Ещё один сайт на WordPress

БАЛА КҮНГІ АРМАНЫМ ҮЛКЕН БЕЛЕСТЕРГЕ ЖЕТЕЛЕДІ

0

Адам бойындағы қасиеттердің барлығы балалық шақта қалыптасады. Осы албырт кезеңде бойыңа сіңірген әрбір тәмсіл, әрбір әрекет есейгеннен кейін өмір жолыңа арқау болатыны сөзсіз. Сол үшін де бұл кезең адам санасында мәңгіге сақталады. Марғасқа Мұқағали ақынның да «Бақыт деген сенің бала күндерің» деп жырлауы осыны аңғартса керек.

Осы орайда біз бүгін Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының директоры, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымының Республикалық директорлар кеңесінің мүшесі Айжан Мейрханованың балалық шағына саяхат жасамақпыз.
Айжан Дүкенбайқызы 1973 жылы 17 сәуірде Жамбыл облысы Меркі ауданындағы Ордабаевтар отбасында дүниеге келген. Сол өңірдегі Иван Трубицын атындағы №17 жалпы орта білім беретін мектеп-гимназиясында білім алған.
– Баланың шыр етіп өмірге келуі-зор қуаныш. Бала тәрбиесінде алғашқы ұстаз – ол әрине ата-анасы. Себебі бала үшін ата-анадан артық тәрбиеші жоқ. Әкем Дүкенбай мен анам Қыздаркүлден тараған 8 бауырмыз. Ата-анам бәрімізді адамгершілікке, бауырмалдыққа, татулыққа, қайырымдылыққа, әдептілікке үйретті. «Қызы анадан үйренбей өнеге алмас, ұл атадан үйренбей сапар шекпес», — демекші, жоғарыда айтқанымдай отбасында ата-анам
бала тәрбиесіне үлкен мән берген. Анам мейірімділік, төзімділік, сабырлылық, инабаттылық секілді асыл қасиеттерді бойыма сіңірді. Өмір жолымда қиындық кездессе, қиындықты жеңе білуге, мойымауға үйретті. Әрбір ата-ана баласының биікте жүргенін қалайды, жақсы тәлім-тәрбиесін беруді мақсат тұтып, сол үшін аянбай еңбек етеді. Соның арқасында бәріміз бүгінгі таңда отбасылы болып, ата-анамызға 23 немере сыйладық, — дейді кейіпкеріміз.
Балалық шақтың бір бөлігі асқақ армандар мен тәтті қиялдардан тұратыны белгілі. Дегенмен барлығы бірдей сол армандарына қол жеткізе бермейді. Алайда, Айжан Дүкенбайқызы балалық арманы орындалған бақытты жандардың бірі. Бұған мектептегі ұстаздарының септігі көп тиген екен.
– Отанымыздың ертеңі де, өркені де – бүгінгі ұрпақ. Сол ұрпақтың тәлімді де тәрбиелі болуы алдыңғы толқынның парызы мен қарызы десек, еш қателеспейміз. Мен де осындай білімді ұрпақты тәрбиелеуге өз үлесімді қосып жүрген педагогтардың бірімін. Бала кезімнен «педагог болсам, мемлекетіміздің жарқын болашағы – жастарды тәрбиелесем» деген арман мені үлкен белестерге жетеледі. Сол арманымды мақсатқа айналдыра білдім. Бұған мектептегі ұстаздарымның да әсері мол болды. Әсіресе, мен оқыған мектепте алгебра және геометрия пәнінің мұғалімі Шишова Раиса Владимировна ең сүйікті мұғалімім еді. Әрине, бала кезде ұстаздардың әсерлі үнімен, асықпай мәнерлеп сөйлеген сөзінен әрбір оқушыға деген қамқорлықтың, аналық, әкелік сезімнің дана ойдың ыстық лебі есіп тұрғандай. Сол себепті адамның жан дүниесін түсініп, ренжітпей, қателігін сездіре білген ұстаздарды үлгі етіп, еліктеп өстік. Мұғалім еңбегі біріншіден, адамзат қоғамы тарихында жинақталған ғылым негіздерінен білім беруге тиіс болса, екіншіден, үнемі шәкірттерімен қарым-қатынаста болып, білсем, үйренсем деген бала арманы мен оның сырлы тағдырына басшылық етуді мойнына алған маман. Бүгінде мен де осы қатардан табылғаныма өте қуаныштымын, — дейді ол өткенге көз жіберіп.
Балдай тәтті балалық қызықты оқиғалармен өріледі. Ол сонысымен де жүрегіңе жазылып, санаңа сақталады. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз өзінің жадында жатталған қызықты сәтімен бөліскен еді.
– Бала кезде еске алуға тұрарлық қызықты сәттер көп болды. Дегенмен менің есімде жоғары оқу орнын тәмамдап, мектепке мұғалім болып келгендегі жағдай есімде қатты қалыпты. Сол жылы қыстың аязды күндерінің бірінде таңертең жұмысқа шықтым. Ол кезде кішкентай ғана талдырмаш қыз болғандықтан автобусқа да қысыла мініп, жұмысқа асығып тұрғанмын. Автобус келесі аялдамадан тоқтап есігін ашқаны сол еді жол шетінде үйілген қардың үстіне топ етіп құлағаным бар. Сол сәт әлі есімнен кетпейді, — дейді Айжан Дүкенбайқызы.
Кейіпкеріміз балалық арманның жетегімен 1991 жылы Тараз қаласындағы Жамбыл педагогикалық институтына оқуға түсіп, 1996 жылы «Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің» мұғалімі мамандығы бойынша диплом алды. Бұдан кейін әр түрлі жылдары Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасында балалар құқығын қорғау бөлімінің басшысы, Меркі ауданы В.Савва атындағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мектеп-интернатының, Қ.Сарымолдаев атындағы №1 балалар үйінің директоры қызметтерін атқарды. Әрине, бұл жетістіктердің барлығы балалық шақта ұлағатты ұстаздары мен өнегелі ата-анасынан алған тәлім-тәрбиесінің арқасы екені даусыз.

 

Әңгімелескен Қ.Шахабай,
журналист.

Leave A Reply

Your email address will not be published.