Ещё один сайт на WordPress

ДӘМЕШ ШАЙХЫҚЫЗЫНЫҢ ДАРА ЖОЛЫ

0

Мемлекеттік қызметші – билік пен бұқараның арасындағы алтын көпір. Сондықтан оларға артылар жауапкершілік жүгі тым ауыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қызметтегі негізгі қағидаттарыңыз – адалдық, кәсібилік, құзыреттілік, ашықтық болуға тиіс. Мемлекеттік қызметшінің басты мақсаты – азаматтардың әл-ауқатын арттыру», — деп бекер айтпаса керек. Әрине, облысымызда мемлекеттік қызметшінің шынайы үлгісін көрсетіп жүрген сала мамандары аз емес.
Солардың қатарында ұстаздық пен мемлекеттік қызметті қатар ұштастыра білген Үскімбаева Дәмеш Шайхықызының бәсі биік.

Жуырда асқаралы 60 жасқа толған Дәмеш Шайхықызы 1963 жылы 22 сәуірде Жамбыл облысы Шу қаласында өмірге келген. Бала кезінен-ақ өте алғыр оқушы болған Дәмеш Шайхықызы қоғамдық жұмыстарға үнемі қатысып, іс-шараларды ұйымдастыруда белсенділік танытты. Өзіне орыс тілі пәнінен сабақ берген ұстаздарына еліктеп, мектепті тәмамдаған соң Ресейдегі Томск мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түседі. Оны 1984 жылы үздік аяқтаса, 2006 жылы Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің экономика факультетін тәмамдап, екінші жоғары білімін алды.
Осылайша еңбек жолын 1984 жылы Ресейдің Асино ауданы Филимоновка ауылында орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беруден бастаған. Мұғалім тапшы болғандықтан неміс тілі мен география пәндерінен де дәріс беріп, өзінің жан-жақтылығын көрсетті.
Дәмеш Шайхықызы саналы ғұмырында түрлі қызметтің баспалдақтарынан өтті. Атап айтсақ 1992 жылға дейін пионер, комсомол ұйымдарында қызмет жасап, облыстық жастар ісі жөніндегі комитеттің бөлімін басқарды. 1993-2005 жылдар аралығында облыстық балалар мен жасөспірімдер орталығының директоры қызметіне тағайындалды. Кейінгі жылдары Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы, Шу ауданы әкімінің орынбасары, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары, Байзақ ауданы әкімдігі білім бөлімінің басшысы секілді жауапты қызметтерді абыроймен атқарды.
Жастайынан жауапкершілікті, ұқыптылықты жанына серік еткен ол басшылық қызметте жүргенде де сол қалпынан тайған жоқ. Қол астындағы қызметкерлерден де үнемі осыны талап етеді.
Әділдік пен шыншылдықты өмірлік ұстаным еткен мерейтой иесінің талапшылдығы мен жауапкершілікті сезіне білетін іскерлігі кейінгі жас буынға зор үлгі, мол тағылым. Қызметтен тыс уақытта да асықпай сөз бастайтын сабврлы қалпы кімді болса да тамсандырмай қоймайды. Оның осы қасиеттеріне қарап отырып ұстаздық пен Дәмеш Шайхықызы егіз ұғымға айналғанына көзің жетеді.
Қазіргі таңда ол ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Жамбыл облысы білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы лауазымында. Бұл қызметте талай жылдан бері білім сапасының артуына барынша күш салып келеді. Соның нәтижесінде Жамбыл облысының білім көрсеткіші еліміз бойынша үздік ондықтың қатарына еніп, педагогтеріміз биік белестерді бағындыруда. Жалғандыққа жаны қас кейіпкеріміз саладағы олқылықтарды да ешқашан жасырған емес. Керісінше кемшіліктерді көрсету арқылы білім саласының алға басуына күш-жігерін жұмсауда. «Ауруын жасырған өледі» деп келетін қазақ даналығы Дәмеш Шайхықызының қызметтік ұстанымдарының бірі.
Дәмеш Шайхықызының қызметтік ғана емес, адами қасиеттерін әріптестері де әркез жоғары бағалайды. Солардың бірі – облыстық өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының директоры Айжан Мейрханова.
— Білім саласын жаңашылдыққа жетелеген Дәмеш Шайхықызымен бала құқығын қорғау мақсатында бірнеше жылдар бойы тығыз байланыста жұмыс атқарып келеміз. Ел болашағы, жас ұландарды тәрбиелеу жолындағы еңбегі ұшан-теңіз. Бір ғана баланың құқығы ғана емес, педагогтардың кәсіби жетілуі үшін де жан-жақты мәселелер көтеріп, оларды ынталандыра түсті. Білім беру саласын ешқашан назардан тыс қалдырмаған. Сонымен қатар, болашақта табысты болудың ең іргелі, басты мақсаты білім екенін насихаттай жүретін білікті көшбасшы.
Дәмеш Шайхықызы балалардың сенімді қамқоршысы, кез-келген бала үшін жүрегі мейірімге толы, сондай-ақ алдынан жүгіріп шыққан әр баланы туғанынан кем көрмейтін кеңпейілділігі көпке үлгі. Кәсіби адалдығы мен белсенділігі азаматтық ұстанымы арқасында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, өмірлік қиын жағдайға түскен жасөспірімдерге қолдау көрсете келе, олардың денсаулығын сақтау, бос уақытын тиімді ұйымдастыру, бала қауіпсіздігін сақтау сынды көптеген бастамаларды үнемі өз бақылауынан шығармай келеді.
Мәселен, Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының тәрбиелену-
шісі, 2008 жылы туған Котурбаев Шамиль Ринатұлының «Мейірім» жобасы аясында бекітілген тәлімгері Дәмеш Шайхықызы 2020 жылдан бері Шамильмен достықтың алтын көпірін орнатқан. Шамиль және орталықтың кез-келген баласы ата-анасының қармқорлығынсыз қалған дей алмаймын. Себебі ата-анасын жоқтатпайтын, сыйы мен құрметін аямайтын үлкен аналары Дәмеш Шайхықызы әркез қолдау көрсетіп келеді. Ол Шамильдің алаңсыз білім алуына, болашаққа нық қадам басуы үшін кеңесін аямайды. Тіпті, балалардың жан-жақты дамуы үшін орталықта өтетін үйірмелер мен балалардың сабаққа дайындығын да жіті қадағалап тұрады, — дейді Айжан Дүкенбайқызы.
Дәмеш Шайхықызының бала кезден бергі үзеңгілес құрбысы, облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Мүбәрак Жинақбаеваның да пікірі осыған саяды.
— Дәмеш менің бала кезден бірге өскен құрбым. Екеуміз оқушы шағымызда екі мектептің белсендісі ретінде қоғамдық іс-шаралардан тыс қалған емеспіз. Дәмештің іскерлігі сол уақыттарда-ақ байқалатын. Кейіннен жолымыз білім саласында, басшылық қызметтерде де түйісті. Жұмыс барысында бір-бірімізге қолдауымызды аяған кезіміз жоқ. Қай қызметке барса да ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар көрсетіп отырады. Сондай-ақ әрбір атқарған қызметінде өзінің қолтаңбасын қалдырады. Бұл оның мемлекеттік қызметші ретіндегі озықтығын дәлелдейді. Тек маман ғана емес, әйел әрі ана ретінде де оның өнегелі өмірі баршаға үлгі. Оның өмірлік жарына деген сыйластығы мен құрметі, балаларына деген сүйіспеншілігі көп жанның бойынан табылмайды, — деді Мүбәрак Қасымқызы ағынан жарылып.
Оның білім саласындағы еселі еңбегі елеусіз қалған жоқ. Білім беру саласындағы ұзақ жылғы атқарған адал қызметі үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «ҚР білім беру ісінің үздігі», «ҚР білім беру ісінің Құрметті қызметкері» төсбелгілерімен марапатталғаны – сол еңбектің жемісі.
Қажырлы еңбегі мен белсенді қоғамдық қызметінің арқасында облысқа танымал қайраткер Шу ауданының Құрметті азаматы атанғаны тағы бар.
Ұстаздықтан бақытын тауып, саланың дамуына сүбелі үлес қосып жүрген Дәмеш Шайхықызының ешкімге ұқсамайтын міне осылай өрілуде.

Қ.Шахабай,
журналист.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.