білім беру институтына баруға мүмкіндік туды. Сапар барысында Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы мен Marshall cavendish education компаниясы арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Осы ретте сингапурлық оқыту әдістемесінің Жамбыл облысында енгізілуі білім сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам екенін айрықша атап өткен абзал. Бұл әдістеме өңір ұстаздарына әлемдік деңгейдегі білім беру контенттерін және үздік оқыту тәсілдерін меңгеруге мүмкіндік береді.
Жалпы Сингапур білім беру жүйесінің тиімділігі халықаралық зерттеулерде дәлелденген. Ондағы оқушылардың жоғары көрсеткіштері мен педагогикалық мамандарды дайындаудағы жетістіктері оның бүкіл әлем бойынша жоғары бағалануына өз септігін тигізіп отыр. Сондықтан Жамбыл облысы үшін бұл тәжірибе алмасу меморандумы білім сапасын арттыру, оқыту әдіс-тәсілдерін жаңарту және педагогикалық кадрларды дайындау бойынша тың серпін беретіні сөзсіз, — деді Ляззат Әбілдақызы.
Сингапурлық оқыту әдістемесі алғаш-қы болып Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжіне тәжірибе ретінде енгізілмек. Ал бұл әдістеме педагогтарды сапалы даярлауға және оқушылардың білім алу тиімділігін арттыруға қаншалықты үлес қоса алады? Бұл туралы Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғарғы колледжінің директоры Саясат Есеевтен де сұрап көрген едік.
– Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғарғы колледжі 1920 жылдан бастап педагогикалық мамандарды үздіксіз даярлап келеді. Колледждің «Бастауыш білім беру» және «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандықтары бойынша көп тілде оқыту көзделіп отыр.
Болашақта колледж түлектері елімізде инвестициялық жобаларымен жұмыс атқарып жатқан шет мемлекеттерінің балаларын оқыта алатын болады. Сонымен қатар, Қазақстан азаматтарының арасында да балаларын балабақша немесе 1-сыныптан бастап ағылшын тілін қосымша меңгеруге сұраныстар өте көп. Мұндағы негізгі мақсат – көп тілде білім бере алатын педагог мамандарды даярлау. Осыған орай, алдағы оқу жылында колледждің оқыту бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына оқу бағдарламаларын әзір-
леуге министрлік тарапынан акамедиялық дербестік берілген. Көп тілде білім беру жүйесі бойынша көптеген елдердің озық тәжірибелері бар. Дегенмен, Сингапурлық оқыту жүйесі өзгелерден ерекше. Аталған мемлекет жарты ғасырдың ішінде өте қарқынды дамып, әлемдік деңгейде зор тәжірибе қалыптастыра білді. Жоғарыда аталған жоба Сингапур мемлекетінің «Marshall cavendish education» компаниясы арқылы педагогтарды тағылымдамадан өткізіп, Сингапурлық білім беру контенттерін пайдалана отырып оқытудың үздік тәсілдерін тәжірибеге енгізу арқылы жүзеге асырылады, — деді Саясат Керімбекұлы бізбен әңгімесінде.
Ерекше атап өтерлігі, аталған жобаға Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің 7 студенті қамтылып, оның
2 студентіне жекеменшік мектеп тарапынан жалақы төленуде. Алдағы уақытта Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы тарапынан Сингапур Республикасының «Marshall Cavendish Education» компаниясымен бірлесіп, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжі мен «125 International School» жекеменшік мектебін аймақтағы Сингапурлық оқыту әдістемесін тарататын орталық ретінде қалыптастыру көзделіп отыр. Сондықтан бұл сапар осындай ауқымды жұмыстардың алғашқы баспалдағы деп санауымызға толық негіз бар.
Қ.Қаптағай,
журналист.