БАСҚАРМА БАСШЫСЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОЛИМПИАДАНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫМЕН ЖҮЗДЕСТІ
«Жамбыл дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен облыстық білім басқармасының басшысы Мейірхан Азатұлы мен жаратылыстану-математикалық бағытындағы пәндер бойынша өткен республикалық олимпиаданың жеңімпаздарының кездесуі өткізілді.
Аталған республикалық олимпиада ағымдағы жылдың 20-25 наурыз аралығында Шымкент қаласында өткізілген болатын. Республикалық олимпиадада облысымыздың 17 оқушысы жүлделі орындарды иеленген болатын.
Кездесу барысында оқушылардың олимпиадаға дайындық барысы, олимпиада қатысушыларына арналған семинарлар мен оқу-жаттығуларының маңызы, оқушыларды олимпиадаға дайындау барысындағы мұғалімдердің біліктілігі сынды өзекті мәселелер талқыланып, оқушылардың пікірлері тыңдалды. Сонымен қатар, оқушылардың жетекшілері де өз пікірлерін ортаға салды.
Жиын соңында Мейірхан Азатұлы кездесу барысында айтылған ұсыныстар мен ой-пікірлердің назарға алынып, жүйелі жұмыс жүргізілетіндігін жеткізді. Сондай-ақ, оқушылар мен ұстаздары білім басқармасының Алғыс хатымен марапатталды.