ПЕДАГОГТІҢ ҮЗДІКСІЗ ДАМУ ШЕБЕРХАНАСЫ АШЫЛДЫ
Жуырда ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының «Үздіктен үйрен» жобасы аясында үздік педагогтердің іс-тәжірибесі мен тәлімгерлік мектебімен таныстыру жұмыстары жүргізілуде. Аталған жоба шеңберінде Жамбыл ауданы Б.Бесбаев атындағы мектеп-гимназиясының орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы», «Үздік педагог – 2019» атақтарының иегері Айгүл Қалмаханованың (суретте) «Үздіксіз даму шеберханасы» ашылды.
Шара барысында тәжірибелі ұстаздың кәсіби даму жолы, пәнді оқытудың өзекті мәселелерін шешу мен білім сапасын арттыруға бағытталған шығармашылық жұмыстары таныстырылып, кәсіби қауымдастыққа таратылды. Ауқымды шараға Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының «Әдістемелік қызметті үйлестіру және педагогті кәсіби даму орталығы» директоры Еркебұлан Жұмашев арнайы қатысып, «Педагогтің кәсіби құзыреттілігін арттыру – заман талабы» тақырыбында таныстырылым жасады. Сондай-ақ «Ішкі уәж: оқушы үлгерімін жақсарту факторы» тақырыбындағы коучинг арқылы үздік педагогтің іс-тәжірибесі жаңа форматта сандық технологияны ұтымды қолдану арқылы жан-жақты насихатталып, қатысушыларға әдістемелік ақпарат пен тың идеялар берілді.
Бұл даму шеберханасын ұстаздың әріптестері де жоғары бағалайды. Солардың бірі – Меркі ауданы И.Трубицын атындағы №17 жалпы білім беретін мектеп-гимназиясының орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нағима Қаймалақова:
– Даму шеберханасының ашылу салтанатында Айгүл Базарбайқызының авторлық бағдарламалары, оқу-әдістемелік кешендері, инклюзивтік оқыту бойынша жобасы, тренерлік жұмысы, республикалық деңгейде көрсеткен онлайн-сабақтары QR-кодтар арқылы рәсімделіп, LED-экранда жіті таныстырылды. Ұстаз шәкірттері өз өнерлерін, ғылыми жобаларын, сыни пікірлерін, өз көзқарастарын ортаға салып, барлық қатысушыларды тәнті етті. Қатысушыларға арналған «Ішкі уәж: оқушы үлгерімінің жақсарту факторы» тақырыбындағы коучингі оқушы үлгерімінің, білім сапасының жақсарту мен ұстаздардың құзыреттіліктерін дамыту жолдарын ұсынды. Өз ісінің майталманы Айгүл Базарбайқызы қазіргі заман талабына сай электрондық оқулық, цифрлық ресурстар, веб-сайтты қолданудағы жаңа ақпаратты технологиялар арқылы білім берудің жаңашылдығымен іс-тәжірибесімен бөлісті. Оның бойында білімділік, шығармашылық, креативтілік, еңбекқорлық, ізденімпаздылық, көшбасшылық қабілеттері жоғары деңгейде екендігінің куәсі болдық. Аталған іс-шара кәсіби шеберлікті дамытатын және жаңартатын мол мұмкіндіктерге жол ашып, педагогтер қауымына жаңа серпін сыйлағаны сөзсіз. «Шәкіртке күн болып көрініп, нұр болып төгілуді» мақсат еткен Айгүл Базарбайқызына жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу жолындағы еңбегіне табыс, шығармашылық жетістіктер, білім мен ғылымды игеруде ілгері ізденісте болуына тілектеспіз, — дейді Нағима Үйсінбайқызы.
Мұндай даму шеберханалары педагогтердің тәжірибе жағынан толысуына да мол мүмкіндік бермек.
Ш.Жамбыл,
журналист.
Жамбыл ауданы.