БИІК ПАРАСАТТАН НӘР АЛҒАН ҰЛАҒАТ ИЕСІ
Даңқты батыр Бауыржан Момышұлының «Ұстаздық – ұлық емес, ұлы қызмет», – деген тәмсілі әлі күнге өз маңызын жойған емес. Керісінше, уақыт өткен сайын өскелең ұрпаққа ұсынар тағылымы артып келеді. Осы бір ауыз сөздің өзі ұстаздар қауымын абыройын аспандатып тұрғаны анық.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған биылғы Жолдауында да «Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты. Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады», – деген еді. Президентіміз осы арқылы педагогтер қауымына зор жауапкершілік жүктеліп отырғанын аңғартты. Бүгінде жауапкершілік жүгін көтеріп, сенім үдесінен шығып жүрген білікті ұстаздар Жамбыл жерінде жетерлік. Солардың ішінде Қордай ауданы, Д.Қонаев атындағы №1 мектеп-гимназиясының қазак тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі «педагог-шебер» Толғанай Кенжебаеваның шоқтығы биік.
Толғанай Шерахметқызы 1968 жылы 19 ақпан күні Шымкент қаласында өмір есігін ашқан. Қазіргі Түркістан облысы, Қазғұрт ауданындағы орта мектепті бітірген соң, арман қуып 1987 жылы Алматы қаласындағы малдәрігерлік институтына оқуға түсті. Осылайша, жас маман 1992 жылы аталған институты бітіріп, Жамбыл Қордай ауданы, Славное ауылына келді. Бұл еліміз үшін қиын, қайта құру кезеңі болатын. Еліміздегі экономикалық дағдарыспен қатар келген оның еңбек жолы ауылдағы сегіз жылдық мектептің бастауыш сынып мұғалімдігінен басталды. Өзі де бала кезінде ұлағатты ұстаз болуды армандағанымен әкесінің қалауымен басқа мамандыққа оқуға түскен екен. Алайда, тағдыр жолы оны ұстаздыққа бастап, балалық арманына жетеледі. Аталған оқу ордасында 8 жыл еңбек етіп, балаларға сапалы білім, саналы тәрбие берді. Педагогикалық тәжірибесін біліммен ұштастыру мақсатында 2000 жылы М.Х Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығын тәмамдап, көкжиегі тіл ғылымының тереңіне бойлай түсті.
– Қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі болу – аса жауапты іс. Бұл пән мұғалімі жаһандану заманына тұспатұс келген шәкіртінің бойына ұлттық рухты сіңіріп, тілі мен дінін, ділін берік ұстанған ұрпақ қалыптастыруды көздеуі керек. Осы орайда, менің пән мұғалімі ретіндегі негізгі бағытым – рухани діңгегі мықты, қазақ елін әлемдік кеңістікке еркін самғата алатындай, білім мен тәрбие деп аталатын қос қанатын қомдаған заманына сай ұрпақ тәрбиелеуге үлесімді қосу.
Мен қазір орыс сыныптарында қазақ тілінде сабақ беремін. Тіл – саясат. Тілді үйретуші ең алдымен үлкен патриот болуға тиіс Бүгінгі шәкірттің ертеңгі ел тізгізін ұстар азамат ретінде қалыптасуының негізі де өз Отанын сүюінен, ана тілін құрметтеуден туатыны анық. Сондықтан қазақ тілін үйретуде қандай тақырып таңдалып, оқытылмасын, оның аясында халқымыздың тұрмыс-тіршілігінен хабардар ететін сөздік қорымызбен қатар, отаншылдық мақсатта тәрбиелеу ісі де көрініп тұруы керек. Елін қорғаған, ұлтына қамқор болар ұрпақтың қашанда көңілі ояу, айналасындағы өзгерістерге сын көзбен қарай білетін, пікір қорытынды айта білетін, шешім қабылдай алатын болуы қажет. Бұл биік – оқушының шығармашылық қабілетін дамыту арқылы келетіні тағы да аян. «Көкірегі сезімді, көңілі ойлыға, Бәрі де анық тұрмай ма ойлағанға»,-деп ұлы Абай атамыздың сөзімен қарар болсақ, оқушының өзіндік ізденісіне мол мүмкіндіктер туғызып, алған білімді орынды қолдануға тәрбиелеп, жемісін көрудемін. Көп жылдық ұстаздық қызметімде балалардың шығармашылық дарынын ашу, оқу белсенділігін арттыру, интеллектісін көтеруді бағдарға алып, бірқатар жетістіктерге қол жеткіздім, – деді кейіпкеріміз ағынан жарылып.
Расында, Толғанай Шерахметқызының өз саласындағы жарқын жетістіктері көңіл қуантады. Айталық, аудандық «Үздік педагог» байқауында үшінші орын алса, облыстық «Авторлық бағдарлама» байқауында бірінші, аталған сайыстың республикалық кезеңінде үшінші орынға қол жеткізді. Сондай-ақ бірнеше рет Қордай ауданы әкімінің, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет Грамотасы және Алғыс хаттарымен марапатталған. Сонымен қатар Педагогикалық шеберлік орталығының Қазақстан Республикасы педагог кадрларының біліктілігін арттырудың деңгейлі бағдарламалары аясында бірінші (ілгері) деңгей бағдарламасы, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы әзірлеген «Тәжірбиедегі рефлексия» мектеп тренері, ҚР БҒМ «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қазақстан Республикасында орта білім мазмұнын жаңарту шеңберінде орыс тіліді мектептердегі «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәні бойынша педагог кадрлардың біліктілігін арттыру» курстарын тәмамдаған. Бұған қоса қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша олимпиадасының, «Өнеге» интеллектуалды білім порталының «Үздік ғылыми жоба», «Жылдың жүз үздік жобасы-2021» байқауларының жеңімпаздарын дайындағаны үшін арнайы Алғыс хат, төсбелгі, «Педагогикалық идеялар фестивалі» байқауында ІІ, «Үздік авторлық бағдарлама» сайысында І дәрежелі дипломдарды еншілесе, «Білім берудегі көшбасшылық: Табысты мұғалім-табысты оқушы» on-line байқауының «Табыс формуласы» бағыты бойынша топ жарды. Бұлардан бөлек, Халықаралық ғылым мен білімді қолдау орталығының қолдауымен «Мың бала» интеллектуалды білім сайтының «Үздік сабақ жоспары» байқауында 1, Ы.Алтынсариннің 180 жылдығына арналған «ПЕДАГОГИКАЛЫҚ БІЛІМ БЕРУ:ӘЛЕМДІК РУХАНИЯТ, ЗАМАНАУИ ТРЕНДТЕР ЖӘНЕ ИННОВАЦИЯЛЫҚ ТӘЖІРИБЕ» атты ІІ Халықаралық педагогикалық оқуларында «Үздік педогогикалық өнім-2021» байқауының «Үздік инновациялық әдістеме» номинациясы бойынша III дәрежелі, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ ұйымдастырған «Жылдың үздік коучі» облыстық байқауын да III дәрежелі, қоғамдық келісім мен жалпы ұлттық қазақстандық үлгісіне арналған облыстық үздік ғылыми жобалар байқауында II дәрежелі, облыстық «Үздік эссе» байқауын II дәрежелі, 2022 жылы «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасының «Тіл -мектебі» ғылыми жобасына III дәрежелі Дипломдарды еншіледі.
Кез келген ұстаздың еңбегі тек өзінің ғана емес, шәкірттерінің жетістігімен де өлшенері сөзсіз. Оның шәкірттері қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, мемлекеттік тілдің өркендеуіне өзіндік үлестерін қосуда. Атап айтқанда, Мадина Аджимамбетова, Элвина Наджафова, Ясмин Давуз, Тайсийя Аппазова, Райхан Қалабаева, Владислав Третьяков секілді дарынды өрендері өзге ұлт өкілдері болса да, терең білімімен, ой тереңдігімен, сөзді орынды қолдану ерекшелігімен дараланып, білім додасында жүлделі орынға ие болды. Бұл оқушылар бүгінгі таңда мектеп қабырғасында алған білімдерін өмір жолында тиімді қолданып, өз саласының таңдаулы маман иесі атанып отырған жайы бар. Сонымен қатар «Тіл – мемлекет тәуелсіздігінің символы» республикалық қашықтық олимпиадасында Елизавета Автомонова, Таисия Зотва, Дмитрий Гоцкин, Абдужалиль Турсунов, Арсений Лакеев, Изабелла Саркисова, Ясмин Давуз I және II дәрежелі дипломдармен марапатталды. Бұл қатарға 5-6 сыныптар арасындағы пән олимпиадасының респуликалық кезеңде 2-орын алған Інжу Жайлау секілді өрелі өрендерді қосуға болады.
– Оқу ісінде балаларды оқытып тәрбиелеуде ғана емес, мектеп ұжымына ұстаздық қызметтің қыр-сырын үйрету, әдістемелік көмек көрсету де көп жылдық тәжірибесі бар мұғалімнің негізгі міндетіне кіреді. Осы орайда мектепте, аудан, облыс көлемінде оқу үдерісінде коучингтер, менторингтер, тренингтер өткізіп, мұғалімдердің шығармашылық қабілетінің дамуына жайлы орта қалыптастырудамын. Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдерді мектеп мұғалімдеріне таратып, командалық жұмыс пен бірлескен оқуды тиімді ұйымдастырып келемін. Дарынды оқушылардың дамып, шыңдалуына негіз болатын – білікті ұстаздар. Осы орайда, өзім тәлімгер болған мұғалімдер де түрлі облыстық, республикалық байқауларға қатысып, жеңімпаз атанып, облыстық, республикалық көлемде өткізілетін семинар-конференцияларға белсенді түрде қатысып, тәжірибе алмасуда. Атап айтқанда, мектепке жаңадан келген жас маман, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әбуова Зухра Омарқызы 2022 жылы өткен қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің облыстық шығармашылық байқауында ІІІ орын алса, тағы бір ұстаз Кошаметова Жанаркул Жамбуршиевна пән мұғалімдері арасында өткен облыстық «Үздік сабақ» байқауының І орын, қазақ тілі бойынша мұғалімдер арасындағы республикалық қашықтық олимпиаданың ІІ орынды иеленді. Осындай креативті ұстаздардың қатарына жаңадан келіп қосылған жас мамандарға тәлімгерлік қолдау көрсетіп, мастер-класс, тренингтер, коучингтер, менторингтер арқылы мұғалімдіктің қыр-сырын үйретуден еш жалыққан емеспін, – деді Толғанай Шерахметқызы бізбен әңгімесінде.
Ұлағатты ұстаз 2009-2012 жылдар аралығында Д.Қонаев атындағы №1мектеп-гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып, оқу ордасындағы оқушылардың тәртібіне жіті назар аударды. Соның нәтижесінде мектептегі тәрбие жұмысы жаңа биікке көтерілді.
Т.Кенжебаеваның ұстаздық туралы ой-толғамы да кімді болса тебірентеді. Оның «Ұстаздық – ұлы іс», — деп кемеңгер М. Әуезов айтқандай, бұған лайық болу – үлкен абырой, басты борышым деп есептеймін. Мұғалім мамандық болса, ұстаздық – қасиет, табиғат дарытқан құдірет екен. Бойыңа қуат, жаныңа жігер беріп, өрге сүйрейтін де, өміріңе өзек болып төрге сүйрейтінде осы — ұстаздық қасиет. Мұғалім — өз ісінің шеберлігімен ұстаздық қасиетімен ғана шәкірт жүрегіне жол табады. Ұстаз алдынан дана да, ғалым да, ел басқарған басшы да өткен. Демек, ұстаз – бұл білімнің бұлағы, даналықтың дәнекері, құрметті есім болып қала бермек, – деген парасатқа толы пайымы кейіпкеріміздің өз саласын қаншалықты жан-тәнімен сүйетінін бүкпесіз дәлелдеп тұр.
Қ.Аманкелдіұлы,
журналист,
Қордай ауданы