ЖАС ҰСТАЗДАРҒА СЕРПІН БЕРГЕН БАСҚОСУ
Жуырда Педагогикалық шеберлік орталығының Тараз қаласындағы филиалының
ұйымдастыруымен жалпы білім беретін мектептерінің жас мұғалімдеріне арналған
«Жас ұстаз: табысқа апарар жол» ІІІ Облыстық форумы өтті.
Тараз қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің базасында өткен шараға барлығы 130 жас педагог қатысты. Жалпы орта білім беретін мектептер жас мұғалімдерінің педагогикалық қызметі табыстылығының бағдарларын құру, үнемі оқуға және дамуға деген ұмтылысты ынталандыруды мақсат еткен басқосу барысында «TEAM KZ: БІЗ БІР КОМАНДАМЫЗ» тренингі өткізіліп, ағымдағы жылдың тамыз айындағы ауыл мектептері жас мұғалімдерінің ІІІ Республикалық форумы туралы баяндалған «Қалай болды…» бейнеролигі көпшілік назарына ұсынылды. Бұдан соң форум жұмысын Педагогикалық шеберлік орталығының директоры Гульмира Тортаева алғысөзімен ашып берді. Келесі кезекте мотивациялық сессияда дзюдо күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, екі дүркін Азия чемпионы Нұрқанат Серікбаев, әнші, «Құрмет» орденінің иегері Айна Қалмағанбетова, Token&Co полиграфиялық фирмасының қожайыны Қуандық Төкен, Тараздағы физика-математикалық бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Гүлнұр Мақсұтовалардың тәжірибелері таратылды. Мотивациялық спикерлер жастарды өз ісін сүюге, қиындықтарды жеңе білуге ынталандырып, көшбасшылықтың қыр-сырымен бөлісті.
Сонымен қатар жас мұғалімдердің табысты қарым-қатынас құру дағдыларын дамыту мақсатында «Табысты қарым-қатынастың құпиялары» тренингілік алаңы жұмыс істеді. Бұған қоса 2024 жылғы тамызда өткен ауыл мектептері жас мұғалімдерінің ІІІ Республикалық форумына Жамбыл өңірінен қатысып қайтқан жас педагогтер «EDUNEXT: БОЛАШАҚТАҒЫ ЦИФРЛЫҚ БІЛІМ» шеберлік сабақтарын көрсетті. Аталған сабақтарға қатысушылар пәнді оқытуда сандық мүмкіндіктерді практикалық тұрғыда қолданып көруге мүмкіндік алды. Сондай-ақ қатысушылар «Жасанды интеллект: жаңа дәуірге жол ашамыз» тақырыбындағы worksh oрта жасанды интеллектінің ақпаратты алу, өңдеу, ұсынудың тиімді тәсілдерімен жұмыс жүргізді.
«Мен эмпат мұғалім: оқу сәтті болғанда» тренинг алаңы оқу мен тәрбие жұмысы барысындағы сезімді анықтау, басқару, реттеуге бағытталған кейстермен жұмыс жүргізіп, өз шешімдері мен жауаптарды талдады. «Әр сабақты қалай ерекше өткізуге болады?: менің тәжірибем» тақырыбындағы жас педагогтер шеберханасында Тараз қаласы, Жамбыл ауданы, Т.Рысқұлов, Жуалы, Меркі аудандары орта мектептерінің жас ұстаздары оқуды ұйымдастырудың, баланы танудың, бағалауды жүргізудің тәжірибелерін ортаға салды. Бұдан бөлек, «Сыныптан тыс. Жаңа идеялар іздеу жолында» интеллектуалдық квест барысында жас мұғалімдер ұсынылған тапсырмаларды шешудің түрлі жолдарын қарастырып, сол жолдардың тиімді екенін талқылап, тамаша ой бөлісу ортасында жұмыс істеді.
Форумның жабылу салтанатына арналған «Форум барометрі» кері байланысында жас педагогтер өздерінің осы жиын жайлы ойларын, ұсыныстарын ортаға тастап, тұшымды пікірлерін жеткізді.
Шара соңында шеберлік сыныптар мен шеберханаларда тәжірибесімен бөліскен ұстаздар арнайы Алғыс хаттармен марапатталды.
Өз тілшіміз.