Ещё один сайт на WordPress

ҰСТАЗДЫҚТЫ ҰЛЫҚТАҒАН ҰРПАҚ САБАҚТАСТЫҒЫ

0

 

Мұғалімді мамандық деп қарасақ, ұстаздықты жүректің қалауы десе болғандай. Әдетте, ұстаздық жолын таңдаған отбасының балалары да ұстаздыққа ұмтылатыны қалыпты жағдай. Ендігі сөз «Ұстаздық» қызметінің майталманы атанып, бүгінде сол қызметінің бар сый-құрметіне бөленіп, зейнетін көріп жүрген ҚР Құрмет орденінің иегері, Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мұғалімі, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, ҚР Білім беру ісінің үздігі Әшірбеков Сағынбектің еңбек жолы мен кәсібін жалғастырған ұрпағы жайлы болмақ.
Еңбек жолын Мойынқұм ауданы, Құмөзек ауылындағы Алтынсарин орта мектебінің физика пәні мұғалімінен бастаған ұстаз кейін сол ауданның А.Байтұрсынұлы, Ы.Алтынсарин, Кеңес, Жамбыл мектептерінде директорлық қызмет атқарды. Өз пәнінің жетік маманы болу – бір төбе, ал сол ұжымда жетістікті көздеген, кәсіби біліктіліктің шыңын бағындырар орта қалыптастыру – екі есе талант! Әшірбеков Сағынбектің басшылық қызмет атқарған жолындағы ұстанымы да «Тәжірибе алмасу, мұғалімді өсіріп отырса ғана қажетті» қағидаты болатын. Физика пәнін терең меңгерту мен ұжымда жағымды жұмыс ортасын қалыптастырған қызмет нәтижесі де еленіп, 1986 жылы «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мұғалімі» атағы берілді. Сонымен қатар ҚР Білім және ғылым министрінің «Білім беру ісінің үздігі», Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері. Бейнетінің зейнетіне бөленген ұстаздың өмірлік жары Рахметова Айсұлу анамыз да осы кәсіптің нәсібін көрген жан.
Баланы білім нәрімен сусындатқан қос ұстаздан тараған қыздары Аширбекова Жанат колледж оқытушысы жолын таңдаса, Аширбекова Манат Алматы қаласы білім басқармасының №98 жалпы білім беретін мектебінің директоры қызметін атқаруда.

«Әкеден ұл туса – игі, әке жолын қуса — игі» демекші, әке салған ұстаздықтың сара жолын жалғаған Аширбеков Санат Сағынбекұлы бүгінде Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Қордай ауданы білім бөлімінің басшысы қызметін атқаруда. Санат Сағынбекұлының өмірлік жолдасы Мырзабекова Ләззат та ұстаздықтың туын желбіреткен жан. Бүгінде Тараз инновациялық көпсалалы колледжінің директоры.
Санат Сағынбекұлы 2006 жылы Жамбыл педагогикалық институтын «Педагогика және бастауыш оқыту әдістемесі» мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын 2000 жылы Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы Бірлік ауылдық округі әкімінің Кеңес ауылындағы өкілі қызметінен бастаған. 2014 жылы Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің 12 жылдық білім беру ғылыми-әдістемелік орталығының директоры қызметін атқарып, 2014-2016 жылдары Жамбыл облысы Талас ауданы әкімдігінің білім бөлімінің басшысы, 2016-2019 жылдары Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің тәрбие және стратегиялық даму жұмыстары жөніндегі проректоры, 2019-2020 жылдары Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры қызметтерін атқарған.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын, Жаманның жамандығын айт, құты қашсын» дейді дана халқым. Әкеден алған тәлім-тәрбие мен педагог мамандығының асқан алдаспаны іспеттес Санат Сағынбекұлы Қордай ауданы білім бөлімінің басшысы қызметін атқарғалы ұжымда, әріптестер арасында өзінің сыпайылығы мен көреген көшбасшылық қабілетімен ерекшеленіп, өскелең ұрпаққа ер-азаматқа тән батылдығы мен өнерлілігімен үлгі.
Бүгінде Санат Сағынбекұлының балалары Дінасыл Санатқызы 1-BOLASHAQ мектебінде ағылшын тілі пәнінен дәріс берсе, ұлы Дінмұхаммед Санатұлы арнайы пән оқытушысы қызметінде, ал Нұрбике Санатқызы математика пәні мұғалімі болуды таңдаған.
«Жақсы адам – алтын кітаппен тең» дегендей, сол кітаппен сусындаған айналасындағылар өз өмірлеріне өнеге алары хақ! Әшірбековтердің ұстаздық жолы, өмірлік жолы өзгелерге өнеге тұтуға тұрарлық!

Конбаева Акмарал Макседовна,
аудандық білім бөлімінің әдіскері.
Қордай ауданы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.