Ещё один сайт на WordPress

ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРҒА АЙРЫҚША ҚОЛДАУ КӨРСЕТЕТІН МЕКЕМЕ

0

Ұстаздар күніне орай Тараз қалалық психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациясы мекемесінің басшысы Сейдазимова Ләззат  Қабылбекқызы «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталды.

Ләззат Қабылбекқызы басқаратын мекеме бүгінде ерекше балаларға білім беру ісінде өз орнын айшықтаған оқу ошағы.  Жалпы арнайы білім беру саласында ғылыми-қолданбалы зерттеулер жүргізіп, дамуында түрлі бұзылыстары бар балаларды диагностикалау, оқыту мен тәрбиелеу мәселелері бойынша көмек бере алатын қызмет ету қағидалары тұрғысынан жаңа типтегі мекемелерді құру идеясы республика деңгейінде 90-шы жылдардың басында көтерілді.

Осылайша, Қазақстанда ең алғашқы психологиялық — медициналық — педагогикалық консультация мекемесі 1993 жылдан жұмыс істей бастады. Ал, Жамбыл облысында 1999 жылдан облыстық білім басқармасының бір бөлімі болып құрылып, психологиялық — медициналық — педагогикалық консультациясы ретінде жұмыс істеді. Тек 2005 жылдан бастап облыста 60 мың балаға арналған бір психологиялық — медициналық — педагогикалық консультациясын ашу қажеттілігі туындап, облыстық, Талас, Шу, Т.Рысқұлов аудандық психологиялық — медициналық — педагогикалық консультацияларының негізі қаланды.

Ал Тараз қаласында тұратын жалпы бала санының, сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі балғындардың артуына байланысты тек облыс орталығының балаларына қызмет ететін мекеме қажеттілігі  туды. Осы мақсатта Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының «Тараз қалалық психологиялық — медициналық — педагогикалық консультациясы» мемлекеттік мекемесі 2010 жылдың ақпан айының 2 күні Жамбыл облысы әкімінің №29 Қаулысы негізінде құрылды. Осы орайда психологиялық — медициналық — педагогикалық консультацияларының бүгінгі бет-бейнесін жаңа қырынан көрсетіп келе жатқан Тараз қалалық психологиялық — медициналық — педагогикалық консультациясы мекемесінде туғаннан 18 жасқа  дейінгі  160 мыңнан аса  балалар мен жасөспірімдерге қызмет етеді. Бір жылда 5 мыңнан аса бала мен жасөспірімге, олардың ата-аналарына мемлекеттік қызмет көрсетсе, оның 3437-і  даму мүмкіндігі шектеулі балалар.

Бүгінде аталған мекемеде білікті мамандар балаларға тәлім береді. Солардың қатарында Тараз қалалық психологиялық — медициналық — педагогикалық консультациясының ұжымын басқарып отырған Сейдазимова Ләззат Қабылбекқызы (суретте) туралы айрықша  айтуға болады.

Ләззат Қабылбекқызы арнайы дефектологиялық жоғарғы білімі бар білікті педагог-шебер. 30 жылдан аса осы салада  еңбек етіп келе жатқан маман, тек өз ұжымына емес, облыстағы арнайы педагогтерге де берер кеңесі мен тәжірибесі мол басшы.

– Күн санап ақпарат кеңістігі өркендей түскен заманда ерекше қажеттілігі бар жас ұрпаққа сапалы арнайы білім, тәрбие беру және түзете-дамыту мәселелерін дер кезінде шешу біздің мамандардың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмыс істеуін талап етеді.

Мекеменің арнайы мамандары бірлескен психологиялық-медициналық-педагогикалық қолдау шараларының кешенін анықтай отыра,  жалпы білім беретін мектепте балалардың осы құрамын сақтауға, әлеуметтік тұрғыда бейімделуге, денсаулық жағдайын жақсартуға мүмкіндіктерді ашады, ал мектеп жасындағы баланы неғұрлым ерте анықтап,  түзеу көмегін алуларына ертерек ықпал ете отыра, аталған категориядағы балалар  мектепте үздік көрсеткіштерге жетуіне көп еңбек сіңіріп келеді.

Сонымен қатар мекемедегі арнайы мамандар мен дәрігерлердің біліктілігін жоғарылатуда, кәсіби шыңдалуына да жағдай жасалған. Айталық, 11 арнайы педагог,

4 дәрігер қызмет атқарса, олардың басым көпшілігінің біліктілігі жоғары, арнайы білім беру саласында 20 жылға жуық  қызмет істеп келе жатқан тәжірибелі мамандар. Соңғы үш жылда мекемедегі мамандардың іс-тәжірибесін жинақтау, тарату мәселесі де қолға алынған. Сондай-ақ Тараз қалалық ПМПК мамандары республика, облыс аумағында түрлі іс-шаралар, семинар-кеңестер, шебер-сыныптар өткізіп отырады. Атап айтқанда, облыс орталығындағы мектепке дейінгі, арнайы, жалпы білім беретін мекемелердегі педагогтар мен басшыларына білім беру мекемелерінде даму мүмкіндігі шектеулі балалардың ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалау, оқу бағдарламаларын бейімдеу және психоло-

гиялық-педагогикалық қолдау, ерекше қажеттіліктерін бағалау, сондай-ақ, оқу бағдарламасын бейімдеу, оқу жоспарларын жалпы білім беретін мектептерде қолдану, іске асыру бойынша кеңестер беріп, іс-тәжірибелерімен үнемі бөліседі. Мүмкіндігі шектеулі балғындардың психология-

лық-педагогикалық қолдау, диагнос-

тикалау бойынша арнайы педагогтардың әдістемелік-нұсқаулықтар, авторлық бағдарламалары соңғы үш жылда жарық көріп, облыс, республика деңгейіндегі мамандар қолдануда, — деді Ләззат Қабылбекқызы.

Мекеме мамандарының қол жеткізген табыстары да аз емес. Мәселен, ҚР оқу-ағарту министрлігінің «Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-

практикалық орталығының» ұйымдастыруымен үшінші жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан «Арнайы білім беру мекемесінің үздік маманы» конкурсының 2022 жылғы облыстық турында логопед М.Ахметова 2 орынды иеленсе, 2023 жылғы конкурста тифлопедагог К.Конысбекова облыстан үздік шығып, республикалық сайыста «Үздік ПМПК маманы» аталымы бойынша жүлделі ІІІ орынды иеленді. Сондай-ақ, жұмыстағы жоғары көрсеткіштері, озық тәжірибесімен көзге түскен арнайы педагогтар түрлі республикалық, облыстық деңгейдегі марапаттарды еншілеуде. Атап айтсақ, 2020, 2021 жылдары мекеме басшысы Л.Сейдазимова Білім және ғылым министрінің, ҚР оқу-ағарту министрлігінің «Арнайы және инклюзивті білім  беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-практикалық орталығының» Құрмет грамоталарымен, 2022 жылы педагог-психолог Т.Ли, олигофренопедагог Б.Орманова Білім және ғылым министрінің Алғыс хатымен, әлеуметтік педагог Ф.Жарылкасынова, Р.Ималахова облыстық білім басқармасы басшысының Құрмет Грамотасымен марапатталса, 2023 жылы педагог-психолог А.Тоғаева облыс әкімінің  Құрмет грамотасымен марапатталды.

Мекемедегі әр маманның мүмкіндігі шектеулі балалардың болашағына бей-жай қарамайтыны анық. Әсіресе олардың диагнозын нақтылау немесе диагноз қою, емдеу мен оңалтуға дұрыс бағдар беріп отыру-дәрігерлердің міндеті болса, бұл міндетті жоғары деңгейде атқарып отырған дәрігерлердің ерен еңбегі деп айтуға болады. Олардың ішінде дәрігер-психиатрлар С.Истратова, А.Жылқайдарова, дәрігер-невролог С.Ихсанова, офтальмолог А.Сейткасымовтардың жетістіктерін айтпай кету мүмкін емес. Сонымен қатар, мекемедегі статист А.Толқынбаеваның да қызметі маңызды. Ол ҚР Оқу-ағарту министрлігіне жылына бір рет берілетін Тараз қаласындағы 4 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі балалардың бұзылудың 8 категориясына талдап,  әр жас мөлшерін нақтылап, есебін көрсетуде.

Тараз қалалық ПМПК мамандары өздерінің кәсіби шеберлігін шыңдауда да талмай еңбектенеді. Оның дәлелі – ҚР оқу-ағарту министрлігінің «Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-практикалық орталығының, Жамбыл облысы «Өрлеу» кәсіби даму институтының білімін жетілдіру курстарын үш жылда бір рет үздіксіз білімдерін жетілдіруде. Жамбыл облысы «Өрлеу» кәсіби даму институтының өтініші негізінде Тараз қалалық ПМПК басшысы Л.Сейдазимова «Арнайы білім беру ұйымдарында оқу-тәрбие және түзету процесін ұйымдастыру» тақырыбындағы біліктілікті арттыру курстарының тренері болып, облыстағы арнайы білім беру мекемелері мамандарының да біліктілігін көтеруге атсалысуда.

Қоғамда мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығы мен әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету – елдегі басты мәселенің бірі. Арнайы білім берудің әрбір сатысы мемлекеттің және қоғамның дамуының нақты кезеңімен қатар жүруге тиіс. Тараз қалалық ПМПК мамандары өмір, теңдік адамзатқа бірдей берілген ұғым екенін қалыптастырып, мүмкіндігі шектеулі балаларға  қашан да қолайлы орта туғызуды көздейді. Мүгедектігі бар балалардың қоғамның толыққанды мүшесі болуына, білім беру және оларға тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуі жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан бірден бір үлгілі арнайы  мекеме екенін  ауыз толтыра айтуға болады.

 

Ш.Жамбыл,

журналист.

ТАРАЗ қаласы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.