БАЛА ЖАНЫНЫҢ БАҒБАНЫНА АЙНАЛҒАН БАЛЖАН
Жуырда Астана қаласында «Мектепке дейінгі ұйымның үздік педагогі» атты республикалық байқау өтті. Балабақшадағы тәрбие мен оқытуды ұйымдастырудың жаңа, заманауи тәсілдерін іске асыру үшін үздік педагогикалық тәжірибені анықтау және тарату мақсатында өткен байқауға Тараз қаласы, №8 бөбекжай-бақшасының қазақ тілі мұғалімі Балжан Умбетова да қатысып, жүлделі ІІ орынға ие болды.
Балжан Кенжеболатқызы 1989 жылы Тараз қаласында дүниеге келген. Сарысу ауданы, Жайылма ауылындағы Әйтеке би атындағы орта мектепті тәмамдаған соң анасынан үлгі алып ұстаз болуға бекінеді. Сөйтіп, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі» мамандығына оқуға түсіп, үздік аяқтайды.
– Бала күнгі арманым анам секілді, аяулы ұстаздарым сияқты мұғалім болу еді. Осы арманымды мақсатқа ұштастырып, ұстаздық ұлы жолға қадам бастым. Сөйтіп 2014 жылдан бері 10 жылдан астам уақыт бойы осы №8 бөбекжай-бақшасында балғындарға қазақ тілін үйретудемін. Осылайша, мен бұл салаға өз жүрек қалауыммен келдім. Сондықтан мамандығым мақтанышым деп айта аламын. «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат», деп Ыбырай Алтынсарин айтқандай, дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық.
Педагогтің еңбегі әрине, балалардың жетістігінен көрінеді. Балаларды республикалық , облыстық, қалалық деңгейде түрлі байқауларға қатыстырып, жүлделі орындарды иеленіп келемін Бұл әрине бір жылдың ғана жемісі емес, жылма-жыл келетін табыс. Ал, үздік педагог болу – үздіксіз білім алып, ізденіп, соны шәкірт бойына сіңіре білу деген сөз. Абай атамыздың нақыл сөзімен айтсақ, «ақырын жүріп, анық басу». Себебі педагог — өзінің білімін үздіксіз жетілдіріп отырғанда ғана мұғалім, ал оқуды, ізденуді тоқтатқан кезде оның мұғалімдігі де жойылады, – деген Балжан Кенжеболатқызы республикалық байқау жайлы орамды ойын да ортаға салды.
– Әр маман өз білім-білігін ұдайы жетілдірсе ғана көштен қалмайды. Сондықтан күні кеше Елордамызда ұйымдастырылған байқау менің тәжірибемді шыңдап, қабілетімді қатайтып, тек алға қарай ұмтылуыма зор серпін берді. Өзіме бай тәжірибемен қоса тың идеялар да жинақтадым.
Қатысушылар сайыстың алғашқы кезеңінде онлайн форматта Е-портфолио, «Мектеп жасына дейінгі балаларды дамыту мен тәрбиелеудегі заманауи педагогтің рөлі» тақырыбында эссе, күні бойы режимдік сәттерде педагог қызметінің үзіндісі бейнеленген бейнематериалдарын ұсынды. Екінші айналымда педагогтер Үлгілік бағдарламада мазмұны мен балалардың жасына сәйкес кіріктірілген ұйымдастырылған іс-әрекет бойынша өздерінің үздік тәжірибелерін бөлісті , – деді Б.Умбетова.
Байқау қорытындысы бойынша үздік деп танылған жүлделі орындарға ие болса, өзге қатысушылар «Шебер педагог», «Креативті педагог», «Өнерлі педагог» және «Жаңашыл педагог» номинацияларымен марапатталды.
Қ.Шахабай,
журналист,
Тараз қаласы.