ТУҒАН ЖЕРГЕ ТАҒЗЫМ
Жамбыл облысы Сарысу ауданындағы Шу өзенінің бойында орналасқан Қамқалы ауылы туралы білмейтін адам кемде-кем шығар. Бір кездері дүркіреп тұрған Қамқалының күйі қазіргі таңда құлазып тұрғанымен, туған жерге жетер жер жоқ. Жер жаннаты – Қамқалым!
Шіркін, Қамқалы ауылында кімдер тұрып, кімдер кетпеді! 1993 жылы 1976 жылғы туылған түлектер Тоқтар Әубәкіров атындағы орта мектептен білім алып, жан-жаққа қанат қағып ұшқан болатын. Міне, сол түлектердің мектеп бітіргеніне биылғы жылы 30 жыл толып жатыр. Осы 30 жылдыққа орай сағынышты кездесуді үш бөлімнен жоспарладық.
Бірінші бөлім «Ұстазым ұлық бәрінен!» болса, екінші бөлім «Туған жерге тағзым», үшінші бөлімде «Бас қосайық, Достарым» атты бөлімдерден құрылды. Аталған бірінші бөлім бойынша түлектердің жақсы тұлға болып қалыптасуына еңбегі сіңген, жетекшілік қызмет еткен, екінші анамыздай болған аяулы ұстаз – Сабира Жанұзақова апайға Қаратау қаласына жол тартып, сый-сияпат жасалып, батасын алып қайттық. Сабира апай «Ұстаздан шәкірт озар» деген аталы сөзге көзімді жеткіздім деп ризашылығын білдіріп, оң батасын берді.
9 маусым күні «Туған жерге тағзым» бөлімінде жан-жақтан жиналған түлектер туған өлке –
Қамқалыға аттың басын бұрып, сағынышпен оралды. 1976 жылы туылған құрдастардың ішіндегі өмірден ерте кеткен марқұмдарға құран бағыштап, құдайы тамақ беріліп, ауыл тұрғындарының батасын алдық. Қамқалы ауылдық округының әкімі Мақсат Төлеутайұлы қатысып, түлектердің өнегелі істеріне алғыс білдірді.
Сауапты істен кейін білім ошағына барып, сағынышты сазды кеш өткізілді. Кештің бастауы өмірден өткен құрдастардың рухын еске ала отырып, бір минуттық үнсіздіктен басталды. Түлектер мектеп формасын киіп, шаштарына ақ бантик байлап, ән айтып, мектеп вальсін билеп, балалық шаққа саяхат жасады. Барлық түлектер өздерінің жүрекжарды тілектерін айтып, мектеп ұжымына алғыстарын білдірді. Мектеп директоры Ғалымжан Райымбеков түлектерді құттықтап, өскелең ұрпаққа үлгі болатын бастама болғандығын айтып өтті. Ұлағатты ұстаз Замзат Бамешова мен ауыл тұрғыны Дина Нақысбекова сөз сөйлеп, алғыстарын жеткізді. Түлектер 350 мың теңгеге мектепке естелікке заманауи үлгідегі пластик есік, терезе орналастырып берді.
10 маусым күні «Бас қосайық, Достарым» бөлімі бойынша Тараз қаласында «Алтын ғасыр» мейрамханасында дүркіреген сағынышты кездесумен жалғасты. Барлық келген құрдастардың жүректерінен елге, жерге деген сүйіспеншіліктері, құрдастардың бір-біріне деген сағыныштары көрініп тұрды.
«Ауылым – алтын бесігім» демекші, ауылды ешқашан ұмытпайық! Қарағандыдан, Теміртаудан, Қаражалдан, Астанадан, Алматыдан келген және барлық құрдастарға рахмет айтамын.
Оларға зор денсаулық, ұзақ өмір, отбастарына амандық тілеймін!
Түлек болып, ұшып, қанат қаққандар,
Әрбір үйдің отын үрлеп жаққандар.
Класстастар ата-ана боп бүгінде,
Ұл-қызы мен немересін баққандар.
Тай құлындай қатар өстік тебісіп,
Балалықтың бар қызығын бөлістік
Болмашыға өкпелеп ап бұртыйып,
Ертесіне біз достасып келістік.
Сабақтардан қаштық талай асығып,
Көп нәрсені айтпай біздер жасырып
Біздер үшін ағарыпты-ау, ақ шашы
Тұрмыз бүгін ұстаздарға бас ұрып.
Белестерден астық бүгін достарым,
Бір мен үшін алтынға тең бастарың.
Туған жердің сары құмын сапырып,
Қамқалымда бас қосайық, достарым!
Сиқырлы кеш ән мен күйге ұштасып,
Балалықты еске алайық достасып.
Бала едік, ересекке айналдық
Отыз жылда, біз кеткелі қоштасып.
Балалықтың ізін іздеп жүздерден,
Бәрі есейіп, сабырлы боп өзгерген
Класстастар, сендерменен мақтанам,
Жастығымның куәсі боп көз көрген!
Гулсара Мадуарова,
Т.Әубәкіров атындағы мектептің
педагог-психологы.
Қамқалы ауылы,
САРЫСУ ауданы.