МӘСЛИХАТ МІНБЕРІНДЕГІ МАЙТАЛМАН МАМАН
Тәуелсіздіктің 33 жылына қадам басқан еліміз осы аралықта қаншама саяси һәм экономикалық жаңғыруды бастан өткерді. Әсіресе, соңғы бірер жылдың бедерінде саяси тұрғыдағы өзгерістерге ерекше ден қойылуда. Солардың қатарында 2023 жылы өткен Парламент Мәжілісі пен жергілікті мәслихат депутаттары сайлауының маңызы зор.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз дамудың жаңа дәуіріне қадам бастық. Қазақстанда қарқынды және жан-жақты жаңару үдерісі жүріп жатыр. Бұл сайлау қоғамдағы өзгерістердің көрінісі ретінде саяси жүйеміздің одан әрі жаңғыруына зор ықпалын тигізеді. Біз бір ел, бір халық болып, Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Осы жолда түрлі сын-қатерді еңсеріп, көптеген маңызды міндетті бірге атқаруымыз керек, – деп қадап айтқан болатын. Расында, демократия қағидаларына толығымен сай өткен саяси науқан әр саладағы еркін ойлы азаматтарды заң шығарушы органның мінберіне жайғастырып, билік пен бұқараның одан әрі жақындата түсті. Әсіресе, толығымен мажоритарлық, яғни кандидаттардың өзін-өзі ұсыну жүйесімен сайланған жергілікті мәслихаттарда өз саласын жетік білетін, майталман мамандар жетіп артылады. Оның ішінде білім саласының білікті қызметкерлері баршылық. Бүгін біз солардың сапындағы сегізінші шақырылған Тараз қалалық мәслихатының депутаты, №19 орта мектептің директоры Мария Айтбекованы әңгімемізге айрықша арқау етпекпіз.
Мария Үрзатқұлқызы 1974 жылы Талас ауданының Майтөбе ауылында дүниеге келген. 1990 жылы А.Дәулетбеков атындағы орта мектепті тәмамдаған соң Жамбыл университетіне оқуға түсіп, «Физика және информатика пәнінің мұғалімі» мамандығын үздік дипломмен аяқтады. Сөйтіп, оқуда озат болған жас маман еңбек жолының алғашқы тарауын Тараз қаласындағы №47 орта мектепте физика және информатика пәнінің мұғалімі болып бастады. Инемен құдық қаздырған оқу-ағарту ісінің алғашқы баспалдағын басқан сәттен бастап-ақ Мария Үрзатқұлқызы өзінің тек алғыр да, зерек, қайсар да, қарымды қабілетімен көзге түсіп, әріптестері мен шәкірттерін бірден баурап алды. Соның арқасында жоғарыда аталған оқу ордасы директорының ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасарының жұмысы сеніп тапсырылды. Бұл жерде де оның іскерлігі айқын көрініп, мектептің әдістемелік жұмысы жүйелі жолға қойылды. Кейін 2010 жылы кейіпкеріміз Қордай аудандық білім бөлімінің әдіскері қызметіне тағайындалды. Білікті маманды басшылар да оң бағалайтыны белгілі. Ұлағатты ұстаздың қарым-қабілетін ескерген білім саласына жауапты тұлғалардың ұсынысымен Мария Үрзатқұлқызы Қордай ауданындағы №39 орта мектептің директоры болды. Оның одан кейінгі еңбек жолы облысы Шу ауданында М.Әшімбаев атындағы, аталмыш өңірдегі Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектептерді басқарумен ұштасып жатыр. Басшылық қызметке өзінің төккен тері, адал еңбегімен жеткен М.Айтбекова қай істі болса да дөңгелетіп, ұршықша иіріп әкетеді. «Мен басшымын» деп кеуде қақпай әрбір қоғамдық жұмысқа белсене араласып, ұйымдастыру ісіне араласып, басы-қасында өзі жүреді. Міне, осындай асыл қасиеттері оның ел алдындағы сүйкімін де арттырып, ыстық ықыласына кенелтті. Соның арқасында мәслихат сайлауында халық бірауыздан қолдап дауыс беріп, депутаттық мандатқа қол жеткізді.
– Әрине, ұстаз болып, білім ордасына басшылық ету – қиын да күрделі жұмыстың бірі. Ал мәслихаттың депутаты болып сайлануым тек ұстаздардың ғана емес, халықтың алдындағы да жауапкершілігімді одан сайын арттырды. Депутат болу – мәслихаттың орынтағында шалқайып отыру емес. Олай етуге саналы адамның ар-ұяты жібермесі анық Себебі, әр депуттатың артында өзіне сенім артқан қаншама тұрғының мүддесі мен құқығы, әлеуметтік жағдайы тұр. Депуттар солардың барлығына жіті назар аударып, жергілікті билікпен кеңесе отырып шешуге тиіс. Нағыз депутаттың жанашырлығы сондай кезде білінеді, – деп ағынан ақтарылды Мария Үрзатқұлқызы.
Расында, Мария Айтбекова өзі айтқандай халқына деген жанашырлығын сан мәрте дәлелдеген депутат. Мәселен, өзі сайланған №6 сайлау округіне қарасты «Шөлдала», «Құмшағал» шағынаудандары мен «Казарма», «28 саяжай» және «Водник» алқаптары біраз жылдан ауыз судың азабын тартып келеді. Тұрғындар тарапынан бұл мәселе ұдайы көтерілуде. Бұқараның базынасын ешқашан ескерусіз қалдырмайтын Мария Үрзатқұлқызы жергілікті әкімдіктің атқамінерлермен бірлесе жүріп түйткілдің мәселенің түйінін тарқатуға білек сыбана кірісті. Әр ауланы аралап, тұрғындармен тілдесіп, әкімдік өкілдеріне мәселенің өзекті екенін ұқтырды. Нәтижесінде қала маңындағы аумақтардың тұрғындары бүгінде таза тіршілік нәріне қол жеткізе бастады. Әр көшеге су желілерін тартудан бастап әр ауланы абонеттеу жұмыстарына дейін өзі қадағалап, басы-қасында тыным алмай жүрді. Оның ерлікпен тең бұл еңбегіне халық та дән риза. Олар әр сөзінде «Халықтың шынайы жанашыры осындай болуы керек» деп өздері сайлаған депутаттарын үлгі етіп отырады.
М.Айтбекова депутаттық қызметімен қоса директорлық лауазымымен де биік белестерді бағындырып жүр. Тараз қаласындағы №19 орта мектебінің тізгінін ұстаған 2016 жылдан бері оқу ордасын жаңа биікке көтерді. Айталық, 2016 жылы мектептегі білім сапасы 33 пайызды құраған болса, оқыту үрдісінде оқушыларға сапалы білім беру үшін олардың танымдық іс-әрекетінің мақсатқа жеткізетіндей әдіс-тәсілдерді кеңінен қолдану арқылы оқушылардың өзіндік оқу ортасын құрудағы заманауи озық оқыту түрлерін кеңінен қарастыра отырып, сапалы білім беруді қамтамасыз ету нәтижесінде білім сапасы қазір 64 пайызға жетіп отыр. Сондай-ақ, сол жылы мектептегі 11 білім алушы құқық бұзғандығы үшін қалалық полиция бөлімінде есепте тұрған болса, жүйелі жүргізілген тәрбие жұмыстарының арқасында бүгінгі күні бірде-бір оқушы мұндай есепке алынбаған.
Педагогтерге тиімді әдістемелік көмек көрсету нәтижесінде мұғалімдердің біліктілігі жыл сайын артып келеді. Оның айғағы – оқу ордасындағы педагог-зерттеуші, сарапшы және магистрлар санының 30 пайызға артқаны. Мектеп басшысының бастамасымен білім ұясында «Жасыл желекті менің мектебім» атты жоба қолға алынып, жемісті жүзеге асырылып келеді.Соның нәтижесінде мектеп ауласына 100-ге жуық жеміс ағашы, 30 түп шырша, 180 раушан гүлінің көшеті егіліп, оқу ордасының ауласы жайқалған жасыл желекке айналған.
2016-2024 оқу жылында мектептің дарынды оқушылары әртүрлі деңгейдегі олимпиадалар, байқаулар мен жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болуда. Мектеп мақтаныштары – Бекжан Ермек, Аян Ғалымжанұлы Италияда мен Түркияда өткен әлем чемпионатында кикбоксингтен еліміздің намысын қорғап чемпион атанды. Сондай-ақ «Парасатты отбасы» байқауының қалалық кезеңінде ата-ана Гулбану Қулумбетова жанұясымен бас жүлдеге қол жеткізді. Ал облыстық кезеңде «Салауатты отбасы» номинациясын иеленді.
Мария Үрзатқұлқызы барлық істе өзі бірінші болып бастап жүретін, әрбір ұстазға көңіл бөліп, әдістемелік көмегін аямайтын, ұжымдағы адами ахуалды, тепе-теңдікті, ұят пен адалдықты назарда ұстай алатын нағыз көшбасшы.
Оның білім саласы мен саясаттағы жемісті еңбегі мемлекет тарапынан ҚР Оқу-ағарту министрлігінің, Жамбыл облысы мен Тараз қаласы әкімдерінің, облыстық білім басқармасы, қалалық білім бөлімі, облыстық және қалалық мәслихаттардың, қазіргі «Amanat» партиясының және өзге де мемлекеттік органдардың Құрмет Грамотасымен, Алғыс хаттарымен және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог Қазақстаның тұрақтылығы мен өркендеінің негізі» атты халыққа арналған Жолдауын білім беру ұйымдарының педагогтары мен білім алушылары арасында кеңінен насихаттау мақсатында «Дарынды оқушылардың қабілетін айқындау, дамыту жобасы аясында қосқан еңбегі үшін «Қазақстаның білім беру ісінің қайраткері» төсбелгісімен айшықталған. Бұдан бөлек, «Жылдың үздік ұстазы-2017», «Үздік директор -2018» республикалық байқауларының жеңімпазы. Мәслихат мінберіндегі ілкімді істер де ескерусіз қалмай Қазақстан мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толуына орай биыл кеудесіне «Депутат» медалі тағылды.
Қ.Шахабай,
журналист,
Тараз қаласы.