Ещё один сайт на WordPress

БИІК БЕЛЕСТЕРГЕ БАСТАҒАН БІЛІКТІ БАСШЫ

0

Дүниедегі мамандық атаулының анасы – ұстаздық. Себебі ұлы тұлғаларымыздың барлығы содан тəлім алған, ол салып берген сара жолдан өткен. Өлең сөзді өрнектеген ақын да, қаламы қарымды жазушы да, ғылым жолында түрлі жаңалықтар ашып жүрген ғалым да ұстаздың берген білімінен сусындаған.

Ұстаз мәртебесінің артуы ең әуелі оған қаншалықты лайық болуына байланысты. Өмірдің өзі де ұстаз. Бірақ осынау сөздің астарында мыңдаған білім мен ғылым, махаббат пен сүйіспеншілік жатқанын байқай бермейміз.

Бүгінгі жаңа дәуірдің, жаңарған білімнің мұғалімге қояр талабының жүгі ауыр, олар үлгі боларлық бар жақсылық атаулының ең биігінен көрінуге тиіс. «Адамның адамшылдығы жақсы ұстаздан» деп Абай хәкім айтпақшы, әрбір ұстаздың ісі  жеңіске жетіп жатса, оның артында соған бағыт-бағдар көрсетіп, жол сілтеп,  ұжымның тірлігін тіктеп, жұмысын жүйелеп отырған білікті басшының тұрғанын естен шығармаған жөн. Ұжымның әрбір мүшесі мен оқушылардың білімі мен білігін теңдей таразылап, олардың іс-әрекетіне дейін жіті назарда ұстау тек таңдаулы басшылардың ғана қолынан келмек. Біз бүгін әңгімемізге арқау еткелі отырған Жамбыл ауданы, Б.Бесбаев атындағы мектеп-гимназияның директоры Гүлнара Сыздықова дәл осыған лайық.

Тасын түртсең тарихы төгілетін киелі Тараз қаласындағы «Әулие – Ата» университетінің «бастауыш сынып мұғалімі» мамандығын тәмамдап, еңбек майданына бірден араласып кетті. Сөйтіп мектепке дейінгі  білім беру тәрбиешісі, бастауыш сынып мұғалім, аталған оқу ордасы директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін зор жауапкершілікпен атқарды. Осының арқасында лауазымы сатылай өсіп, Ә.Ысмайылұлы атындағы  білім ұясының директоры қызметіне тағайындалды. Табаны күректей 11 жылдың ішінде осы оқу ошағының материалдық-техникалық базасын нығайтып, білім сапасын биікке көтерді.

Қай кезде де өзінің табандылығымен, талапшылдығымен, әділетсүйгіштігімен ерекшеленетін  «менеджер басшы», «педагог-сарапшыға» 2017 жылы Б.Бесбаев атындағы мектеп-гимназияның тізгіні сеніп тапсырылды. Гүлнара Құрманалықызы осы сенімнің үдесінен толығымен шығып, мектептің көшін өрге сүйреп келеді.

–  Мектеп басшысы – білім беру процесінің басты ұйымдастырушысы ғана емес, сонымен қатар мектеп қауымдастығының моральдық және әлеуметтік үлгісі. Оның жұмысы тек әкімшілік басқарумен шектелмей, педагогикалық ұжымды ынталандыру, ата-аналармен өзара тиімді байланыс орнату және оқушылардың жан-жақты дамуына жағдай жасау сияқты маңызды аспектілерді де қамтиды. Мектеп директорының беделі оның кәсіби біліктілігі мен жеке қасиеттеріне тікелей байланысты. Ұжымның қолдауы, оқушылардың жетістіктері және ата-аналардың ризашылығы – осының бәрі директордың білікті басқарушы ретінде көрінуіне септігін тигізеді. Мектеп басшысының беделі жоғары болған сайын, оның оқу орны да табысты дамиды. Бұл өз кезегінде бүкіл білім беру жүйесіне оң әсерін тигізіп, қоғамға үлгі боларлық мектептің қалыптасуына жол ашады. Өзімнің қызметімен ең әуелі осыларға баса мән беремін, – деді өз ойын ортаға салған Гүлнара Сыздықова.

Ол басқарып отырған Б.Бесбаев атындағы оқу ордасы алғаш рет 1910 жылы медресе ретінде өз жұмысын бастаған. Кейін 1918 жылы орта мектеп ретінде қайта ашылып, 1928-1962 жылдар аралығында жеті жылдық Ильич орта мектебіне айналды. Ал 1993 жылы білім ордасына ескі Аулие ата уезіндегі алғашқы мұғалімдердің бірі, ұлағатты ұстаз, мықты педагог Баймырза Бесбаевтың есімі берілді. Араға жылдар салып, нақтырақ 2018 жылы орта мектеп  «мектеп- гимназия» дәрежесін иеленді. Демек, қатардағы көп мектептің болған оқу ордасына «гимназия» мәртебесінің қосақталуына Гүлнара Құрманалықызының сіңірген еңбегі мол деуге толық негіз бар. Қазіргі таңда мұндағы 866 оқушыға 98 мұғалім сабақ беруде.

– Филология ғылымдарының докторы, профессор Ляйля Салжанова,
физика ғылымдарының докторы Тұрлыбек Аширов секілді көрнекті ғалымдар түлеп ұшқан алтын ұяны басқаруға кімге болса да зор жауапкершілік артады. Одан бөлек, осы білім ордасынан сусындап, өнер, спорт және түрлі салаларда жетістіктерге жеткен түлектеріміз бүгінгі күні еліміздің түкпір-түкпірінде өз қызметтерін абыроймен атқаруда. «Мектеп атымен емес, шәкіртімен даңқты» демекші, бір әріп үйреткен ұстазына қырық жылдық құрмет көрсететін ұлтпыз. Шәкірттердің жетістіктері арқасында мектебіміздің абыройы да артып, аймақтың білім беру саласында өзіндік орны қалыптасып келеді. Алдағы уақытта да киелі білім ордасынан талай абыройлы азаматтар түлеп шығатынына сенім мол, – деп ағынан жарылған білікті басшы мектептің болашағы жарқын боларына еш шүбә келтірмейді.

Саналы ғұмырының ширек ғасырын ұстаздыққа арнап, 18 жылын басшылық қызметке сарп еткен Гүлнара Құрманалықызы мектептегі мұғалімдер құрамын дамытуға ерекше көңіл бөледі.  Ол әрдайым педагогикалық құрамның біліктілігін арттыруға бағытталған шараларды жүзеге асырып отырады. Мысалы, мұғалімдерге арналған семинарлар мен біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыру, тәжірибе алмасу бағдарламаларын іске асыру арқылы педагогикалық ұжымның кәсіби өсуіне жағдай жасайды. Оның ұйымдастыруымен мектеп ұстаздары республикалық «Жас маман» байқауына жоғары деңгейде қатысып, Алғыс хатпен марапатталған. Мұндай жетістіктер ұжымның білім деңгейін көтеріп қана қоймай, мектептің де беделін нығайтуға ықпал етеді. Сонымен қатар, оқу ордасының инфрақұрылымын жаңарту мәселесі де басшының назарында. Мектеп заманауи құрал-жабдықтармен толық жабдықталып, білім беру ортасы жақсарған. Бұл тек оқыту сапасын арттырып қана қоймай, оқушылар мен мұғалімдер үшін қолайлы және жайлы орта туғызады. Мұндай толағай табыстар директордың іскерлік қабілеті мен ұйымдастырушылық шеберлігінің айқын көрсеткіші екені даусыз. Оның атқарған жұмыстары мен жетістіктері мектептің мәртебесін көтеруде ерекше рөл атқарады. 2022 жылдың қорытындысы бойынша Гүлнара Құрманалықызы білім беру жүйесіне қосқан үлесі үшін «Үздік директор» номинациясымен марапатталған болатын. Әрине, осы марапат та оның көшбасшылық қасиеттерінің және ұжымдағы беделінің жоғары екенін әйгілейді.  Сондай-ақ мектеп қауымдастығы мен ата-аналармен тығыз қарым-қатынас орната білуі де көп нәрседен хабар берсек керек. Ол әрдайым ата-аналармен байланысты нығайта отырып, қоғаммен белсенді жұмыс жүргізу арқылы мектепті қолдауға шақырады.  Осы бағытта «Мектепалды даярлық сынып балаларының бойында адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру жолдары» атты облыстық семинардың нәтижелі өтуіне қосқан үлесі үшін арнайы марапатқа да ие болған. Марапат демекші, Г.Сыздықованың еңбек жолында қол жеткізген табыстары өз алдына бір төбе. Айталық, оның еселі еңбегі  Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы Жамбыл облыстық ұйымының, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет Грамоталарымен айшықталған. Сонымен қатар өзі басқаратын гимназия «Үздік ауыл мектебі» номинациясын иеленіп, аудандық «Шебер педагогтар мектебі» аталымы бойынша да құрметке кенелген. Әлбетте бұл жетістіктердің артында кейіпкеріміздің стратегиялық бағыттағы көрегенділігі, ұжымды ұйыстыра алатын көшбасшылығы және инновациялық бастамаларды іске асырудағы табандылығы жатыр. Алайда, Гүлнара Құрманалықызының «Мұның бәріне тек менің арқамда ғана қол жеткізілді» деп кеудесін қаққан кезі мүлде жоқ.

– Адамзат баласының ең үлкен игілігі  қазыналы білім екені рас. Алдыңғы буынның кейінгі ұрпаққа қалдыратын ең құнды мұрасы да осы – білім. Өзіндік бағытын қалыптастырған, кәсібилікті жетік меңгерген ұстаздарымыздың қашанда шоқтығы биік. Тек баланың қарым-қабілетін ашып қана қоймай, оның жан-жақты білім алуына жағдай жасаған ұстаздардың еңбегі ерен. Әсіресе, аға буын өкілдерінің ізін жалғаған Д.Оспанбаева, Ж.Бесбаев, Р.Атамбаева,  А.Журунова,  С.Сирбаева, А.Каражанова, А.Ешмұратова, Ы.Даутова,  Н.Кушило, Р.Бильдебаева,  А.Конысбекова,  С.Баймахамбетова,  Т.Финагина, С.Махаева, Г.Джошкунова, С.Мадиярова, Г. Кулекеева, О.Алимкулова, К.Аубакирова, Е.Абжалиев, Б.Ермекбаева, А. Халилова, К.Стамкулова, Б.Стамкулова т.б. секілді  ұстаздарымызды ерекше атап өтуге болады. Әрине, ешқайсысын бөле-жарғым келмейді, бәрінің де мектебіміздің дамуына қосып отырған үлесі ұшан-теңіз. Білім ордасының әрбір жетістігінде осындай ұлағатты ұстаздарымыздың қолтаңбасы сайрап жатыр. Енді «болдық-толдық» деп осымен тоқмейілсуге еш хақымыз жоқ. Осы бағытта жұмыстарымызды одан әрі де жүйелі жалғастырып, елімізді алға бастайтын саналы ұрпақтарды тәрбиелей білсек, бізге одан асқан бедел еш жерден табылмайды, – деп парасатқа толы пайымды ой қозғады Г.Сыздықова бізбен әңгімесінде.

«Ауылына қарап азаматын таны» деген қазақтың байырғы тәмсілін «Директорына қарап мектебін таны» деп бүгінге ыңғайлап өзгертсек еш сөкеттігі болмас. Расында, мектеп табалдырығын тарыдай болып аттаған  бүлдіршіннен түлектерді қияларға самғат ұлағатты ұстаздарға дейін барлығы басшыға қарап бой түзейді. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін қағида екеніне әлдеқашан көз жеткен.

Б.Бесбаев мектебін әр жылдары Айдаралы Мүсіралиев, Қабыкен Әлжанов,  Асан Ермекбаев,  Ертай Мадимаров,  Жорабай Молдақұлов,  Салима Мадиярова,  Айымжан Абдралиева өз ісінің шын шеберлері басқарды. Міне, осындай білікті басшылардың даңғыл жолын Гүлнара Сыздықова да лайықты жалғастырып келеді.

 

Қ.Аманкелдіұлы,

журналист,

Жамбыл ауданы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.