ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫНДАҒЫ ОЗЫҚ ОҚУ ОРДАСЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған биылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» Жолдауында кәсіптік білім беру саласына да айрықша тоқталған болатын.
– Жоғары оқу орындары ғана емес, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері де білікті кадрлар даярлауы қажет. Үкімет колледжде жақсы оқыған түлектерді мамандығы бойынша мемлекеттік қызметке алу мүмкіндігін қарастыруға тиіс. Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам.
Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз.
Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді, — деген Президент әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқарса ғана еліміз дамудың сара жолына түсетінін қадап айтты.
Расында, жұмысшы мамандықтардың иелері кәсіптік оқу орындарында шыңдалатыны белгілі. Сондықтан елімізде бұл сала назардан бір сәтке де тыс қалған емес. Жамбыл облысында да жұмысшы мамандықтардың тынысын кеңейтіп, жастардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Соның айқын дәлелін облыс орталығында орналасқан озық оқу ордаларының бірі – Тараз сервис және технология колледжінен көре аламыз.
Аталмыш білім ұясының тарихы сонау 1970 жылдан бастау алады. Алғаш рет №180 қалалық кәсіптік-техникалық училищесі (ГПТУ) деген атаумен құрылған оқу орны 1970-1991 жылдары аралығында негізінен Моңғол Халық Республикасына және Жамбыл облысының химия саласына кадр дайындаумен айналысты. Осы 20 жылдың ішінде Монғолиямен арада тарихи, мәдени һәм достық қарым-қатынас орнап, 1983 жылы училищеге Сухэ-Батор атауы берілді. Осылайша, әр жылдары Сухэ Батор атындағы №8 Орта кәсіптік-техникалық училищесі, №4 Кәсіптік-техникалық мектебі, №1 Тараз кәсіптік-техникалық лицейі, №1 Тараз кәсіптік лицейі, №1 колледжі, 2016 жылдан бастап «Тараз сервис және технология колледжі» болып бірнеше рет атауы өзгерген оқу ордасының сапасы жылдан жылға жоғарылай берді. Тәуелсіздік таңымен қайта түлеген алтын ұяның тізгінін әр кезеңде Б.Ө.Тұрмахамбетов, Б.Б.Маймышев сынды білікті азаматтар ұстады.
Колледжді 2023 жылдан бастап білгір басшы Айдархан Биназаров басқарып келеді. Айдархан Дүкенбайұлы өмірінің 38 жылын педагогика саласына арнаса, соның 12 жылын басшылыққа сарп еткен. Оның еселі еңбегі талай рет мемлекеттік марапаттармен айшықталған. Атап айтсақ, ол Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ы.Алтынсарин атындағы медалімен, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен, аталмыш ведомствоның Құрмет грамотасымен, «Жыл маманы» орденімен, Дубай. «Art HOLLIDAYS» ІІ-халықаралық фестивалінің Алғыс хатымен марапатталды.
– Қазіргі уақытта колледжде қызмет көрсету саласының мамандықтары бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде кадрлар даярланады. Мұндағы шәкірттер аспаз, тігінші, шаштараз, қонақ үй бизнесі шаруашылығы, туризм, сәндік-қолданбалы және халықтық кәсіпшілік өнері секілді мамандықтарды меңгеріп шығады. Жастар мамандықтардың сан қырына баулу мақсатында «Жас маман» жобасы аясында «Сән технологиялары», «Аспаз ісі» құзыреттіліктер орталығы ашылды. Мәселен, «Сән технологиялары» құзыреттілік орталығында республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға халықаралық стандарттарға сәйкес 190 тігін машинасы мен жабдықтары, ал «Аспаз ісі» құзыреттілік орталығында 138 аспаздық құрал-жабдық сатып алынған. Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы «Жастар жылының» ашылу салтанатында техникалық және кәсіби білім беру жүйесін сапалы дамытудың негізгі басымдықтарына арнайы тоқталып, «Жас маман» жобасын жүзеге асыруды тапсырған болатын. Бұл жобаның мақсаты – еліміздегі үздік 180 колледжді сұранысқа ие 100 мамандық бойынша материалдық техникамен жабдықтау, халықаралық стандарттарды енгізу. Соған орай оқу ордасында 2019 жылы Студенттерге қызмет көрсету орталығы да жұмысын бастады. Бұған қоса өзге аймақтардан келетін студенттеріміз үшін 80 орынды жатақхана да қарастырылған, — деді Айдархан Дүкенбайұлы бізбен әңгімесінде.
Коллеждж қол жеткізген табыстары да толайым. Атап айтсақ, «WorldSkills Kazakhstan-2023» республикалық чемпионатында облыс құрамасында оқу орнының студенті Диас Бақтыбай «Аспаздық ісі» құзыреттілігі бойынша қатысып, жүлделі 2 орынды, яғни күміс медалді еншіледі. Сондай-ақ Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының облыстағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына жүргізген рейтинг нәтижесінде Тараз сервис және технология колледжі «Үздік колледж» деп танылып, 1 000 000 теңгенің сертификатын иеленген болатын. Бұл жарқын жетістіктердің бір парасы ғана.
Білікті маманды қалыптастыру үшін теориялық білімді практикамен ұштастыру аса маңызды. Осының ескерген колледж әкімшілігі облыстағы 65 кәсіпорынмен әлеуметтік серіктестік бойынша келісім-шарттар жасаған. Соған орай студенттер жасалған келісім шарттарға сәйкес кәсіпорындарда өндірістік тәжірибеден өтуде.
Ш.ҚАПТАҒАЙ,
журналист,
Тараз қаласы.