САРСАҢҒА САЛҒАН ҒАЛАМТОР
Білім мекемелерінде интернет неге баяу?
Ұлттық статистика бюросы жүргізген зерттеудің қорытындысына сай былтыр елді мекендердің мобильді интернетпен қамтылуы 90,6 пайызға дейін өскен. Ғаламторға қол жеткізу көрсеткіші бойынша аймақтар арасында Павлодар, Қарағанды, Жамбыл және Түркістан облыстары алда екен. Мұндай нәтижеге ие болуға «250+» бағдарламасы сеп болған. Мәселен, облыстық білім басқармасының мәліметінше, аймақтағы 445 мектептің барлығы толығымен 4 мегабит/сек-тен жоғары жылдамдықтағы интернет желісіне қосылып, ішкі сымсыз Wi-Fi желісімен жарақтандырылған.
Оқу үдерісінде пайдаланатын компьютерлер саны – 55953. 2020 жылы қашықтықтан оқытуға дайындық жұмыстарының іс-шаралары шеңберінде жергілікті бюджет есебінен 4832, республикалық бюджет есебінен 26483 дана компьютерлік техника алынған. Оның 3571-і планшет, 2756 компьютер, 20156 ноутбук екен. Сондай-ақ 2020 жылы қашықтықтан оқыту барысында оқушыларды интернетпен қамтамасыз ету мақсатында 20234 дана роутер алынған. Бұдан бөлек 10740 оқу кабинетінің барлығы компьютермен қамтамасыз етілген.
Білім мекемелеріндегі интернеттің баяулығын Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин де ашық мойындаған болатын. Бұған министрдің «Баяу интернет жылдамдығы 7600 мектептің 4908-інде байқалады. Жылдамдықты арттыруға 2750 мектептің техникалық мүмкіндігі бар. Біз жергілікті атқарушы органдармен мәселелерді пысықтап жатырмыз. Дегенмен, мектептерге интернет үшін бюджет бөлінгенде, стандарт бойынша 20 Мбит/с кетеді, ал директор үнемдеп, 8 Мбит/с үшін төлейді. Екінші мәселе – мектеп ішіндегі сымдар, яғни оператор модемді тек бір компьютерге ғана әкеледі. Ал ол негізінен есепшінің немесе директордың кабинетінде болады. Соның салдарынан бүкіл мектепте ғаламтор болмайды», — деген сөзі дәлел.
Шалғайда орналасқан Мойынқұм ауданының тұрғындары да бірнеше жылдан бері шабан интернеттің машақатын тартып келеді. Әсіресе, М.Әуезов атындағы орта мектептің мұғалімдеріне ақпараттық-коммуникациялық технологияның игілігін көру мұңға айналған. Өйткені ауыл мектептері толықтай интерактивті құралмен жабдықталмаған. Электронды оқыту жүйесі де мықтап қолға алынбаған. Жаңа технологиямен жұмыс істей алатын оқушы ақпаратты жылдам қабылдауға, жаңаны тануға бейім келеді. Екіншіден, ауыл мектебіндегі интернет сапасы көңіл көншітпейді. Аталған мәселені ұстаздар біраздан бері күн тәртібіне енгізуді сұрап жүр.
– Ауылдағы интернеттің жылдамдығы мұғалімді әуреге салады. Салдарынан kundelik.kz, BilimLand сияқты электронды платформаны жөнді пайдалана алмаймыз. Баланың таным деңгейін кеңейту үшін алдымен ұстаз дамуы қажет. Жылдамдығы секундына 1,5-2,9 мбит/с интернетпен бұл мүмкін болмай тұр. Көп жұмысымыз осы ғаламторға тәуелді. Ұялы байланыс сапасы әр жерде әрқалай. Интернет те дәл солай. Елді мекеннің тең жартысы ғаламторды пайдалана алмай отыр. Пандемия кезінде мұның зардабын әбден тарттық. Соның салдарынан оқушыларымыздың үйін аралап, тапсырма беруге мәжбүр болдық. Дәстүрлі оффлайн жүйеге көшкеннен кейін де жағдайдың оңып кеткен шамалы. 1-2 жыл бұрын интернет мұнарасын орнатқан. Бірақ одан интернеттің жылдамдығы артып кете қойған жоқ, — дейді мектеп мұғалімі Айымгүл Өрісбаева.
Шалғай елдімекендер тұрмақ облыс орталығының іргесінде орналасқан алқаптарда да жағдай мәз емес екен.
– Қаланың дәл маңында болсақ та мектебімізде ғаламтордың жылдамдығы өте баяу. Интернеті жақсы дегеннің өзінде байланысқа шығу мұң болып тұр. Жылдамдық төмен. 4G-дің өзі дұрыс істемейді. Ал ол оқу процесіне кері әсерін тигізеді. Электронды журналды толтыру үшін кейде түнде, сенбі, жексенбі күндері де жұмыс істеуге тура келетін сәттер де аз емес. Себебі интернет мүлде бәсең. Мектепте интернет директордың қабылдау бөлмесі мен екі кабинетте ғана жақсы тартады. Ал бұл кімге жетеді? Бізге кейде «ата-аналар мен оқушылар үшін де кіріп, толтыра салыңдар» деген талап қойылады. Өзіміз интернетке әзер кіріп жүрсек, олар үшін қайтіп толтырамыз?. Қашықтықтан оқу қиын болды. Тіпті, жәй ғана құжаттарымызды да жібере алмадық. Тұратын жеріміз қаладан аса алыс емес, бірақ бұл жерде интернет жоқ деп айтудың өзі өте ұят, — дейді «Шөлдала» алқабының тұрғыны, мұғалім Ақкүміс Сәрсенбаева.
Осы мәселемен жүйелі түрде айналысып келе жатқан Ернар Балғабаев бұл кемшілікке ұялы байланыс операторларының да кінәсі бар дейді.
– Жалпы елімізде интернет сапасы еш сын көтермейді. Операторлардың байланыс орталықтарына қоңырау шалудан да халық шаршады. Өйткені, хабарласса боттар жауап қатады. Тірі маманына шықса, бәрінің жауабы бір: «Бүгін біздің желіге үлкен салмақ түсуде, салдарынан интернет жылдамдығы төмендеді», — дейді. Тіпті Google парақшасын да жүктей алмайтын интернетке елдің күні қарап қалды. Нашар қызметін тарифті түсіріп те өтемейді. Біз кейде WhatsАpp мессенджерімен хабарлама жібере алмай қиналамыз. Сорақысы сол, оператор жыл сайын базалық стансалардағы жөндеу жұмыстарына сілтеумен келеді. Ең болмаса интернет нашар болғаны үшін бағаны арзандатып берсе ғой дейсің. Ол да жоқ. Ал білім беру мекемелерінің басшылары интернет ақысын өз қалтасынан төлемегендіктен бұған басын қатырғысы келмейді. Соның салдарын қашықтықтан оқыту кезінде көрдік. Карантин кесірінен оқушы мен мұғалім арасындағы байланыс үзілді. Бұл – бір. Екіншіден, тапсырма беру, оны уақытында орындау проблемаға айналды. Бізде кері байланыс жоқ. Кейде мұғалімдер түннің бір уағына дейін күтіп, ұйықтамай отыратын болды. Ертесінде тағы солай. Оны оқушылардан талап етейін десе, «интернет жоқ», «ата-анам жұмыстан кеш келді» немесе «бірнеше бала бір телефонмен оқимыз» дегенді айтады. Сылтау дейін десең, ақиқаты сол. Ол аз десеңіз, ZOOM платформасымен сабақ өткізгенде оған балалар түгілі, үлкендердің өзі кіре алмай, әуре болды. Осы қашықтықтан оқыту басталған тұста бұрынғы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов елде 24 мыңнан астам мұғалімде – компьютер, 185 мыңнан астам оқушыда – құрылғы жоқ екенін және 482 мыңнан астам оқушы интернетке қосылмағанын ашық айтқан еді. Алайда, мұның өзі мәселені шеше алған жоқ. Тіпті, мектептердегі цифрлық технологияларға бөлінген қаржыны талан-тараж қылған саладағы атқамінерлердің де құрықталғанын білеміз. Мемлекет тарапынан бұған аз қаржы бөлініп жатқан жоқ. Бірақ нәтиже сол баяғы. Сол үшін бұл мәселені реттеудің ең тиімді жолы – бөлінген қаржының желге ұшпауын, байланыс операторларының қызметін бақылау, — дейді қоғам белсендісі.
Интернет жылдамдығының төмендігі халықтың әлеуметтік жағдайына, өз міндеттерін ойдағыдай атқаруына, жұмыстарын құлшына істеуіне, балаларының тиісті деңгейде білім алуына кері әсерін тигізіп жатқаны анық. Туризм, басқа да салалардың дамуына тұсау болып тұрғаны да өз алдына бөлек әңгіме. Ыбырайша айтсақ, айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызатын ғаламтордың желдей жүйткитін кезі әлі де алыс секілді.
Ш.Жамбыл,
журналист.