Ещё один сайт на WordPress

АБЫРОЙЫ АСҚАҚ АЛТЫН ҰЯ

0

Еліміздің жарқын болашағы саналатын жас ұрпаққа терең, мазмұнды білім беру мен ұлтын сүйер патриот азамат етіп тәрбиелеу бүгінгі күннің басты міндеті екені белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та биылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында: «Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты. Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады. Үздік оқу бағдарламасы, заманауи мектептер, озық басқару жүйесі болса да, ұстаз білікті болмаса, оның бәрі бекер екені анық», — деген болатын.

Бұл тұрғыда білікті де білімді ұстаздардың басын бір жерге топтастырған Т.Рысқұлов ауданы №1 мектеп-лицейінің шоқтығы биік. Аталған білім ордасы биылғы облыстық Тамыз кеңесінде «Ең үздік инновациялық мектеп» номинациясымен марапатталды.
Еңселі оқу ордасы сонау өткен ғасырдың 30-шы жылдары 4 сыныптық бастауыш мектебі ретінде ашылған болатын. Кейін заман ағымына сай Луговой сегіз жылдық мектебі, Луговой орта мектебі болып жаңаша түрленсе, тәуелсіздік таңы атқан 1993-1999 жылдары бағдарлы мектеп болып ашылды. Бұдан соң 1999-2000 оқу жылының 28 сәуір айынан бастап «лицей-мектеп» мәртебесіне ие болып, білім жүйесінің тағы бір сатысына көтерілді. Алтын ұяның бүгінгі абыройына М.В.Тен, А.И.Қазбеков, Ж.Мукатаев, А.Алимходжаев, З.Муканов, К.Ф.Корж, А.П.Ревин, С.Рахимов, А.А.Орлов, А А.Вавелина, Н.Н.Журова, Ж.Т.Серикбаева, Б.Б.Бакибаева, В.В.Анцыферов, В.П.Селиванова, Л.Ш.Утеулиева, Қ.Б.Тасыбаев, Г.Момбекова секілді білікті басшылардың қосқан үлесі қомақты. Мектепті 2017 жылдан бері «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, білікті басшы Айман Қыдырова басқарып келеді.
Аталған оқу ошағында қазіргі таңда 121 педагог еңбек етуде. Оның ішінде 2 педагог-шебер, 31 педагог-зерттеуші, 39 педагог-сарапшы, 32 педагог-модератор балаларға сапалы білім, саналы тәрбие беруде.
– Оқу ордасында 952 оқушы біліммен қамтылған. 2023-2024 оқу жылында мектепті 50 түлек тәмамдап, оның 48-і ҰБТ тапсырды. Нәтижесінде 25 оқушы мемлекеттік грант иегері атанды. Бұл біз үшін зор көрсеткіш. Сонымен қатар мектепте 16 лицей сыныбы бар. Осы сыныптарда жаратылыстану бағытындағы пәндер тереңдетіліп және кеңейтіліп оқытылады. Оның материалдық-техникалық базасы да жылдан жылға нығайып, заманауи құрал-жабдықтармен толығымен қамтамасыз етілген. Соның арқасында оқушыларымыз білім бәйгелерінде жарқын жетістіктерге жетуде. Айталық, аудандық пәндік олимпиадасында жаратылыстану-мате-
матикалық бағыт бойынша І орын 3, ІІ орын 5, ІІІ орын 3, ал қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша І орын – 5, ІІ орын 4, ІІІ орын 3 болды. Сондай-ақ облыстық олимпиадаларда да толағай табыстарға қол жеткізуде. Бұған қоса ҚР оқу-ағарту министрлігі «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткен Ауыл мектептері оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадаға 52 оқушы тіркеліп, облыстық кезеңнен 1-орынды 7, 2-орынды 6, 3-орынды 11 оқушы иеленді. Оның ішінде М.Шымырбай, Н.Дүйсен, Д.Темірбек, А.Дүйсен, Е.Қайратқызы, К.Шаяхметова республикалық кезеңде бақ сынап, ҚР оқу-ағарту министрлігінің Алғыс хат, сертификаттарымен марапатталды. Ал 11-сынып оқушысы К.Шаяхметова ағылшын тілі пәнінен республика деңгейінде 3-орынға ие болды. Бұдан бөлек, робототехника және бағдарламалау бойынша ашық халықаралық фестиваь, облыстық «Жас қозғалыс инспекторы», «Үздік оқырман», «Оқуға құштар мектеп» жобасы бойынша «Буктрейлер», «Менің Отаныма – менің бастамам» сынды білім сайыстарынан да өрендеріміз үнемі олжалы оралады, — деді Айман Жұмабайқызы.
Мектеп ұстаздарының жетістігі де өз алдына бір төбе. Олар да үнемі түрлі конференцияларға, семинарларға, көрмелерге, байқауларға, педагогикалық оқуларға, форумдарға қатысып, жақсы нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Мәселен, «Алтын тұғыр» байқауында Райхан Тойбаева І, Раушан Тойбаева ІІ, В.Куценко ІІІ орынды еншілесе, Раушан Тойбаева облыстық кезеңде ІІ орынға қол жеткізді. Сондай-ақ, М.Робан, Б.Тлебалдиев, Ж.Асипов,А.Шоңғарова, М.Сегізбаева, А.Жүнісбекова «Педагогикалық идеялар фестивалі», А.Малаева «Үздік бейнесабақ», Г.Альдекова, Г.Жорабекова, Ж.Тлеукулова «Авторлық бағдарлама» байқауларында, Г.Альдекова пәндік, Л.Айдарова «Физикалық лига» олимпиадаларда жүлделі орынға иемденсе, Ж.Асипов облыстық математика пәні мұғалімдерінің V облыстық шығармашылық байқауда 2-орынмен марапатталды.
Мектеп ұстаздары республикалық, халықаралық басылымдарға баяндама, сабақ жоспарларын жариялап, іс-тәжірибиелерімен үнемі бөлісіп отырады.
«Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың – қас жауы», — деп Әл-Фараби бабамыз айтқандай, қазіргі заманда аталған оқу ордасы бала тәрбиесіне ерекше мән беріп, аянбай еңбек етуде. Әсіресе, сынып жетекшілері оқушылармен, ата-аналармен, мектептегі қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, түрлі тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастырады. Мектеп оқушылары мәдени спорттық іс-шараларға да белсене араласып, оң нәтижелер көрсетуде. Қорыта айтқанда, жас ұрпақты біліммен қаруландырып, бәсекеге қабілетті етіп өсіруде еңбек етіп жатқан алтын ұя әлі де талай қыранды баптап ұшыратыны сөзсіз.

Қ.ШАХАБАЙ,
журналист.
Т.РЫСҚҰЛОВ ауданы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.