Ещё один сайт на WordPress

АБЫРОЙ АСҚАҒЫНДАҒЫ АЙНҰР ҰСТАЗ

0

«Ұстаз еңбегі – ұлы еңбек». Бұл біздің емес, ұлылардан қалған тағылымды тәмсілдердің бірі. Расында,  әр адамның жүрегінде ізгілік тамшысы мен бойында қарым-қабілеті болса, ол соны аша білген мұғалімнің еңбегі. Сол нұрды жеткіншектің бойына дарыту үшін ұстаз қаншама тер төкті десеңізші. Дүниеде адамды тәрбиелеп, азамат атандырғаннан артық абырой мен құрмет жоқ шығар, сірә?! 

Міне, осы арқылы абыройдың асқарына шыққан ұлағатты ұстаздардың қатарында Т.Рысқұлов ауданы, Абай атындағы шағын орталықты орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айнұр Татибекова да бар.

Болашақ педагог Айнұр Андабекқызы 1983 жылы 11 қарашада Талас ауданы, Көктал ауылында дүние есігін ашқан. М.Жұмабаев атындағы орта мектепті тәмамдаған ұстаздыққа ұлы жолға түсу мақсатында Тараз мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түседі. Кейіпкеріміз ұстаз болуды бала кезінен армандаған екен.

– Алыстағы қарт Қаратаудың қойнауында қалған балалық шағыма көз тастасам, көк қабырғаны тақта, бауырларымды шәкірт етіп отырғызып, мұғалім болған кезім еске түседі. Сірә, педагог мамандығын сол кезден армандап, артымнан ерген үш бауырыма күнделікті сабақ берген сәттер, бауырларымның алдында парта емес, жастықтың үстіндегі кішкене тақтайлар, шимай парақтар, менің ұстаздық жолымның бастауы деп ойлаймын. М.Жұмабаев мектебіндегі  Жұмахан ағайыма еліктеп, 9-сыныптан бастап қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі боламын деп өмірлік ұстанымымды айқындадым. Бала кезімде көркем әдебиеттерді, газет-журнал беттеріндегі Ш.Мұртазаның шығармаларын үнемі қызыға оқып, жалғасы не болар екен деп сарғая күтіп жүретінмін. Балалық пәк арманым, мемлекеттік грант иегері атанып, қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі дипломын иеленуім  өмірлік арманымның орындалуына жол ашты, – деп тебіренді Айнұр Андабекқызы өткен күнге көңіл дүрбісімен көз тастап.

Бойжеткен Айнұрды бала арманы адастырмай Ұстаз деп аталатын ұлы көштің соңына ілестірді. 2005 жылдың қыркүйек айынан бері 20 жылға уақыт табан аудармастан Т.Рысқұлов ауданындағы Абай атындағы шағын орталықты орта мектепте шәкірттеріне қазақ тілінің құнарын сіңіріп, әдебиеттің әдемі әлемін көрсетіп келеді. Саналы адамға білімнің еш артықтығы болмайтынын ұғынған ұстаз «педагогика ғылымдарының магистрі» атанып, ғылымның терең айдынына  да қол созды. Саналы ғұмырының 20 жылға жуық уақытын оқу-ағарту ісіне арнаған «педагог-шебердің» бүгінге дейін қол жеткізген жетістіктері бір атанға жүк боларлықтай. Республикалық «Үздік педагог ‒ 2023» байқауында топ жарып, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісін иеленген оның марапаттар легі Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының «Еңбек Озаты» медалімен,  Қазақстан Республикасы    Оқу-ағарту министрлігінің  Орта білім беру ісінің үздігі Құрмет  Дипломымен, Жамбыл облысы әкімінің, облыстық білім басқармасының, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Жамбыл облыстық ұйымының Құрмет Грамотасы және Алғыс хаттарымен жалғасып жатыр.

А.Татибекова қарым-қабілетіңді шыңдайтын білім бәйгелерінен де бір сәтке тыс қалған емес. Айталық, республикалық «Үздік сынып жетекші» байқауында ІІІ дәрежелі, республикалық «Үздік сабақ жоспары» байқауында І дәрежелі Дипломдарды еншілесе, облыстық «Үздік авторлық бағдарлама» байқауында  ІІ дәрежелі Дипломға қол жеткізді. Сондай-ақ, «Цифрлы Қазақстан жағдайында үздіксіз педагогикалық білім беру жүйесін модернизациялау: өзекті мәселелер және шешу жолдары» атты ІІ республикалық педагогикалық оқуларында «Үздік  педагогикалық  өнім-2019» номинациясы бойынша ІІІ дәрежелі  Дипломды еншілесе, облыстық  «Болашаққа бағдар – ұлт руханиятын ХХІ ғасыр биігіне көтеретін рухани жаңғыру бағдарламасы»    сайысында ІІ  орынға қол жеткізді. Бұл қатарға «Абай әлеміне саяхат» республикалық байқауы, «ПедСтарт» қашықтық олимпиадасы, «Педагогикалық идеялар» фестивалі секілді көптеген іргелі білім сайыстарындағы жарқын  жетістіктерін қоссаңыз, оның ұстаздық қарымының қаншалықты қуатты екенін аңғару қиын емес.

Әрине, кез келген білікті педагог үшін шәкірттерінің жетістігінен асқан бедел жоқ. Бұл тұрғыда Айнұр Андабекқызының жүзі жарқын. Өйткені, тәлім алған оқушылары өзінен асып кетпесе, кем түсіп жатқан жоқ. Бүгінде түрлі деңгейдегі білім бәйгелерінде оза шауып жүрген Елнұр Керімбек, Анар Тұрсынова, Төлеби Оңалов, Әліби Жұмабек, Нұржас Тұрсынов, Аружан Аманжол, Алина Тойлыбай секілді шәкірттері – ұлағатты ұстаздың бетке ұстар мақтаныштары.  Бұл тізім тек есімдері аталған балалармен шектелмейді. Айнұр Андабекызының ондай өрелі өрендері өте көп. Тек олардың барлығын тізіп шықсақ бір мақаланың көлеміне сыймайтыны сөзсіз.

А.Татибекова бізбен әңгіме барысында «Менің өмірлік ұстанымым – педагогикалық  шеберлікпен  ұстаздық ұлы қызметімді жоғары деңгейде атқару. Менің ойымша, шеберлік ұстаздың сабағындағы тәрбие мен оқыту өнерінен, іс-әрекетінен көрініс табуға тиіс.

Өз пәнін шексіз сүйетін, жанары от балауса шәкірттеріне дұрыс тәрбие берумен  пәнге деген қызығушылығын арттырып, білім нәрін егетін ұстаздың педагогикалық шеберлігі айқын екені ақиқат. Пәндік құзыреттілік тұрғысынан оқытудың түрлі әдістерін меңгеріп, лайықты әдісті таңдап білім беруі шарт. Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы: «Жақсы дерлік те, жаман дерлік те бір әдіс жоқ. Олақтықтың белгісі – бір ғана әдісті болу, шеберліктің болуы – түрлі әдісті болу; керек орнында жоқ әдісті табу да – қолынан келу»,– деген пікірі ойымның дәлелі болады. А.Байтұрсынұлының құнды пікірін әрбір педагог ұстаным етсе ұтылмайды», – деп өз ойын түйіндеген болатын. Расында, кейіпкеріміздің  өзі де айтқан ұстанымынан бір сәтке айныған емес. Керісінше Алаш арыстарының алға қойған бағытымен асқақ асуларды бағындырып келеді.

 

Қ.Аманкелдіұлы,

журналист,

Т.Рысқұлов ауданы.

 

 

 

 

 

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.