Ещё один сайт на WordPress

ЖАЗҒЫ ЛАГЕРЬЛЕРДІҢ ТАПШЫЛЫҒЫН ҚАЛАЙ ЖОЯМЫЗ?

0

Тоғыз айға созылған оқу жылы аяқталып, балалардың жазғы демалысы басталды. Бұл балғындардың бос уақытын тиімді өткізуге қолайлы жағдай туғызатын сәт. Әсіресе, балғындар үшін жазғы лагерьлердегі демалыс асыға күтетін ерекше қуаныш. Пандемиялық шектеулерге байланысты оқушылар соңғы 3 жылда демалыс орындарына бара алған жоқ. Сол себепті, биылғы жазғы демалыстың маңызы зор.

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, биыл елімізде мектеп оқушыларының 85,3 пайызы жазғы демалыспен және сауықтырумен қамтылған. Бұл 2,8 млн. баланы құрайды. Оның ішінде 500 мың жекелеген санаттағы отбасы балалары бар. Сондай-ақ каникулды асыға күткен балаларға қала сыртындағы 218 және 10,2 мың мектеп жанындағы, профилдік және шатырлы лагерлер есігін айқара ашты. Бұдан бөлек оқушыларға дәстүрлер мен мәдени құндылықтармен танысуға мүмкіндік беретін «Этноауыл», «Жаздық жолдама» жобаларын іске асыру, жетекші университеттер жанындағы жазғы және олимпиадалық резерв мектептерінің жұмысы көзделген. Ал облысымызға келер болсақ, аймақта 11 қала сыртындағы сауықтыру лагері бар. Оның 4 мемлекеттік, 2 сенімгерлікке берілген, 5 жекеменшіктегі лагерьлер.
— Өткен жылғы жазғы демалыс маусымында пандемияға байланысты оқушылар 70-80 пайызы сауықтырумен қамтылған болатын. Биылғы жылғы жоспар бойынша оқушылардың жазғы маусымында сауықтырумен және түрлі демалыс шараларымен оқушыларды 100 пайыз қамту қарастырылды. Оның ішінде 75 пайызы жазғы сауықтыру және демалыс шараларымен және 25 пайызы демалыс шараларымен қамтамасыз етілген. Осы мақсатта көпбалалы, аз қамсыздандырылған отбасы балаларының жазғы сауықтыру демалысына жергілікті бюджеттен 434,9 млн. теңге қарастырылған. Облыстағы 4 мемлекеттік қала сыртындағы лагерьлердің ағымдағы дайындық жұмыстарына 4 млн. теңге бөлінді. Сонымен қатар, мемлекеттік лагерьлері жоқ Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Мойынқұм, Сарысу, Шу аудандары мен Тараз қаласының балаларын қала сыртындағы лагерьлерде сауықтыру үшін конкурс жарияланып, дайындық жұмыстары зерделенді. Лагерь басшылары тарапынан жергілікті СЭС және төтенше жағдай департаменттерінің қорытындыларын алу мақсатында жұмыстар жүргізілді. Биылғы жылдың ерекшелігі – балаларды демалыспен әрі сауықтырумен қамтитын жыл бойына жұмыс істейтін орталықты ашу бойынша дайындық жұмыстары орындалды, — деді облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі. Сондай-ақ биыл «Қазақстан халқына» қоры тарапынан оқу озаттарына жазғы лагерьлерге арнайы жолдама берілген.
Дегенмен бұл биыл облыстағы 492 мектепті тәмамдаған 248 мыңнан аса оқушыға аздық ететін белгілі. Әсіресе мұндай тапшылық шалғай орналасқан Мойынқұм, Шу аудандарында айрықша байқалуда.
— Лагерьге балалар тек демалу үшін ғана емес, білімдерін толықтырып, рухани ләззат алу үшін баруы керек. Бұрын лагерьлер балаларды еңбекке де баулитын. Қазіргі лагерьлердің жағдайы жаман деуге келмейді. Алайда жыл сайын бала саны артып келеді, ал лагерьлердің санында өсім жоқ. Мәселен, Мойынқұм секілді шалғай елдімекендерде бұл тіпті өзекті мәселеге айналып отыр. Себебі, Мойынқұмдағы бүкіл баланы барлық жағдайы жасалған лагерьлерге апарып демалдыру мүмкін емес. Амалсыздан көпшілігі мектеп жанындағы лагерьлерге баруға мәжбүр. Ал мұндай лагерьлер балғындарға ерекше бір демалыс сыйлайды деу қиын. Балалар шын мәнінде ол жаққа уақыт өткізу үшін ғана барады. Өйткені балаларды қызықтыратын жүйелі бағдарлама жоқ. Сондықтан балғындар да одан жалығып, барудан бас тартып жатады. Өзімнің де балаларымның басынан бұл жағдай өткен. Ал бос уақыты көп болғандықтан жасөспірімдердің дені қылмысқа ұрынып жататын жайттар да жетерлік. Сондықтан әрбір аудан орталығында заманауи талаптарға сай лагерь ашылғаны дұрыс, — дейді ата-ана Рыскүл Қасымова.
Ал қоғам белсендісі Айжарық Әбдіразақ лагерьлер тапшылығын жоюдың бірден бір жолы бұл бағытта жекеменшік-мемлекеттік әріптестікті нығайту екенін алға тартады.
— Білім саласындағы жекеменшік- мемлекеттік әріптестікті зерделеп жүргеніме біраз болды. Жалпы бізде жекеменшік балабақша, мектеп ашуға ерекше ден қойылған. Оған жан басына шаққанда белгіленген арнайы қаржы мөлшері де бар. Яғни мемлекет тарапынан барлық қолдау көрсетіледі. Алайда жазғы лагерьлерге келгенде бұл механизмдер дұрыс жұмыс істемейді. Содан соң бұл тек уақытша, яғни тек жазда ғана сұраныс артатын кәсіптің бір түрі болғандықтан қалталы азаматтар мұндай лагерь ашуға құлық танытпайды. Дегенмен, лагерьге сұраныс жоқ деп айта алмаймыз. Себебі жыл сайын елімізде мектеп табалдырығын аттайтын балалардың саны артып келеді. Ал шет мемлекеттерге барып демалып қайтуға кез келгеннің қалтасы көтермейді. Сондықтан балаларын лагерьге апарған ата-анаға тиімді. Сондықтан жыл бойы жұмыс істейтін лагерьлерді күшейткен жөн. Мемлекеттен тиісті қолдау көрсетілсе кәсіпкерлер тарапынан да лагерь ашуға деген қызығушылық артар еді. Сол арқылы бұл тапшылықты жоюға болады, — дейді Айжарық Кенжеқызы.
Бүгінде Т.Рысқұлов ауданындағы Балалар мен жасөспірімдер орталығына қарасты балалардың жазғы сауықтыру лагерінің аға тәлімгері Эльзат Тилеубаева демалыс орнында балғындарға барлық жағдай жасалғанын жеткізді.
— Лагерь 3 ауысымда қызмет көрсетеді. Қазір бірінші лекте 70 бала демалуда. Жалпы 200 баланы қамтуды көздеп отырмыз. Олардың қатарында озат үздіктері, әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балғындары бар. Мұнда күніне 5 мезгіл тамақ беріліп, қауіпсіздіктері полиция қызметкерлерімен қамтамасыз етілген. Денсаулықтарын да дәрігерлер үнемі қадағалап тұрады. Мұндағы балалар тек демалып ғана қоймай «Өнерпаз болсаң арқалан…», «Лагерь жұлдыздары», Ұлтымның ұланымын» сынды байқауларға қатысып, өнерлерін паш етуде. Лагерь жұмысына ата-аналар да дән риза, — дейді Эльзат Аязқұлқызы.
Расында, лагерь тек ойын-сауықтың ғана емес, рухани азықтың ордасы. Тек оған тиісті деңгейде жағдайдың жасалмауы лагерьлердің тапшылығын туындатып отыр. Жоғарыдағы пікірлерден түйгеніміз осы. Қалай десек те, бұл тапшылықты жою аса қиын емес. Бастысы оған шынайы ниет пен мемлекеттік қолдау болса жеткілікті.

Шұғыла Жамбыл,
журналист.

Leave A Reply

Your email address will not be published.