Ещё один сайт на WordPress

«ҚЫЛМЫСКЕРЛЕРДІ» ҚҰРЫҚТАУ ҮШІН КӨЛІКТЕРДІҢ НӨМІРІН ЖАЗАТЫНБЫЗ

0

 

Егер біреу «Өміріңіздегі ең ғажап кезең қайсысы» деп сұраса барлық адам еш ойланбастан «Балалық шақ» деп жауап берері сөзсіз. Өйткені, балалық бал күндердің қызығы да, құмары да адам санасында ұмытылмастай жатталып қалады. Ол кімді болса да сағындырмай, аңсатпай қоймайды. Балалық тәтті қылықтарыңа айналаңның елжіреп, мейірім төгуі, бәрі де санаңда берік орнап, жаныңа жылу ұялатады. Алайда, сол күндердің қадіріне жетпей, қайта оралмасын сезсек те есеюге асығамыз.

Осылай бір кездері тезірек ержетуге асығып, енді шыбықты ат қылып мінген сол алаңсыз күндерін дүниенің бар байлығына айырбастамайтын жанның бірі – Жуалы ауданындағы №25 Ақтөбе тірек мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Ренат Жапаров.
Ренат Сейсебекұлы 1983 жылы 2 қарашада бұрынғы Бурное ауылында дүниеге келген.
– Әкем Сейсебек өрт сөндіруші, анам Жұмакүл совхозда картоп сушысы болып жұмыс істеді. Үйде екі баламыз – мен және қарындасым Аида. Әкем өзі жоғары білімі болмағандықтан маған жас кезімнен оқып білім алудың маңызды екенін үнемі айтатын. Бірде әкеме таңертең сабаққа бүгін барғым келмей тұрғанынын айтып едім, ол кісі «жақсы болды ғой» деп қуанып кетті. Сөйтіп күні бойы екеуіміз бақшаның шөбін жұлдық. Ертеңіне таң азанымен бірінші болып сабаққа кеттім. Әкем әрқашан қара жұмысшының еңбегі адал болғанымен бейнеті ауыр екенін құлағыма құйып отыратын, — деп өткен күндерге көз жіберген Ренат өзінің бала кездегі арманымен де бөлісті.
– Балалық шақта жазушы немесе журналист болуды көп армандайтынмын. Себебі кітап оқуды жақсы көретінмін. Ауылдық кітапхананың арқасында қарапайым баланың қиялы Нью Йоркта, «Мэдисон сквер гарденде» жүретін. Әлемнің түкпір-түкпірін кітаптың арқасында аралап шығатынмын. Қазір де кітап оқудан қол үзгенім жоқ. Оның дәлелі өзімнің жеке кітапханамда бүгінде 2 мыңға жуық кітап бар, — деп ағынан жарылды кейіпкеріміз.
Кез келген адамның тұлға болып қалыптасып, өмірдегі өз орнын айқындауына ықпал ететін ол – ұстаз. Әр баланың санасына сәуле шашып, сол арқылы барлығы алдағы бағыт-бағдарын жоспарлайды. Ренат Сейсебекұлының да келешегіне ұстаздары да зор ықпал етіпті.
– Білім алған алтын ұямда ұлағатты ұстаздар көп болды. Әсіресе, математикадан сабақ берген Алдаберген ағайдың жөні бөлек. Ол кісі бірде оқу үлгерімі төмен 6-сыныптың оқушысына «Сен 11-сыныптағы баламен бірдейсің» деген еді. Содан әлгі бала өзін мақтап жатыр деп ойласа керек, бұл сөзге ерекше мәз болды. Біз ағайдан «Неге олай айттыңыз?» деп себебін сұрай жөнелдік. Алдаберген ағайымыз сонда «Сен қазір де дым білмейсің, 11-сыныпта да тура осындай боласың. Демек, еш айырмашылығы болмайды, екеуі де бірдей емес пе?!» деген болатын. Осы секілді ұлағатты ұстаздардан мен өзіме сарқылмас азық, таусылмас тағылым алып, қияларға қанат қақтым. Солардың жолын қуып, ұстаздықты таңдағаным да содан шығар», — деді Ренат.
Балалық шақ әрқашан қызықты оқиғалармен, тентектік жасап бірдеңені бүлдірумен есте қалады. Сондай ұмытылмас жайттардың бірін бүгінгі кейіпкеріміз де есіне алды.
– Өзіңізге белгілі біздің бала кезімізде ғаламтор, әлеуметтік желі дегендер мүлде болған жоқ. Бастауыш сыныпта оқып жүрген кезде ата-анамыздың күні бойы жұмыста жүргенін пайдаланып, таңнан кешке дейін асыр салып ойнайтынбыз. Өзімнің ойлап тапқан ойыным болатын. 5-6 бала жиналып, көшенің бойындағы ағашқа шығып, әрлі-берлі зулаған көліктердің нөмірлерін дәптерге жазатынбыз. Сондағы ойымыз – көліктердің ішінен қылмыскер табу. Тапқан соң іздеп жүрген полиция қызметкерлеріне осы көлікпен кеткенін жеткізіп, соның нөмірін айтамыз деп өзімізше жоспарлайтынбыз. Ерінбей күні бойы әр көліктің нөмірін қағазға түсіретінбіз. Қазіргі балалар мұны естісе ішек-сілесі қатып күлетін шығар. Дегенмен, балалық осындай сәтттерімен қызық, — деп өткенге көз тастады ол.
Ренат Сейсебекұлы 2001 жылы Жуалыдағы Ақтөбе орта мектебін «Үздік аттестатпен» тәмамдаған соң Қарағанды мемлекеттік университетінің «Тарих» факультетіне оқуға түседі.
– Мектепте озат оқыдым.Университетте де тек жақсы қырымнан көрінуге тырыстым. Жоғары оқу орнында бұрынғы Білім және ғылым министрі, қазір Парламент Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетовпен бірге талай рет пікірсайысқа қатыстым. Ол бізден бір курс жоғары оқыды. Студент кезінен қоғамдық жұмыстарға көп араласатынмын. Қазір де өз оқушыларыма «Қоғамдық жұмыстардан қалмаңдар, еріктілердің қатарына қосылыңдар, олардың бәрі тұлға болып қалыптасуларыңа оң ықпал етіп, әлеуметтік капиталды қалыптастырады» деп үнемі айтып отырамын, — деп түйіндеді өз сөзін Ренат Жапаров.
Ренат Сейсебекұлы жоғары оқу орнын да «Үздік дипломмен» аяқтаған соң туған жерге туын тігіп, өзі білім алған Ақтөбе орта мектебінде еңбек жолын бастады. Алғашында қатардағы тарих пәнінің мұғалімі болып бастаған ол 2008 жылдан бері директордың оқу ісі орынбасары қызметін атқарып келеді.

Әңгімелескен Қ.Шахабай,
журналист.
Жуалы ауданы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.