Ещё один сайт на WordPress

САЛАЛЫҚ КӘСІПОДАҚТЫҢ ЖҰМЫСЫ ЖҮЙЕЛІ

0

Жуырда «Жамбыл облыстық кәсіподақ ұйымының жарғылық міндеттерді жүзеге асыру қызметінің тәжірибесі туралы» республикалық семинар-кеңес өтті. Басқосуға республикалық салалық кәсіподақтың мүшелік ұйым жетекшілері мен өкілдері, Жамбыл облыстық ұйымының активі қатысты.
Шараның ашылуында қазақстандық салалық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері Кәсіподағының төрағасы Айгүл Мұқашеваның алғы сөзінен кейін Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы Бағлан Қарашолақов, облыстық білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұлов, білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Мұхит Нысанбаевтар сөз сөйлеп, ізгі лебіздерін білдірді.

Шараның негізгі бөлігінде Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков облыстық салалық кәсіподақ ұйымының жарғылық міндеттеріне тоқталса, құқықтық қызмет басшысы Әлия Джолшибекова ұйымның құқықтық қызметі мен әлеуметтік әріптестікті жүзеге асыру тәжірибесі, Бақылау-тексеру комиссиясының мүшесі А.Құрмашева Кәсіподақтық қаржылық қызметі мен саясатын жүзеге асыру жағдайы, Т.Рысқұлов аудандық комитетінің төрағасы Айнұр Баймұратова ұйымның жарғылық мақсат-міндеттерді жүзеге асыру қызметі туралы баяндады. Сондай-ақ Тараз қаласындағы №17 балабақшаның бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы В.Василевская кәсіподақ ұйымдарының іргетасы саналатын бастауыш ұйымдардың жұмыс тәжірибесімен бөлісті.
Бұған қоса шара барысында Еңбекші» салалық газетінің бас редакторы Бейбіт Бекназаров кәсіподақтың ақпараттық және оқу-әдістемелік саясатының негізгі бағыттары мен міндеттері, көрсеткіштерін тілге тиек етсе, «Тараз-Профсоюз-Турист» ЖШС директоры Ж.Қойбағаров кәсіподақтық туризм, сала өкілдерін сауықтыру тәжірибесі жөнінде сөз қозғады.
Ауқымды семинар аясында салалық кәсіподақ төрағасы А.Мұқашева аймақ басшысы Е.Қарашөкеевтің, облыстық мәслихат төрағасы А.Нұралиевтің қабылдауында болып, еңбек адамының құқықтарын қорғау, оның лайықты тұрмыс сапасы мен жұмыс жағдайын қамтамасыз ету жайында орамды ойларын ортаға салды. Бұдан бөлек, Қазақстандық салалық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіподағының 100 жылдығына арналған «Ғасыр жасаған ұйым» облыстық мақалалар байқауының жеңімпаздарын марапаттау, білім және ғылым саласы қызметкерлері арасында «Кәсіподақ барысы-2024» республикалық турнирі ұйымдастырылды.
Қорыта айтқанда, азаматтық қоғамның белсенді институты ретінде Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің Жергілікті кәсіподағы өз қызметін биыл қабылданған «Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының 2024-2029 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында жалғастыруда. Барлық бастамалар мен игіліктер облыс бойынша 813 бастауыш кәсіподақ ұйымына қауымдасқан 65 мыңнан аса кәсіподақ мүшесі-сала өкілінің әл-ауқатын көтеруге, оның лайықты жалақы алып, қауіпсіз еңбектенуі мен демалуына бағытталған. Сонымен қатар кәсіподақ құрылған білім беру мекемелерінде еңбек заңдылығының орындалуына қоғамдық бақылауды күшейтуге бағытталған пәрменді жұмыстар бар. Мысалы, кәсіподақтық инспекция құрылған 2010 жылдан бері білім беру мекемелерінде ҚР еңбек заңдылығының, Әлеуметтік әріптестік туралы актілердің орындалуын бақылауда барлығы 5974 тексеріс жүргізілді және еңбек заңдылығы талаптарын бұзудың 21 502 жағдайы анықталды. 7656 жазбаша жауап пен түсіндірме берілді. Ауызша берілген кеңес саны — 77 366. 48 кәсіподақ мүшесі жұмысқа қайта орналастырылды, оның 10 сот арқылы және 132 жағдайда жұмыстан босатуға жол берілмеді.
Құқықтық қызмет жұмысын бастаған кезеңнен бастап кәсіподақ мүшелерінің құқықтарын қорғау мақсатында 95 талап арыз, кәсіподақ мүшелерінің өтініші негізінде сотқа 149 құжат дайындалып, 165 өкілеттік қамтамасыз етілді. Жалпы құқықтық қызметтің экономикалық тиімділік көрсеткіші 2015 жылдан бастап 2 млрд. 584 млн. теңгені құрады.
Айта кетерлігі, 2019-2023 жылдар аралығында кәсіподақтық жолдамамен 23 592 ұйым мүшесі сауықтырылды. Осындай қарқынды жұмыстардың нәтижесі ретінде Салалық кәсіподаққа мүше ұйымдардың қызметін жыл сайынғы бағалау жүйесінің 2023 жылғы қорытындысы бойынша Бас жүлдені Жамбыл облысы жеңіп алды.

Ш.Жамбыл,
журналист.
Тараз қаласы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.