ЖАМБЫЛДЫҚ ЖАСӨСПІРІМДЕРДІҢ ЖАРҚЫН ЖЕТІСТІГІ
Жуырда Астана қаласындағы Назарбаев университетінің базасында әлемнің 21 мемлекетінен келген оқушылардың қатысуымен химия пәнінен 57-ші Халықаралық Менделеев олимпиадасы өтті.
Елімізде осымен 4-ші рет ұйымдастырылған білім бәйгесіне Қазақстан құрама командасының мүшесі ретінде республикалық, халықаралық олимпиадалар жеңімпазы, дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» лицей-интернатының оқушысы Диас ҚОРШЫБЕК қатысты.
Халықаралық олимпиада қорытындысы бойынша әлемнің дарынды оқушыларының ішінен үздік нәтиже көрсеткен Диас қола медальға қол жеткізді.
Диас бұған дейін Қазақстан Білім олимпиадасы, Қ.Сәтбаев атындағы республикалық олимпиадасы, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың 2 жыл қатарынан алтын медаль, жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша республикалық жасөспірімдер олимпиадасында алтын медалді еншілеген болатын. Сондай ақ, үстіміздегі жылдың мамыр айының 7-14 аралығында Түркияның Анталия қаласында өткен 40-шы Балқан математикалық олимпиадасында Жамбыл облыстық дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» лицейінің оқушысы Марғұлан Шарелмен бірге Қазақстаннан барған 6 оқу-шы да жеңімпаз атанып, медальға ие болды. Марғұланның да жетістігі бір төбе. Жас дарын 2021-2022 оқу жылында математикадан Халықаралық Балқан олимпиадасының, Леонард Эйлер атындағы математикадан Халықаралық олимпиадасының, геометриядан IX Халықаралық Иран олимпиадасының, Қазақстан Білім олимпиадасының алтынын олжалаған болатын.
Жерлестеріміздің жеңісі құтты болсын!
Өз тілшіміз.