БОЛАШАҒЫ ЖАРҚЫН БІЛІМ ОРДАСЫ
Орта мектеп – білім беру жүйесінің ең басты буыны. Осында іргетасы қаланған білім әр баланың кемел келешегіне жол ашады. Біз өмір сүріп отырған ғасыр – білектілердің емес, білімділердің ғасыры десек, сондай білімді де бәсекеге қабілетті жастардың болашағына сара жол салып, білікті мамандардың саналы шәкірт дайындауына мол мүмкіндік туғызып отырған білім ошағының бірі – Қордай ауданы, Б.Бөлтірікова атындағы № 4 мектеп-лицейі. Осы ретте аталған білім ошағы биылғы Тамыз кеңесінде «Ең үздік мектеп-лицей» номинациясына лайық деп танылғанын мақтанышпен айта кеткеніміз абзал.
Мектеп-лицей 1974 жылдан бері балаларды саналы білім, сапалы тәрбиемен қамтып келеді.
Лицейдің бүгінгі бағындырған белесіне мектепті әр жылдары басқарған білікті басшылардың қосқан үлесі қомақты. 2018 жылдан бастап білім ұясын педагогтерге жол көрсетіп, өзінің біліктілігімен, көрегендігімен өзгелерге үлгі болып жүрген Гульмира Байсуанова басқарып келеді.
– Мектепте бүгінгі күні 1 224 оқушы білім алса, оларға 108 педагог білім береді. Олардың ішінде 5 — «педагог — шебер», 39- «педагог-зерттеуші, 15 — «педагог – сарапшы», 21 — «педагог-модератор», 28 — «педагог» мұғалім жұмыс істейді. Сонымен қатар оқу ордасында «Ұстаздық шеберхана», «Цифрлы мектеп- лицей», «Мектеп-лицей сапасы» сынды инновациялық жобалары да жүзеге асуда. «Мектеп-лицей сапасы» жобасы бойынша білім беру үдерісін жақсартуға бағытталған табыс көрсеткіштері соңғы 5 жылдағы едәуір артты. Мәселен, 2023-2024 оқу жылында 72 пайыз білім сапасын көрсеттік. Сондай-ақ өткен оқу жылында ҰБТ-ға қатысу көрсеткіші 78,3 пайызды құраса, ҰБТ-ның орташа ұпайы — 79,1 болды. Нәтижесінде түлектеріміздің 39,1 пайызы білім грантымен оқуға мүмкіндік алды.
Мектепте «Озық тәжірибе» орталығы да жұмыс істейді. Соңғы 5 жылда 8 мұғалім облыстық, 38 мұғалім аудандық, 6 мұғалім мектепішілік көлемінде өз тәжірибелерін таратуда. 33 педагог облыстық, 26 педагог республикалық байқауларда жүлдегер атанған. Мұғалімдер үнемі шығармашылық ізденіс үстінде жүреді және өз білімдерін көтеріп, нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Атап айтар болсақ, 2015 жылы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, үздік педагог Сәуле Бахрамова «Үздік авторлық бағдарлама» байқауының республикалық кезеңінде «Дарынды оқушымен жұмыс» тақырыбында жүлделі ІІІ орынды, 2018 жылы «Латын әліпбиіндегі сауаттылық» тақырыбында «Үздік авторлық бағдарламалар» байқауының республикалық кезеңінде да ІІІ орынды, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі М.Иманкулова «По страницам английской и американской литературы» тақырыбында «Үздік авторлық бағдарлама» байқауының республикалық кезеңінде жүлделі ІІ орынды иеленсе, 4 мұғалім «Үздік авторлық бағдарлама» байқауының облыстық кезеңінде жүлделі орындарды иемденді. Бұған қоса мектептің білікті ұстаздары М.Раздыкова «Ы.Алтынсарин», М.Жарболова Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай мерекелік төсбелгілерімен марапатталса, 13 педагог ҚР Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасын және Алғыс хатын иеленген. Біз осындай ұлағатты ұстаздарымызбен әрдайым мақтанамыз, – деді Гульмира Болатқызы.
Алтын ұяның толағай табыстары тек мұнымен шектелмейді. Нақтырақ тоқталсақ, лицей ы Халықаралық «TIMSS-2019» зерттеуінің апробациялық кезеңіне қатысып, республика бойынша 1 орын алса, 2019 жылы аудандық білім бөлімінің жылдық рейтингі қорытындысы бойынша «Инновациялық режимдегі мектеп» номинациясын иеленді Сондай-ақ, 2020 жылы аудандық білім бөлімінің жылдық рейтингі қорытындысы бойынша « Инновациялық режимдегі мектеп» номинациясына қол жеткізсе, 2021 жылы аудандық «Орта білім беретін үздік ұйым» байқауында 1 орынды еншіледі. Сонымен қатар 2022-2023 оқу жылында «Орта білім беретін үздік ұйым» байқауының аудандық және облыстық кезеңдерінде де топ жарды.
«Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» — демекші, мектеп білім алушылары да облыстық, республикалық пән олимпиадалары мен түрлі қашықтық байқауларда жүлделі орындарды иеленуде. Атап айтсақ, Виктория Анаприенко, Тахмина Абдулмазиева, Мария Сурина, Ұлжан Бұтабай, Шариғат Байжан, Камила Джармахамбетова, Агзам Шамсадинов, Жұлдыз Мұхамедсабыр, Никита Кириченко, Ильяс Букенов, Даниал Талғат, Владислава Величко, Әлинұр Әкембек, Серік Бақдәулет секілді дарынды дарабоздар әр жылдары түрлі білім бәйгелерінде оқ бойы оза шауып, мектептің ғана емес, тұтас ауданның мерейін үстем етті. Әрине, бұл тұрғыда олардың жетекшілерінің де еңбегі орасан екенін ерекше атап өткен жөн. Жалпы соңғы 5 жылда 72 оқушымыз облыстық, 56 оқушымыз республикалық деңгейдегі байқаулар мен олимпиадаларда жеңімпаз атанcа, 12 бала Түркия мемлекетінде өткен «Стамбұл күзі» атты халықаралық өнер байқауында Бас жүлде және І орынды иемденді. 2022-2023 оқу жылында мектебіміздегі «Балжан» би тобы да Шымкент, Түркістан қалаларында өткен республикалық өнер байқауларында бас жүлде және І орынға қол жеткізді.
«Мектеп – білім мен тәрбиенің ошағы» дейтін болсақ, осы екеуін ұштастырып отырған білім ордасынан қияларға самғаған түлектеріміз еліміздің әлеуметтік және экономикалық салаларында халқымыздың игілігі үшін жемісті еңбек етуде. Бұл тұрғыда әлем чемпиондары Марат Мазимбаев пен Ақылбеков Төлегеновтің орны бөлек.
Туристік маршруттар бойынша мектебімізде «Ұрпақтар үндестігі» мұражайы да ашылған. Арнайы көрмеде Б.Бөлтірікованың дүниеге келгенінен бастап, өмірінің соңына дейінгі мәліметтер, еңбек жолы, жазған қолжазбалары, алған марапаттарының көшірмелері сақталған.
Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов « Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін білім болмақ» деп, егемендік алған тәуелсіз Қазақстанның әлемдік өркениетке жетудегі бірден-бір дара жолы – білім жүйесі екендігін дәлелдеп кеткендей. Әлемдік өркениетке жол салатын осындай білім ошақтарының саны арта берсін!
Мақпал Абишева,
Б.Бөлтірікова атындағы №4 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,
Қордай ауданы.