ҰСТАЗДЫҚТЫ ТАҢДАҒАН ЕР АЗАМАТТАРДЫҢ САНЫ АРТУДА
Бүгінде елімізде педагогтердің әлеуметтік мәртебесін арттыруға барлық жағдай жасалуда. Еңбекақылары артып, жүктемелерін азайту жолында атқарылып жатқан жұмыстар – осы сөзіміздің дәлелі. Педагогика мамандығын таңдауға ниетті түлектерге де барлық мүмкіндік берілуде. Әсіресе, «Ұстаздар ұстаханасына» айналған М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Ұстаз» институты бұған елеулі үлес қосуда. Осы орайда аталған институттың директоры Орынқыз Жолдасовамен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Орынқыз Көпбосынқызы, бүгінгі күні мұғалім болып жұмысқа орналасу оңай емес. Ол үшін бірнеше мемлекеттік тесттен өтуі тиіс болашақ педагог. Сіздің ойыңызша, осындай сынақ мұғалімдердің деңгейін нақты көрсете ала ма?
– Расында, университет қабырғасын төрт жыл бойы педагогикалық бағыт бойынша оқыған студент мектепке жұмысқа орналасуы үшін Педагогтердің білімін бағалаудан өту міндеттелді. Бұл – жас маманды жұмысқа қабылдау ережелерінің бірі. Тесттен сүрінгендер «ұстаз» деген атқа бірден ие бола алмаса да оларды «педагог-тағылымдамашы» ретінде білім беру мекемелеріне жұмысқа қабылдайды. «Педагог-тағылымдамашы» біліктілік санаты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 24 сәуірдегі № 160 бұйрығына сәйкес педагог кәсібіне кіріспе бағдарламасы аяқталғанға дейін бір оқу жылына беріледі. Сонымен қатар биылғы оқу жылынан бастап елімізде алғаш рет Дулати университетінде педагогтердің білімін бағалаудан сүрінбей өткен студенттер жоғары оқу орнын бітірер кезде қорытынды аттестацияда тапсыратын екі кешенді мемлекеттік емтиханның біреуінен босатылды. Бұл студенттер үшін үлкен мүмкіндік. Яғни олар әрі тесттен өтсе, әрі бірінші кешенде мемлекеттік емтиханнан да өтеді.
Сондай-ақ биыл педагогикалық бағыт бойынша бітіретін студенттердің 70 пайыздан астамы педагогтердің білімін бағалаудан шекті баллды жинады. Қалған студенттер шетел азаматтары және отбасылық жағдайларға (бала бағу демалысына) байланысты тапсыра алмады. Демек педагогтердің білімін бағалау бүгінгі таңда жас мамандардың білім деңгейі мен біліктілігін көрсетеді және олар кедергісіз жұмысқа тұра алады. Айта кетейік, педагогтердің білімін бағалау бұған дейін Ұлттық біліктілік тестілеу деп аталған.
– Осы орайда өзіңіз басқаратын Тараз өңірлік университетінің «Ұстаз» институты мен білім беру мекемелері арасындағы меморандум шарттары қаншалықты нәтижелі болуда? Нақты мысалдар келтірсеңіз…
– «Ұстаз» институты ынтымақтастық, өзара әрекеттестік және креативтік қызмет негізінде педагогтар мен білім алушылардың үздіксіз оқытылуы үшін жағдайлар мен мүмкіндіктер жасап, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті мен облыстық білім басқармасы іскерлік байланысты нығайту мақсатында екіжақты меморандумға қол қойған. Бұл – білім берудің жоғары сатысы мен алғашқы баспалдағынан бастап, орта және арнаулы орта жүйесі бірлесіп, өзара ынтымақтастықта жұмыс жүргізетіндігінің дәлелі. Әсіресе, оқытудың барлық сатысына қажетті педагог кадр даярлауда аса қажет байланыс мектеп пен университет арасындағы қарым-қатынасты нығайта түседі. Сонымен қатар біз оқу-әдістемелік, ғылыми жұмыстарды жүйелі жүргізу үшін Алматы және Павлодар облыстарының білім басқармаларымен меморандум аясында жұмыс атқарудамыз.
– Соңғы 3 жылдағы «Педагог» мамандығын таңдаған жастардың үлесі қанша? Оның ішінде «Алтын белгі», «Үздік аттестат» иегерлерінің көрсеткіші қандай? Сондай-ақ ұстаздықты таңдаған ер азаматтардың үлесі қаншалықты?
– Соңғы 3 жылда «Алтын белгі», «Үздік аттестат» иегерлері педагогикалық мамандықты таңдауда үлес саны артуда. Нақты айтар болсам, қазіргі таңда «Алтын белгі» бойынша 96 студентіміз болса, «Үздік аттестат» иегерлері 200-ге жуық. Олармен сұхбаттасу барысында педагогикалық мамандықты таңдауға өз қалауларымен қатар қабілеттері де сай екенін байқадық. Қазіргі күні бұл студенттер ең үздік озаттар қатарында. Сондай-ақ ұстаздықты таңдаған ер азаматтардың үлесі де артуда, бұрындары «Алғашқы әскери дайындық» пен «Дене шынықтыру» мамандықтарына ғана ұлдар тапсыратын болса, қазіргі таңда «Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі», «Педагогика және психология», «Логопедия», «Математика», «Физика, химия және биология мұғалімдерін даярлау» мамандықтарында ұлдар саны өсуде.
– Кадр мәселесі жайлы не айтасыз? Әсіресе шалғай ауылдарда шет тілі, физика, математика пәндері бойынша ұстаздардың тапшылығы бар екені жасырын емес. Көп жағдайда диплом алмастан бұрын екі жыл ауылды жерде практика өтуі тиіс деген министрліктің нұсқаулығы неге сақталмайды? Жергілікті әкімдік қажет кадрды ауылға тартып, оларға барлық жағдайды жасап беруіне не кедергі, қалай ойлайсыз?
– Әрине, бұл шалғай ауылдардағы шағын жинақталған мектептерде кадр мәселесі баршылық. Жергілікті әкімдік қажет кадрды ауылға тартып, оларға барлық жағдайды жасау үшін қазіргі таңда «Дипломмен — ауылға» мемлекеттік бадарламасы жүзеге асуда. Осы бағдарламамен көптеген жас мамандар ауылды елді-мекендерде еңбек етуде. Бірақ бұл бағдарламада көрсетілген 3 жылды өткерген жас мамандар сол жерде тұрақтамай, аудан, облыс орталықтарына ауысып кетеді. Негізі менің ойымша, сол жергілікті жерден кадрды даярлаған дұрыс. Яғни сол ауылдың жастары өз ауылдарына қайта бару үшін оларға әлеуметтік жағдайлар жасалуы тиіс. Сонымен қатар бүгінгі таңда 30-40 оқушымен отырған шағын жинақталған мектептер де баршылық. Ал олардың санын азайту үшін, ауылдарды ірілендіріп, бір-біріне қосып, үлкен селолар жасаса, сол жерлерден заманауи мектептер салса, түрлі жұмыс көздерін ашса, көптеген адамдар қалаға ағылмас еді деп ойлаймын. Халық көп болған жерде бәсекеге қабілеттілік болады. Ал бұл өз кезегінде дамуға жетелейді.
– Бүгінде институтты тәмамдаған түлектердің өз мамандығы бойынша жұмыспен қамтылуы қай деңгейде?
– Бүгінгі күні педагогтерге сұраныс көбеюде. Әсіресе, мемлекеттік білім беру мекемелерімен қатар жекеменшік білім беру орындары да жастарды жұмысқа көптеп шақыруда. Айталық, былтыр түлектердің 80 пайызы жұмыспен қамтылды, қалған студенттер магистратураға және екінші мамандық алуға құжаттарын тап-
сырды.
– Студенттердің өндірістік іс-тәжірибеден өтуіне қандай мүмкіндіктер беріліп, жағдай жасалуда?
– Дулати университеті оқу жылының басында Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасымен екі жақты келісім-шартқа отырған болатын. Осы меморандум негізінде студенттер білім беру мекемлерінде педагогикалық тәжірибеден өтеді. Педагогикалық (өндірістік) тәжірибенің маңызы – студенттің теориялық білімін шыңдап, тәжірибе барысында бекіту. Оның артықшылығы студент мектепке барған күннен бастап өзін жас маман ретінде ұсынып, ұжымда жұмыс істеуге дағдыланады, өздігінен шешім қабылдау, әрекет ету қасиеті дамиды, болашақ педагогтік қабілетін осы іс-тәжірибе барысында сынайды. Сөйтіп тәжірибе барысында өзін жан-жақты көрсету арқылы жұмысқа орналасуға мүмкіндік туады. Көптеген студенттеріміз практика барысында өзін жан-жақты көрсетіп, жұмысқа шақыртулар алуда. Сонымен қатар педагогикалық практика барысында «Үздік ашық сабақ, «Үздік тәрбие сағаты» және тағы басқа байқауларға да қатысып өздерін жүлделі орындарынан көрсете білді. Студенттерге практика барысында кафедра мен мектепте бекітілген әдіскер мұғалімдерден әдістемелік көмек пен қолдаулар үздіксіз беріледі. Практикадан үздік өткен студенттерге Алғыс хаттар да табысталады. Мұның барлығы олардың осы мамандыққа деген ынтасын арттырады.
– Бүгінде «Ұстаз» институтының материалдық-техникалық базасы қай деңгейде? Білім ордасы заманауи технологиялармен қаншалықты жабдықталған?
– Біздің институт білім беру бағдарламаларын дайындау үшін барлық оқу процесіне қажетті оқу-материалдарымен қамтамасыз етілген. Оқу ордасының ғимараттары санитарлық нормалар мен өртке қарсы қауіпсіздік құралдарымен жабдықталған. Оқу аудиториялары, лабораториялық базалар, оқу кабинеттері, жатақхана және басқа да орындар, спорттық кешендер бекітілген нормалар мен талапқа сай. Институтта 6 оқу ғимараты, 1 жатақхана, 1 агробиостанция, 14 оқу лабораториялары, және басқа да көптеген арнайы аудиториялар бар. Сонымен қатар білім беру бағдарламаларының материалдық-техникалық базасын жаңарту және жетілдіру мақсатында жоспарлы жұмыстар атқарылуда.
Бұған қоса институтта 21 компьютерлік класс, 2 лингафон кабинеті және 2 электронды оқу залы бар. Сондай-ақ 47 заманауи интерактивті проектор және 7 мобильді LED жүйемен жабдықталған.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Қ.АМАНКЕЛДІҰЛЫ,
журналист.