БАСТЫ НАЗАРДА – ӘДІСТЕМЕЛІК ШЕБЕРЛІГІ
Заманауи білім беру жүйесіне сәйкес кәсіби имиджді қалыптастыру және мектепке дейінгі ұйымдары әдіскерлерінің инновациялық жұмыс тәжірибесін анықтау және тарату, олардың кәсіби деңгейін арттыру мақсатында ҚР Оқу ағарту министрлігінің Балаларды ерте дамыту институтының үйымдастыруымен мектепке дейінгі ұйымдардың әдіскерлері арасында «Мектепке дейінгі ұйымның жыл әдіскері» республикалық байқауының облыстық кезеңі Тараз қаласындағы №26 «Нұрай» балабақшасының базасында өтті. Облыстық оқу әдістемелік орталығының ұйытқысымен өткен іс-шара жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарға негізделген «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының кешенді шаралар аясында ұйымдастырылды.
Байқауға қатысушының кәсіби шеберлігі мен соңғы үш жылдағы жетістіктерін ескере отырып әділқазылар алқасы мүшелері әділ баға берді. Оның құрамында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Нарима Есенова, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Айдын Досыбаева, Абай атындағы гуманитарлық жоғары колледжінің аға оқытушысы Жанат Алимбаева, облыстық педагогикалық «Білім шырағы» газетінің редакторы Райхан Бостанова және де республикалық «Үздік мектепке дейінгі ұйым әдіскері» мен «Үздік мектепке дейінгі ұйым» жеңімпаздары қатысушылар жұмыстарын тиісінше зерделеп, әділ шешім қабылдады.
Байқаудың барлық кезеңдерінде оффлайн форматта қатысушыларға өз тәжірибелерінен педагогтермен өткізілген «Заманауи мектепке дейінгі ұйымның әдіскері» тақырыбындағы ең үздік жұмыстарының бірін 10 минутқа дейін көрсету, мектепке дейінгі ұйымдарда әдістемелік жұмысты ұйымдастыру бойынша жылдық жоспары мен әдіскердің Е-портфолиосының құрылымы бес балдық жүйе бойынша бағаланды.
Нәтижесінде, байқаудың облыстық деңгейіне қатысқан 6 әдіскер дәрежелі Диплом мен арнайы номинациялармен марапатталды. Нақтырақ айтсақ, «Жаңашыл әдіскер» номинациясы Жамбыл ауданы, «Гүлдер» бөбекжай-бақшасының әдіскері Айсулу Чильманбетоваға, «Іскер әдіскер» – Жуалы ауданы «Нұршуақ» бақшасының әдіскері Эльмира Киргизбаеваға, үшінші дәрежелі Диплом – Қордай ауданы «Балдәурен» бақшасының әдіскері Бакыткуль Алдабергеноваға, екінші дәрежелі Диплом – Меркі ауданы «Бөбек» бақшасының әдіскері Гульзира Абдрасиловаға, бірінші дәрежелі Диплом – Байзақ ауданы «Балдырған» бақшасының әдіскері Жансая Исаеваға бұйырды. Барлық кезеңнен сүрінбей өткен Тараз қаласындағы №18 «Еркежан» бөбекжай-бақшасының әдіскері Айгерим Даирова Бас жүлде иегері атанып, ендігі кезекте республикалық деңгейде облыс намысын қорғауға жолдама алды.
«БШ» – ақпарат.