Ещё один сайт на WordPress

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҰСТАЗЫ

0

Мұғалімдер күніне орай Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен салтанатты жиын өтті. Шара барысында Қасым-Жомарт Кемелұлы ұстаздар қауымын кәсіби мерекесімен құттықтап, аса жауапты әрі қастерлі міндетті абыроймен атқарып жүрген педагогтерге алғыс айтты.

Сонымен қатар еліміздегі оқу-ағарту саласын дамыту жолында жүзеге асырылып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталды.
– Менің тапсырмаммен «Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылданды. Бұл құжат ұстаздардың заңды мүддесі мен құқықтарын қорғауға ықпал етті. Қазір мұғалімдер мен тәрбиешілердің жалақысы айтарлықтай көбейді. Олар негізгі қызметіне кедергі келтіретін артық міндеттерден босатылды. Осы заңға сәйкес «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы енгізілді. Бұл – жай атақ емес, мәртебелі мемлекеттік награда. Оның иегеріне қомақты сыйақы беріледі. Республика бойынша 46 мұғалім осы наградаға ие болды. Сондай-ақ қазір ұстаздарға академиялық дәрежесіне сәйкес үстемеақы төленіп жатыр. Халықаралық олимпиада жүлдегерлерін дайындаған мұғалімдерге қаржылай қолдау көрсетіледі. Педагог мамандығы бойынша оқып жатқан студенттердің шәкіртақысы 2,5 есе көбейді. Биыл болашақ ұстаздарды даярлау үшін 16 мыңға жуық грант бөлінді. Соның ішінде шамамен 1800 «Алтын белгі» иегері педагогика мамандығын таңдады. Бұл – өте жақсы үрдіс, — деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Президент білім сапасын арттыру, балаларды үйлесімді және жан-жақты дамыту үшін мемлекет тарапынан қолға алынған жүйелі шараларға назар аударып, жастардың бойына адал азаматқа тән қасиеттерді сіңіру өте маңызды екенін жеткізді.
Жиын соңында Мемлекет басшысы білім беру ісіндегі аса үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін бір топ педагогке «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағын тапсырды.
Олардың қатарында жамбылдық ұстаз, білім беру ісінде ұзақ жылдар бойы аянбай қызмет еткен Наталья Волотько да бар.
Наталья Владимировна – дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» лицей-интернатының география пәнінің мұғалімі. Өзінің ұстаздық жолында саналы түрде білім мен тәрбие беріп, шәкірттерінің жүрегінде терең із қалдырған. Оның шәкірттері бүгінде түрлі салада табысты жұмыс істеп, еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосып келеді.

«БШ» – ақпарат.

Leave A Reply

Your email address will not be published.