Ещё один сайт на WordPress

БАС ҰСТАЗ «БІЛІМ ШЫРАҒЫ» БАСЫЛЫМЫНА ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ ТАНЫТТЫ

0

ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Жамбыл облысында жұмыс сапарымен болды. Әуелі министр Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына ат басын бұрды.

Орталық жұмысымен және балалардың тұрмысымен танысқан ведомство басшысы әр баланың құқығының қорғалуына және қауіпсіз ортаның қалыптастырылуына ерекше көңіл бөлді. Бүгінгі күні аталған орталықта 102 бала тәрбиеленуде.
«Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың құқықтарын қорғау – мемлекет саясатының басты басымдығы. Еліміздегі әрбір бала өзінің ересектердің қамқорлығында екенін сезінуі тиіс. Ол үшін барлық уәкілетті органдардың өз қызметтерін тиімді атқарып, жергілікті жерлерде жұмыстарды үйлестіруі маңызды. Мемлекет башысының тапсырмасы бойынша биылғы жылдан бастап барлық өңірде Психологиялық қолдау орталықтары ашылды. Психологтардың жұмысын күшейте отырып, балалардың құқықтарының бұзылуымен қатысты жәйттардың алдын алу керек. Бұл ретте балаларды жалпыұлттық құндылықтар рухында тәрбиелеуге бағытталған «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы негізгі рөл атқарады», — деді Ғани Бектайұлы өз сөзінде.
Келесі кезекте министр мектеп парламенттерінің көшбасшыларымен, республикалық, халықаралық олимпиадалардың, дебат турнирлерінің жүлдегерлерімен кездесті. Жалпы 2023-2024 оқу жылының қорытындысы бойынша өңірдің жүлде қоры түрлі зияткерлік додалардан 470 медальмен толықты. Одан бөлек жамбылдық 29 оқушы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың жеңімпаздары болып, «Үздік олимпиадалық команда» номинациясын иеленді. Халықаралық беделді олимпиада жүлдегерлерінің арасында «Білім-Инновация» лицей-интернатының 11 сынып оқушысы Марғұлан Шарел де бар. Ол Ұлыбританияда өткен IMO-2024 математикадан 65-ші Халықаралық олимпиадада ел намысын қорғап, күміс медаль олжалады.
«Жуырда ғана біз Ақордада болып, халықаралық пәндік олимпиадалардағы өз жетістіктеріміз үшін үлкен мақтаныш сезіндік. Президентіміздің, ұстаздарымның және ата-анамның қолдауы көңілге сенім ұялатады. Болашақта мен де еліміздің дамуына, оның ішінде отандық ғылымның қарыштауына өз үлесімді қосқым келеді», — деді Марғұлан Шарел.
Өз кезегінде министр мемлекет тарапынан өскелең ұрпақтың өзін өзі танытуына барлық мүмкіндіктер жасалғанын атап өтті. Президент бастамасымен 2022 жылдан бастап халықаралық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, сондай-ақ олардың ұстаздарына ақшалай сыйақы беріліп келеді.
«Сіздер еліміздің мақтанышы ғана емес, білімнің берік іргетасына қаланған және үздіксіз білім алуға ұмтылған зияткер ұлттың нышанысыздар. Сіздердің жетістіктеріңіз қатар-құрбыларыңды білім алуға шабыттандырады, себебі сіздер көпке үлгісіздер. Мемлекет сендердің әрі қарай өсулерің үшін барлық қажетті ресурстармен қамтамасыз етіп, жағдай жасауда. Сіздердің білімге ұмтылыстарыңыз тұтас ұлт үшін қозғаушы күшке айналады деп сенемін», — деді Ғани Бейсембаев.
Кездесуде мектеп оқушылары министрмен емін-жарқын сұқбат құрды. Атап өту керек, биыл біздің оқушыларымыз әлемдік пәндік олимпиадаларда 26 медаль қанжығалап, робототехникадан әлемнің үш дүркін, химиядан екі дүркін чемпионы болды.
Ведомство басшысы бұдан кейін орта, техникалық және кәсіби білім беру ұйымдарын аралап, әріптестерімен жүздесті. Олардың қатарында ардагер ұстаздар, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағының иегерлері, педагог шеберлер, педагог-зерттеушілер және «Үздік педагог» республикалық байқауының жеңімпаздары.
«Қоғамдағы және оқушылар алдындағы педагог мәртебесі бірінші кезекте, оның адами қасиеттерімен, содан кейін ғана кәсіби деңгейімен анықталады. Егер ұлттық құндылықтар білім мен тәрбиенің негізі болса, бұл құндылықтарды бала бойына сіңіретін мұғалім адалдық, әділеттілік, әдептілік және еңбексүйгіштік қасиеттеріне ие болуы тиіс. Осы қасиеттер кәсіби біліммен ұштасқанда ғана оны нағыз ұстаз деп атауға болады. Мектептің табыстылығы мен баланың болашағы мұғалімге байланысты екенін есте сақтау керек, себебі мұғалім қандай болса, мектебі де сондай болмақ. Сіздердің еңбектеріңіз мемлекетіміздің жарқын әрі бақытты болашағының негізі. Сондықтан, әрбір мұғалім үздіксіз білім алуға ұмтылуы тиіс», — деді министр.
Сонымен қатар Ғани Бектайұлы Еңбек ері атанған ұлағатты ұстаздардың өнегелі өмір жолын баршаға үлгі етті.
– Алаш арысы Мағжан Жұмабаев «Алты Алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын ұстаздікі» деген екен. Ұлы ақынымыз айтқан осы тәмсіл әлі күнге өзектілігін жойған жоқ. Соның жарқын дәлелі – күні кеше Республика күніне орай Алматы қаласындағы №4 арнайы мектеп-интернатының мұғалімі Гүлжанар Нұрпейісова мен Батыс Қазақстан облысындағы Асан Тайманов атындағы № 34 мектеп-гимназияның ұстазы Эльмара Траисова Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстанның Еңбек Ері атанды. Осы ретте тарихқа шағын шолу жасағым келіп отыр. Айталық, сонау кеңестік кезеңде, 1968 жылы алғаш рет алматылық Рафиха Нұртазина Социалистік Еңбек Ері атанса, араға 10 жыл салып шымкенттік Маржан Тасова әріптесінің жетістігін қайталады. Одан соң атыраулық Құсайын Айтқалиев «КСРО Халық мұғалімі» құрметті атағына қол жеткізсе өскемендік Қанипа Бітібаева КСРО Мемлекеттік сыйлығымен марапатталды. Ал Маржан Тасовадан кейін араға 30 жыл салып, нақтырақ 2008 жылы жамбылдық Аягүл Миразова Еңбек Ері атағына лайық деп танылды. Бұл тізім әрі қарай шымкенттік Алена Соловьева, абайлық Алма Шүкіжанова секілді ұлағатты ұстаздармен толықты. Мұның барлығы мемлекетіміздің білім саласына жасап жатқан айрықша қолдауының нәтижесі, — деп ағынан жарылды сала министрі.
Ғани Бейсембаев сондай-ақ білім сапасын арттыру, сапалы педагогикалық құрам қалыптастыру, білім беру инфрақұрылымын жақсарту және тағы басқа білім саласының сұрақтарын әріптестерімен бірге талқылады. Педагогтер министрмен еркін сұқбаттасып, көкейдегі сауалдарын жолдады. Министр білім жүйесінде жаңа басшылар құрамын іріктеу мен қалыптастыруға ерекше көңіл бөлді. Өңірлік білім басқармасының басшысына педагогтерді қолдау, жас мамандар үшін қолайлы жағдай жасау бойынша жұмыстарды күшейту және педагогикалық қауымдастық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
ОСЫ РЕТТЕ ЕРЕКШЕ АТАП ӨТЕРЛІГІ ҒАНИ БЕЙСЕМБАЕВ ӨҢІРДЕГІ ШИРЕК ҒАСЫР ТАРИХЫ БАР ПЕДАГОГИКАЛЫҚ «БІЛІМ ШЫРАҒЫ» ГАЗЕТІНЕ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ ТАНЫТЫП, БАСЫЛЫМНЫҢ БІР ДАНАСЫН АРНАЙЫ АЛЫП, ЖЕТЕ ТАНЫСАТЫНЫН ЖЕТКІЗДІ.
Жұмыс сапарын қорытындылай келе, министр бірқатар білім беру ұйымдарын, оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған мектептердің жұмысымен танысты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.