БАРША БІЛІМГЕ БАСПАЛДАҚ БОЛҒАН БАЛАБАҚША
Қазіргі таңда үздіксіз білім беру еліміздің ертеңі – жас ұрпақ алған тәлімнің тереңдігімен өлшенеді. Білімді, жан-жақты қабілетті буын – ұлтымыздың баға жетпес қазынасы.
Қоғамымызда болып жатқан әлеуметтік-экономикалық өзгерістер мен еліміздің білім беру саласының әлемдік білім кеңістігіне өтуі аталған саланың соның ішінде мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуға уақыт сұранысына сай өзгерістер енгізуді талап етіп отыр.
Қашанда бар білімнің бастауы – балабақша. Сондықтан мектепке дейінгі білім беру саласының басты міндеттерінің бірі – өскелең ұрпақты тәрбиелеу мен білім беру үрдісіне заманауи әдістерін енгізу, зияткерлік шығармашылық қабілетін дамыту. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қадап айтқан болатын.
– Қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөз бар. Сондықтан, мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек. Балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажет. Оған қоса, тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейту керек. Осы саладағы мамандарға қойылатын нақты талаптар бекітілуге тиіс. Олардың жұмыс жүктемесін де біртіндеп азайтқан жөн. Өз ісіне адал ұстаздар білім беру саласының дамуына зор үлес қосады. Сондықтан, балабақшаны емес, тәрбиешіні аттестациялау қажет, – деген еді Президент өз сөзінде.
Мемлекет қолдауының нәтижесінде елімізде балғындарды балабақшамен қамту мәселесі оңтайлы шешіліп келеді. Буыны қатпаған, санасы толыспаған бүлдіршіндерді үлкен өмірге бағыттау мақсатында Тараз қаласындағы №9 бөбекжай-бақшасында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде Бөбекжай меңгерушісі Жанар Оспанованың білікті басшылығымен балабақшаның бағындырған белестері биік.
– Бөбекжай-бақша тәрбиенушілерінің білім деңгейінің сапалық құрамы 98 пайызды құрап отыр. Тәрбиелі, білімді ұрпақ балабақшадан мектепке дайын шәкірт болып шығары белгілі. Мәселен, соңғы 5 жылда №9 бөбекжай-бақшасының түлектерінің 80 пайызы Тараз қаласындағы жоғары деңгейлі гимназия, лицей мектептерінің табалдырығын аттады. Бұл да біз үшін үлкен жетістік. Сондай-ақ, «Робототехника –болашақ, бүгінгі бастама» атты авторлық бағдарламамыз бар. Баспасөз беттерінде түрлі тақырыптағы мақалалар жарияланып, ғылыми практикаларда іс-тәжірибеміз кеңінен таралды. Осындағы педагогтердің іс-тәжірибелері қалалық, облыстық оқу орталықтарында таратылып, әртүрлі деңгейдегі конференция жинақтарына енген. Ұстаздарымыздың сапалық құрамы биыл 95 пайызды құрады, яғни, барлық педагогтің бейінді білімі бар. Оның ішінде «педагог-шебер», «педагог-зерттеуші», «педагог-сарапшы» және «педагог-модератор» сынды түрлі біліктілік санаттарын иеленген мамандарымыз жетерлік. Ерекше атап өтерлігі, педагогикалық шығармашылық топтың шеберлерімен бірлесе отырып, Райкүл Аталықова, Нұржамал Свамбаева, Райла Утелбаева, Жадыра Шукирбаева, Сайра Мұқанова, Нұрила Әбітбекқызының әдістемелік құралдары республика көлемінде таратылды. Сондай-ақ, 2019 жылы тәрбиеші, «педагог-шебер» Райкүл Аталықова «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгімен марапатталса, музыка жетекшісі Сайра Мұқанованың кеудесіне «Жамбыл облысының білім беру саласына сіңірген еңбегі үшін» құрмет белгісі тағылып, 300 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі сыйақы берілді. Бұдан бөлек, балабақшаның Жадыра Шүкірбаева, Эльмира Жұмақасова, Салтанат Азбергенова, Ақмарал Сержанова, Бақыт Жақанова, Ақтолқын Жанысбекова, Индира Оразбаева, Райла Өтелбаева, Нұрила Тұрғымбек, Айнұр Шотаева, Ажар Егембаева, Светлана Тремасова, Әсел Керімбаева, Ксения Кудинова секілді білікті тәрбиешілері «Ертегілер әлемі», «Ханталапай», «Шымырлық пен шеберлік», «Мен зерттеушімін» , «Тәуелсіздік тұғыры», «Өнерім саған -Қазақстан», «Менің елім –Қазақстаным» ,«Қазақшаң қалай, балақай?», «Шебер әке, өнерлі ана, еңбекқор бала», «Шаңырақ» атты қалалық, облыстық, республикалық байқауларда топ жарып, сан мәрте мерейімізді үстем етті, – деді Жанар Рәпілбекқызы кеудесін мақтаныш кернеп. Бұл қатарға үздіктер алаңы жобасы бойынша «Мектепке дейінгі ең үздік педагог», «Ең үздік флипчарт», «Үздік педагог», «Үздік педагогикалық озық тәжірибе» «Үздік интерактивті оқу қызметі» атты сайыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізген білікті мамандарды қосуға болады.
Бүлдіршіндерге сапалы тәрбие беру мақсатында бөбекжайда STEM кабинеті ашылған. Мұнда, «LEGO-құрастыру», «Математикалық даму», «Робототехника» және «Мен әлемді жасаймын» мультстудиясы орналасқан. Сондай-ақ барлық модульді жүйелі жүзеге асыру үшін кабинет қажетті конструкторлармен, интерактивті панельмен жабдықталған.
Осы ретте бөбекжай-бақшасында күнделікті жоспарлы да, жоспарсыз да ата-аналармен тығыз қарым-қатынас орнатылған. Ата-аналарға арналған «Ашық есік күндері», тренингтер, практикумдер өтуде. Мерекелік ертеңгіліктер мен түрлі спорттық іс-шараларға тек көрермен ретінде емес, балаларымен бірге белсене атсалысатын ата-аналар да баршылық.
Балабақша басшысы Жанар Оспанова да білім теңізінде құлашын кеңге сермеп, еркін жүзетін білікті маман. 1988 жылы Абай атындағы Жамбыл педагогикалық училищесінің «Мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиешісі» мамандығын бiтiргеннен кейін еңбек жолын №14 «Ромашка» бақшасында бастаған Жанар Рәпілбекқызы содан бері 30 жылдан астам уақытын осы саланың өркендеуіне арнап келеді. Әр жылдары №15 «Әйгерім» балабақшасының, Жамбыл облысы Жуалы ауданы әкімшілігінің білім бөлімі әдіскері, «Жамбыл облысы кәсіподақтар Кеңесі» ҚБ, ұйымдастыру-көпшілік бөлімінің жетекші маманы, ҚР БҒМ РММ ««Балалық шақ» Республикалық орталығы» «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың білім сапасын басқару» бөлімінің басшысы, Қарағанды облысы білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының, Тараз қаласы «Інжу» балабақша, мектеп-гимназия кешенінің әдіскері қызметтерін абыроймен атқарды. 2018 жылдан бері №9 бөбекжай-бақшасын басқарып келеді. Педагогика ғылымдарының магистрі. Сондай-ақ ҚР Білім және ғылым министірлігінің «Балалық шақ» Республикалық орталығында жұмысшы тобының мүшесі болып, ҚР БҒМ «Оқулық» республикалық ғылыми – практикалық орталығында оқу әдебиеттерге, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға арналған кешендерге сараптама жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар «Қазақстан Республикасы мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының өзгертулері мен толықтырулары» тақырыбында 2020 жылғы ҚР БҒМ Тамыз кеңесінде, халықаралық білімді дамыту академиясында «Мектепке дейінгі ұйымдардағы нормативтік-құқықтық база» тақырыбында оқыту семинарында баяндамалар жасап, меңгерушілік тәжірибесімен, шеберліктерімен бөліскен.
Қорыта айтқанда, білікті басшысы, білімді тәрбиешілері бар да барша білімге баспалдақ болған балабақшаның болашағы жарқын боларына сенім кәміл.
Қ.Шахабай,
журналист,
Тараз қаласы.