Ещё один сайт на WordPress

ӨНЕРДЕГІ ИГІ ЖАҚСЫНЫҢ БӘРІН ҰСТАЗЫМ ДЕП БІЛЕМІН

0

Жуырда Тараз қаласында «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты республикалық ақындар айтысы өткен болатын. Аталған сөз барымтасында жамбылдық ақын, Жамбыл ауданы Айшабибі орта мектебінің 10-сынып оқушысы Алина Айдаралы топ жарды. Осы орайда балқар қызы болса да ұлттық өнерді ұлықтап жүрген жас ақынмен сұхбаттасқан едік.

– Айтысқа келуіңізге кім ықпал етті?
– Ұлттық өнерге қадам басуыма мектептегі алғашқы ұстазым Құралай Раймбекованың ықпалы зор болды. Менің домбыра тартатынымды естіген ол «Айтысқа шығасың ба?» деген ұсыныс тастады. Алғашында жүрексінгеніммен кейін «тәуекел етіп, тас жұтып» айтыстың ауылына атбасын бұрдым.
– Өнердегі ұстазыңыз кім?
– Жалпы мен өнердегі игі жақсының барлығын ұстазым деп білемін. Бұл менің өмірлік қағидаларымның бірі. Себебі, жақсы адамдардан тек жақсы дүние үйренесің. Қазіргі таңда белгілі ақын, журналист Есет Досалы ұстаздық етіп жүр.
– Айтыста кімдерді үлгі тұтасыз?
– Әрине, сөз барымтасында шашасына шаң жұқтырмай жүрген қара нарлар жетерлік. Әр ақынның өзіне тән ерекшелігі де бар. Өз басым бұрынғы айтыстарды көргенді ұнатамын. Бүгінгі Мақсат Аханов, Жандарбек Бұлғақов, Ринат Зайытов, Рүстем Қайыртайұлы, Бекарыс Шойбеков сынды ақындар да ешкімнен кем түспейді. Кейінгі буыннан олардан үйренері өте көп. Барлық ақынның айтыстарын көріп, әдіс-тәсілдерін меңгеруге тырысамын. Барлығы да өз деңгейінен түспеген сөз шеберлері.
– Бүгінге дейінгі айтыстарыңыздың ең тартысты да, қызықтысы қайсысы?
– Айтыста айтылған әрбір шумақ кез келген ақын үшін бағалы. Әрине, көңіліңнен шықпайтын айтыстар да болып тұрады. Бірақ мен үшін шоқтығы биік сөз додасы «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты республикалық ақындар айтысындағы Рүстем Қайыртайұлымен болған айтысым деп ойлаймын. Рүстем аға осы айтыста менің бағымды жағып, мерейімді өсірді.
– Елімізде қазіргі таңда дәл осы төл өнерге не жетпейді деп ойлайсыз?
– Қазір айтыс өзінің көрермені қалыптасқан, жалпыхалықтық өнерге айналды. Билік тарапынан да үнемі қолдау көрсетіліп келеді. Жекелеген демеушілер де еліміздің түкпір-түкпірінде айтулы айтыстарды ұйымдастыруда. Бір ғана Жамбыл облысының өзінде биыл дәстүрлі 10-ға жуық айтыс өткізілді. Сондықтан бұл өнерге «бірдеңе жетіспейді» деп айту орынсыз. Өзім де оны әлі ой таразысына салып бағамдайтын деңгейге жеткен жоқпын деп ойлаймын.
– Алдағы жоспарларыңыз қандай?
– Қазіргі бар ойым шығармашылығымды дамытып, соған күш салу. Жалпы шығармашылық адам үнемі ізденісте жүру керек. Сондықтан менің де алдағы бар жоспарым осыған байланысты.
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Қ.Аманкелдұлы,
журналист.
Жамбыл ауданы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.