БИЫЛ ҚАНША ТҮЛЕК МЕКТЕП БІТІРЕДІ?
Санаулы күндерден соң 2022-2023 оқу жылы өз мәресіне жетеді. Бұл саланың өткеніне көз жіберіп, сараптама жасайтын сәт. Биыл облыс мектептерінің 11-сыныбын 11 мыңнан астам түлек бітіргелі отыр. Оның 304-і «Алтын белгіге» үміткер.
Ал ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 18 мыңнан астам мектепке дейінгі, орта білім беру, техникалық және кәсіптік білім мекемелері биылғы оқу жылын аяқтауға әзірлік үстінде.
Осы жылы 288 мыңнан астам түлек 9-сыныптарды аяқтайды. 11-сыныптарды барлық меншік түріндегі мектептер бойынша 172 мыңнан астам түлек бітіреді. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрі Шолпан Каринова мәлімдеді.
Оның айтуынша, ведомство бұйрығына сәйкес мектептерде оқу мерзімі 2023 жылдың 31 мамырында аяқталады. Яғни, 31 мамыр- оқу жылының соңғы оқу күні. Бұл күні барлық мектептер бекітілген кестеге сәйкес сабақтарын жүргізеді. Сабақ соңында әрбір сынып жетекшісі сынып сағатын өткізеді. Сынып сағаттарының сценарийлерін мұғалімдер әр сыныптың жас ерекшеліктерін ескере отырып, дербес әзірлейді. Сондай-ақ мектептер салтанатты шара өткізу, немесе оқу жылын сынып сағаттарымен аяқтау жөнінде шешімді дербес ата-аналар комитеті, қамқоршылық кеңеспен ақылдаса отырып қабылдайды. Ал 9-сынып бітірушілері үшін қорытынды мектеп бітіру емтихандары 2-13 маусым аралығында, 11-сынып бітірушілері үшін мемлекеттік емтихандар 5-19 маусым аралығында өтеді.
Жалпы орта білім беру туралы аттестатты 11-сынып түлектеріне тапсыру салтанатын өз мектептерінің қабырғасында 20-22 маусымда өткізу ұсынылған. Осы тұста айрықша атап өтерлігі, педагогикалық этиканы сақтау және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында ата-аналардан іс-шараны өткізуге, аниматорларды, мерекелік кеш ұйымдастыратын агенттіктерді, жеке студияларды шақыруға, мектеп әкімшілігіне, ұстаздарға сыйлыққа ақша жинауға тыйым салынады.
Техникалық және кәсіби білім беру ұйымдары бойынша қорытынды аттестаттау 28 маусымға дейін жалғасады. Колледждерді биыл 144 мыңнан астам түлек аяқтайды. Дипломдарды тапсыру салтанатын 28 маусым мен 1 шілде аралығында өткізу ұсынылған.
«БШ» – ақпарат