Ещё один сайт на WordPress

ӘН АРҚЫЛЫ САБАҚ ТҮСІНДІРЕТІН ҰСТАЗ

Бүгінгі жаһандану дәуірі оқу-ағарту ісінен жаңашылдықты талап етуде. Өйткені, телефоннан «тәлім» алып өскен қазіргі балалардың  санасына білім нәрін сіңіру оңай шаруа емес. Сондықтан ұстаздар да заман ағымына бейімделіп, түрлі амалдарды меңгеруде.

Әсіресе, Тараз қаласындағы «АЕС» high school» және «Дарын» лицей-интернатының физика пәнінің мұғалімі Рауан Жаңабай өз пәнін шәкірттеріне ұғындырудың ерекше тәсілін ойлап тауыпты. Нақтырақ айтқанда ұлағатты ұстаз сабағында ән мәтіндерін өзгерту арқылы оқушыларға формулалар мен заңдылықтарды түсіндірудің ерекше әдісін қолдануда.

Рауан Есенұлы 2016 жылы №36 орта мектепті тәмамдаған соң екі жылдан кейін Алматыдағы С.Демирель атындағы университеттің «физика-информатика» мамандығына мемлекеттік грант негізінде оқуға түседі.  2022 жылы жоғары оқу орнын тәмамдаған жас маман білімін әрі қарай жетілдірмекке бекініп, Астана қаласындағы Еуразия Ұлттық университетінің магистратурасында «физика мұғалімдерін даярлау» мамандығы бойынша тәлім алды.

–  8 сыныпты аяқтағаннан кейін спортқа қызығып, 2 жыл бокспен айналыстым. Содан болар  жақсы оқысам да оқу үлгерімім төмендеп кетті. Дегенмен, спортта да біраз белестерді бағындырып, С.Қонақбаев атындағы турнирде топ жардым. Кейін 9-10 сыныптарда сабаққа деген ынтам қайта оянып, үлгерімімді жақсартуға күш салдым. Нәтижесінде мемлекеттік грант негізінде білім алуға қол жеткіздім. 11-сыныпта оқып жүрген кезімде-ақ №125 орталығында физика пәнінен ассистент болдым. Осылай, педагогтік қызмет ұнап, физикаға ден қоя бастадым. Құштарлығым күн санап артып, пәнді тереңнен зерттеуге кірістім. Әр сабағыма тыңғылықпен келіп, оқушылардың көңілінен шығуға бар қарым-қабілетімді жұмсадым, — деді Рауан Есенұлы.

Жас маманның бұл құштарлығы текке кеткен жоқ. Университетте оқып жүрген 4 жылдың ішінде де тек дәріс тыңдап ғана қоймай, өзі де түрлі орталықтарда балаларды ҰБТ-ға дайындаған. Оның білім берудегі өзгеше тәсілді қолдануы да өз пәніне деген сүйіспеншілігінен туындағаны айқын.

– Магистратурада оқып жүргенімде Рон Кларк мұғалімі жайлы фильмді, сосын Youtube желісінде америкалық ұстаздың биология пәнін гитара арқылы түсіндіргенін және отандасымыз, химия пәнінің мұғалімі Ұлан Үсеновтің тәсілін көріп, «Мен неге осылай істеп көрмеймін?» деген ой келді. Алайда, бірден бастап кетуге батылым жетпеді. Сөйтіп жүргенде бір топта оқитын танысым молекуланы әнмен түсіндіріп берген болатын. Осы менің сенімсіздігімді сейілтіп, әнге сөз жазып,  арнайы студияда маманға видео түсіртіп, әлеуметтік желілерге жарияладым. Ең алғашқы таңдауым Аргония мен Айқынның «Сендей ару жоқ» әніне түсті.  Сөйтіп, «әртүрлі ортадағы электр тоғы» тақырыбын әнмен түсіндірдім. Сол арқылы «Instagram»-мен «Tik Tok»-тағы видеоларым көп қаралым жинап, таныла бастадым, «Таңшолпан» бағдарламасына да шақырту алдым, — деген ұстаз алдағы жоспарымен де бөлісті.

– Әуелі физикадан білімімді тағы да тереңдетіп, осы пәннен ағылшын және орыс тілдерінде сабақ бергім келеді. Сондай-ақ қазіргі таңда физика, математика, математикалық сауаттылық пәндерінен ақылы түрде ҰБТ-ға дайындайтын онлайн мектебіміз бар. Келешекте осы мектепті еліміздегі көшбасшы онлайн оқу ордасына айналдырып, кеңінен танымал етуді көздеп жүрмін. Кейбіреулер «Ғылыммен айналысқыңыз келмей ме?» деп сұрап жатады. Ғылымға деген қызығушылығым бар, дегенмен өзімді әзірге тек ұстаздық қызметпен ғана байланыстырғым келеді, — деп ағынан жарылды Рауан.

Кейіпкеріміздің еңбек жолы тек Жамбыл жерімен ғана шектелмей, Көкшетау қаласындағы «Ustudy», Оралдағы «Достық» білім беру орталықтарында, Астана қаласындағы А.Сейдімбек атындағы №54 мектеп-лицейінде де жалғасқан. Ол 8 жыл бойы ҰБТ-ға дайындаған мыңнан аса түлек мемлекеттік грант арқылы маңдайалды университеттерге оқуға түссе, өткен оқу жылында бір шәкірті таңдау пәнінде мүмкін болған 50 ұпайдың 48-ін жинаған.

Расында, баланың бағын ашып, оған сабақ үйретудің әдісін таба білсе нағыз мұғалім үшін содан артық жетістік жоқ. Рауан Есенұлы осы арқылы әдіс-тәсілді ғана емес, шәкірттерінің де жүрегіне жол тауып отыр. Сондықтан осы секілді жаңашылдыққа жаны құмар ұстаздар барда білім саласының көкжиегі кеңейе түспек.

 

Қ.Шахабай,

журналист,

Тараз қаласы.

Comments are closed.