БІЛІМ МЕН БИЛІКТІҢ БИІГІНЕН КӨРІНГЕН ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫСЫ
Жаңа һәм әділетті Қазақстан құруға ұмтылған елімізде демократиялық құндылықтардың нығайып, билік пен бұқараның арасына жақындатуға ерекше мән берілуде. Бұл бойынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы қабылданды.
Аталған бағдарлама аясында былтыр елімізде ҚР Парламенті Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттардың сайлауы өткені белгілі. Саяси науқан түрлі сала өкілдерінің ел дамуына тікелей араласуына мол мүмкіндік берді. Бұл қатарда ұстаздық қабілетін бүгінде осы бағытқа жұмсап жүрген жандар жетерлік. Солардың бірі – Жамбыл ауданындағы Б.Момышұлы атындағы мектеп- гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі, «педагог-зерттеуші», аудандық мәслихаттың депутаты Нышанбек Малдыбаев.
1964 жылы 6 қаңтар күні қаңтарда Аса ауылдық кеңесіне қарасты Бірлесу -Еңбек ауылында дүниеге келген Нышанбек Сматұлы 1971 жылы осы жердегі «Бірлесу-Еңбек» сегіз жылдық мектебінің табалдырығын аттайды. Әрдайым үздік үлгерімімен, жақсы тәртібімен ұстаздарының көзіне түсіп, озат оқушылардың біріне айналды.1981 жылы Жеңістің 30 жылдығы атындағы орта мектепті аяқтап, үлкен өмірге қадам басты.
Педагогикалық еңбек жолын өзі оқыған «Бірлесу-Еңбек» сегіз жылдық мектебінде аға пионер вожатыйлықтан бастаған ол 1986 жылы М. Әуезов атындағы Шымкент педагогокалық институтының тарих-педагогика факультетіне түсіп, 1991 жылы аталған институтты үздік дипломмен бітіріп шықты. Әрі қарай 1991-1992 жылдары сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысындағы М.Ғабдуллин атындағы, 1992-1994 жылдары Жамбылдағы Ә.Тарази атындағы орта мектептерде мұғалім болып, балаларды сапалы білім нәрінен сусындаты. Оның өз саласын жетік білетін, педагогиканы шексіз сүйетін маман екені басшыларды бей-жай қалдырмады. Сөйтіп, оған 1994-2000 жылдары өзі еңбек еткен Ә.Тарази атындағы, 2005-2008 жылдары Жамбыл ауданындағы Б.Кейкиев атындағы, 2008-2013 жылдар аралығында Б.Момышұлы атындағы орта мектептердің тізгіні сеніп тапсырылды.
Білімнің еш уақытта артығы болмайды. Осыны басты ұстаным еткен Нышанбек Сматұлы 2001-2004 жылдары М.Х Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Психология» мамандығында тәлім алды.
Кез келген жұмысты ұршықша иіріп, допша дөңгелетіп әкететін Н.Малдыбаев аудандағы қоғамдық-саяси өмірден де шет қалған жоқ. Өзі көзбен көріп, әбден түбіне үңілген өзекті мәселелерді де ешкімнен тайсалмай айтқан сәттері аз емес. Сондықтан болар оған Жамбыл ауданы, №9 сайлау окурігінің тұрғындары зор сенім артып, мәслихаттың сегізінші шақырылымының депуттатығына сайлады. Оған мәслихат мінберіндегілер де үміт артып, тұрақты үш комиссияның біріне төраға етті.
– Халық сенім артып, қолдау білдірген соң қашанда соны ақтау жолында аянбай еңбек етіп келемін. Менің өмірлік кредом – сөз бен істің бірлігі, қабысуы. Депутаттық жұмысымызда бюджеттің әділ бөлініп, дұрыс жұмсалуы қашанда – басты назарда. Одан бөлек әлеуметтік нысандар, құрылыстың сапалы жүргізілуі, жолдардың жағдайы, білім ошақтарындағы тіршілік, бәрі-бәрі кесте бойынша зерделеніп, тұрақты комиссияда бағасы беріліп отырады. Депутаттық қызметтің де өз қиындығымен қатар өз ерекшелігі бар. Оған атүсті қарауға болмайды. Сондай-ақ екі жұмысты қатар алып жүру де біраз төзім мен сабырлықты қажет етеді. Менің сайлауалды бағдарламамда ауылдың әлеуетін арттыру, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту секілді кезек күттірмей шешілуге тиіс мәселелерге басымдық берліген. Қазіргі таңда осыларды орындап, берген уәдемде тұру үшін күш салып келемін. Әлі де атқарылар жұмыс аз емес, алдағы жоспарым жұмыр. «Аз сөйлер де көп тыңдар» деген дауылпаз ақын Махамбеттің сөзі бар. Сондықтан өзімді асыра мақтаудан аулақпын. Еңбегімнің бағасын келер уақыт пен халық айқындай жатар, – деді Нышанбек Сматұлы.
Біз кейіпкеріміздің жоғарыда бірнеше мектепті басқарғанына тоқталып өткен едік. Ол бұл қызметті жүрдім-бардым емес, керісінше тыңғылықты әрі зор жауапкершілікпен атқарды. Қай оқу ордасының тізгінін иеленсе де, сол мектептегі оқу сапасын көтеріп, тәрбие жұмыстарын жүйелеп, материалдық-техникалық базаларын нығайту жолында аянып қалмады. Мектептегі ұстаздармен қоластындағы қызметкері ретінде емес, әріптесі, сыйласа ретінде сырласа білді. Сырласа жүріп олардың да ой-пікірлерін назардан тыс қалмады. Осы қасиетінің арқасында әріптестері мен жора-жолдастарының арасында сый-құрметке бөленді. Бұл сөзімізді оның әр жылдарда қол жеткізген ҚР Президентінің, облыс, аудан әкімдерінің, білім және ғылым қызметкерлері облыстық кәсіподағының Құрмет Грамотасы, Алғыс хаттары секілді марапаттары айғақтайды. Сондай-ақ оның қоғамдық қызметі де елеусіз қалмай, кеудесіне «Аmanat» партиясының «Белсенді қызметі үшін», «Жамбыл ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілері тағылып, төсбелгісі 2022 жылдың қорытындысы бойынша ауданның әлеуметтік- экономикалық дамуына үлес қосқаны үшін «Қоғам белсендісі» номинациясымен марапатталды.
Қ.Аманкелдіұлы,
журналист,
Жамбыл ауданы.